Қай кезде де болмасын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау адамдықтың басты қасиеті екендігі белгілі. Аталмыш шараның аудан тазалығын сақтауда ғана емес, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда да алар үлесі зор. Тазалық әркімнің өз ауласынан басталатынын ескерте отырып, аудан тұрғындарын аталған тазалық шарасына өз үлестерін қосуға шақырамыз. Себебі, Отан – баршамыздың ортақ мекеніміз! Сенбілікті ұйымдастырушылар бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтты.
Айта кетейік, аталмыш сенбілік еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп отыр. Елордада өткен осынау акцияға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Осындай көгалдандыру жұмыстарының берері мол. «World clean up day» сияқты акциялардың бүкіл әлем үшін маңызы зор. Қазіргі таңда экологиялық мәселе бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жер бетінде көптеген табиғи орындар, ормандар мен өзен-көлдер адамдардың салғырттығынан зардап шегуде. Бұл дабыл қағарлық жайт екенін атқым келеді. Біздің елімізде де осы салада мәселе аз емес. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, осындай игі бастамаларға белсенді түрде атсалысуымыз керек», – деген болатын.
Жыл сайын 19 қыркүйек күні бүкіл әлемде "World cleanup Day" акциясы өтеді. Миллиондаған адам қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шығады. Былтыр акция 169 елдің азаматтарын біріктірді. Биыл аталған акция Қазақстанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Президентіміз биылғы Жолдауында экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған басымдық екенін атап көрсеткен болатын. Соған сәйкес мемлекеттік органдарға, Парламентке, қоғамдық институттарға нақты міндеттер жүктелді. Соның аясында жыл соңына дейін елімізде Экологиялық кодекс қабылданады. Бұл құжат экологияға қатысты басқа да заңдар сияқты алдымен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланып, пысықталады. Осы аптада Сенат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң қабылдады. Бұл құжат пайдаланылмай бос жатқан жерлерді Іле-Алатауы табиғи паркі мен Бурабай ұлттық паркінің құрамына қайтаруға мүмкіндік береді. Жалпы алдағы бес жылда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі орман алқаптарында 2 миллиард, елдімекендерде 15 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»