Сейсенбі, 14 Тамыз 2018 19:07

«Біздің жұмысымызды бағалаңыз» акциясы аясында Шымкент әкімдігіне 10 мыңға жуық шағым түскен

Таяуда Шымкентте «Біздің жұмысымызды бағалаңыз» акциясы ұйымдастырылғаны белгілі. Акцияның мақсаты әрбір сала жұмысындағы ең өзекті мәселелерді анықтау болатын. Сауалнаманың қорытындысы бойынша, жол картасы, яғни, азаматтардың өтініштері бойынша түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған әкімдік әрекетінің жоспары дайындалмақ.

Сауалнама нәтижесі бойынша, шағымның басым көпшілігі қоғамдық көліктің жұмысы мен автожолдардың сапасына қатысты болған. Оған қатысты 2074 азамат пікір білдіріпті. Азаматтар жолаушылар көлігінің жетіспеушілігін, қызмет көрсету сапасының төмендігін айтып шағымданған. Тағы бір өзекті мәселе ретінде, жол қалташалары мен павильондардың аздығы сынға алынған. Тұрғындар сонымен қатар, назардан тыс қалып қойған кейбір қала көшелеріне қиыршық тас немесе асфальт төсеуді сұрады.

Сауалнама қорытындысында, екінші орын - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болды. Аталмыш сала бойынша 1995 шағым түсіпті. Қала тұрғындарының негізгі сауалдары коммуналдық жәрдемақылардың жоқтығына, сондай-ақ, аула аумақтарын абаттандыруға және қоқыстарды жоюға қатысты болды. үшінші орында - жергілікті полиция қызметі. Бұл сала бойынша 1328 шағым тіркелген. Азаматтар полиция қызметкерлері өздерінің тікелей міндеттерін орындамайтынын және қызмет сапасының нашар екенін атап өткен. Қала тұрғындарын жер қатынастары саласының мәселелері де алаңдатады. Бұл салада 180 азамат жер телімдерін бөлу және оларды одан әрі заңдастыруға байланысты, сондай-ақ мемлекет мұқтаждығына алынған жер телімдеріне берілетін өтемақы сомасының тым төмендігін өткір сынға алған. Мектептер мен балабақша ғимараттарының құрылысы да өзекті мәселелер қатарында. Бұл сала бойынша 218 шағым қабылданған.

Қаланың емханалары мен ауруханаларында көрсетілетін қызмет сапасы да осы көрсеткішке жетеқабыл.  Айта кетейік, сауалнама барысында барлығы 10 мыңға жуық шағым қабылданған. Сауалнама оффлайн режимде де, онлайн жүйесінде де жүргізілді. Акцияның мерзімі 4 тамызға дейін, яғни, шектеулі болса да, азаматтардың сауалдары мен шағымдарын қабылдау мұнан әрі де әкімдіктің әлеуметтік желілерінде жалғасын табады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1003 рет