Сейсенбі, 07 Тамыз 2018 09:12

Түркістан облысында 6 айда 202 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

Түркістан облысында биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы - 202 мың шаршы метрді құрапты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артық көрсеткіш. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков айтып берді.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің үлесі - 14,6 пайызды құрап, елімізде 2-орынды иемденіп отыр. Сондай-ақ, республикадағы өнеркәсіп өнімінің көлеміндегі үлесі бойынша облыс 14-ші орынға тұрақтап, көрсеткіш 1,6 пайызды құраған. «Түркістан облысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6 ай қорытындысымен 147 млрд 148 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға артты. Оның ішінде мал шаруашылығы -- 128 млрд 275 млн теңге болып 4,7 пайызға өскен», - деді Айдар Ахметбекұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2018 жылдың 1 шілдесінде 126 975 бірлікті құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңі деңгейінен 2,7 пайызға жоғарылаған. Еліміз бойынша жұмыс істейтін субьектілердің 10,6 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларының есебі бойынша, шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілерінің өнім шығарылымы - 52 млрд 888 млн теңгеге жеткен.  

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 3435 рет