Сәрсенбі, 19 Қазан 2022 12:40

Сауран: аудан әкімі жүйнектіктермен кездесіп, қордаланған мәселелерімен танысты

Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков 2022 жылдың 9 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Жүйнек ауылдық округіне барған аудан әкімі Ғани Құрмашұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Сонымен қатар, бұған дейін 3-ші тоқсанда өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер бойынша атқарылған және атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Жүйнек ауылдық округінде бүгінгі күннің басты проблемасы болып отырған шаруалардың ағын су мәселесі болып отыр. Бұл ағын су бойынша шаруалармен кездесуге арнайы келген «Тұран су» мекемесінің өкілі Қ.Үсенбаев ағын судың қай уақытта берілетін кезіңін айтып, сол уақытта алқаптарын суарып алуға шақырды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, ағын су, Шекербұлақ елді мекеніндегі су мұнарасын ауыстыру, спорт алаңын салу, жол, жер мәселесі, жайылымдық жерлерді қайтару, елді мекендерді жарықтандыру, мектептерге камера қою, интернет желісінің нашарлығын алға тартты. Ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған аудан әкімі Ғ.Құрмашұлы барлық сұрақтарға нақты толымды жауап берді.

Биыл жыл басында түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесіп тұруын міндеттейтін президент жарлығы шыққаны баршаға мәлім. Жыл басында Ашық Үкімет порталында «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу туралы» құжатының жобасы жарияланды. Құжатта Президент Жарлығы бойынша әкімдер кездесулерге қалай дайындалып, оларды қалай жариялап отыру керектігі, халықпен жергілікті басшылар қанша уақыт аралығында кездесіп тұруы керектігі, есеп беру жиындарында неше уақыт сөйлеп, не мәселелерді талқыға салу керектігі айтылған. Ашық Үкімет порталында жарияланған жоба 16 ақпанға дейін қоғамдық жария талқыға шығарылған болатын. Естеріңізде болса, мұндай құжат бұған дейін де болған. Атқарушы билік өкілдері бұған дейін сол нұсқаулықтар негізінде жұмыс істеп келді. Алайда, қаңтардағы жағдай бұндай шоу сипатындағы есеп берулердің заманы өткенін, әкімдердің тек сандарға ғана сүйе­нетін сала құлаш баяндамаларын оқып кететін кезеңдерінің келмеске кеткенін көрсетті. Қаңтар оқиғасынан кейінгі айда жарияланған құжатта қандай мәселелер айтылады, оның бұрынғы нұсқаулықтардан айырмасы қандай? ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен тұрақты кездесуін ұйымдастыру және өткізу туралы» құжат барлық деңгейлі әкімдер жұмысын жыл бойы халықпен тұрақты көшпелі кездесу өткізу керектігінен басталады.
Қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалардан хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін арттыруды мақсат ететін құжатта «Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттарын және нақты мерзімдерін көрсете отырып, өзекті проблемаларды шешудің жолдарын түсіндіру» міндеті жайлы айтады. Және бұл міндетті онлайн платформалар арқылы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ, әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында және әкімдердің жеке аккаунттарында» әкімдер мен әкімдік қызметкерлері атқаруы керектігі нақтыланған.

Бұл құжаттың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп атқарылуы тиіс іс шаралар мерзімінің белгіленіп, регламенттелуін және нақты нәтижеге жұмыс істеу тапсырылғанын айтуға болады. Талап көпке ортақ. Жергілікті басқару органдары ісінің нәтижелі болуы қоғамдық сенімге ие болудың төте жолы. Бұл ретте жобадағы мынадай талаптардың орындалуы маңызды:

«Тоқсан сайын есепті кезеңнен ке­­йінгі айдың 25-і күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты (проблемалық мәселе, орындалу барысы) ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:
1) жыл сайын 15 қаңтарға дейінгі мерзімде өңірдегі әлеуметтік жағдайды ескере отырып мыналарды көздейтін әкімдердің шығулары мен халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін әзірлесін және оны мәслихатпен келісу бойынша бекітсін:
– жарты жылда бір рет облыс әкімдерінің әр ауданға және облыстық маңызы бар қалада кемінде бір көшпелі кездесу;

– тоқсан сайын республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің қаланың әр ауданына (шағын ауданына) кемінде бір көшпелі кездесу;

– тоқсан сайын аудан әкімдерінің әр ауылға, кентке, ауылдық округке, аудандық маңызы бар қалаға кемінде бір көшпелі кездесу;

