Сенбі, 18 Тамыз 2018 21:54

Жаңа оқу жылы мен жылыту маусымына дайындық – басты назарда

Түркістан облысы әкімдігінің селекторлық мәжілісінде мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, өңірдің жылыту маусымына әзірлігі және Түркістан қаласын дамыту мәселесі сөз болды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тиісті сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жаңа оқу жылына дайындық мәселесін назарда ұстау керектігін айтты. Бұл туралы «AQ-QARA.KZ» хабарлайды «ontustik.gov.kz-ке» сілтеме жасап. 

Қыркүйек айында пайдалануға берілетін мектептердің жаңа оқу жылына дайындау, құрылысы жүріп жатқан білім ұяларының сапалы әрі уақтылы тапсырылуын жіті қадағалауды жүктеді.Сонымен қатар, жиында жылыту маусымына дайындық шаралары да сөз болды. Өңір басшысы күз және қыс мезгілдерінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ешбірінде жылу мәселесі болмау керектігін шегелеп айтты.

— Облыстағы жылу электр станцияларының дайындығын пысықтап, жылу жылу қазандықтары мен жүйелерін алдын ала тексеруден өткізген жөн, - деді Ж.Түймебаев.

Селектор отырысында Түркістан облысы мен оның орталығы — Түркістан қаласын дамыту жолдары да талқыланды. Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыруға Елбасының өзі бастамашы болып, қолдап отыр. Алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» секілді алпауыт акционерлік қоғамдар мен компаниялар да Түркістанның дамуына тікелей атсалыспақ. Облыс әкімі Түркістанды түлету бағытында әрбір аудан мен қала әкімдіктері де үлес қосулары керектігін айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 882 рет