– тоқсан сайын облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округ әкімдерінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданға (шағын ауданға), ауылға, кентке кемінде бір көшпелі кездесу;

– ай сайын ауылдар, кенттер, қаладағы аудандар әкімдерінің кемінде бір кездесу өткізуін.
Қажет болған жағдайда мәслихатпен келісім бойынша күнтізбені түзетуге жол беріледі:
2) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесулер өткізсін;

3) жыл сайын 20 қаңтарға дейінгі мерзімде бекітілген күнтізбені Үкіметке ұсынсын:

Әкімдіктер мен әкімдер аппараттары кездесулерді ұйымдастыруға мүдделі тұлғалардың, мәслихат депутаттарының, сарапшылардың, заңгерлердің, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сындарлы оппозиция өкілдерінің кең аудиториясын тартатын болсын.

Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу кезінде барлық деңгейдегі мәслихаттар:
республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына);

облыстардың мәслихаттарының депутаттарын нақты аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға;
аудандар мәслихаттарының депутаттарын нақты ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге және аудандық маңызы бар қалаларға;

облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына), сондай-ақ, қаланың құрамына кіретін ауылдарға, кенттерге бекітуді қамтамасыз етсін.

Жарты жылда бір рет тиісті деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сессиясында ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңызы бар қала әкімдерін қоспағанда, әкімдердің күнтізбеге сәйкес өткізілген кездесулерінің қорытындылары және халық көтеретін проблемалық мәселелерді шешу үшін іс-шараларды қаржыландыру бойынша ұсыныстар бойынша есептері тыңдалады» – делінген жобада. Сарапшы мамандар «егер бұл әдеттегі науқандық сипатын жойып, осы нұсқау реті бо­йынша жүзеге асатын болса әкімдердің жұмысынан нәтижелі іс күтуге болады» – дейді. Бұдан бөлек, жобада әкімдердің жергілікті оппозиция өкілдерін де тыңдау қажеттігі, олардың да талабын зерделеу керектігі айтылған. Бұған дейінгі әкімдердің есеп беру жиынының көп бөлігін олардың баяндамалары алатын. Аталмыш жобада осы мәселеге өзгеріс енгізіліп, «әкімнің есеп беру жиынындағы баяндамасы жиын уақытының төрттен бірін» ғана қамту қажеттігі айтылады. Қалған уақыт тұрғындармен тікелей сұрақ жауап форматын қамтуға тиіс. Егер осы ұстаным шын мәнінде жүзеге асатын болса, атқарушы билік ісінде сәл де болса жергілікті халыққа жақындау, халықтық диалогқа бет бұру қолға алынғаны көрінер ме еді?!

Әрине, осы кезеңге дейінгі түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі қалай ұйымдастырылатыны баршамызға мәлім. Баяндама. Алдын ала сөйлейтін адамдарды дайындау. Мақтау-мадақ, сықиған цифрлар, халықтың көзі де, көңілі де сенбейтін мәліметтер, ду қол шапалақ. Және бұл тәсілдер, сөз жоқ, бүгінгі күн тәртібіне жауап бере алмайды. Қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріміз өзгеріске, жаңғыруға қадам бассын десек, барлық салаға түбегейлі модернизация қажет. Меніңше, барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру форматы өзгеру керек. Барлық сала мамандары жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша баяндаманы ел-халықтың алдында оқымастан бұрын аудандық, облыстық ақпарат құралдарында, интернет порталдарда халыққа қолжетімді етіп жариялау керек. Халық әкімнің есепті баяндамасымен толық танысып болған соң, әр сала бойынша (қаржы, ішкі істер қызметі, ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім, экономика, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, спорт, мәдениет, т.б.) қоғам өкілдерінен ары да, алақаны да таза азаматтардан (ауыл ақсақалдары, сала-сала бойынша белсенді һәм сауатты азаматтар) фокус топтар құрылу керек деп есептеймін. Бұл топтардың негізгі үйлестіру жауапкершілігі өңірден сайланған мәслихат депутаттарына жүктеліп, баяндама бойынша атқарылған жұмыстар толық сарапталып, сараланып, әкімнің жыл бойы атқарылған қызметіне нақты баға берілгені жөн. Бұл қадам ең әуелі қоғамдық өміріміздің ашықтығын, әкімнің бюрократиялық барьерлерден аулақ болуын, халықпен етене жұмыс істеуін қамтамасыз етер еді. Және тек есеп беретін белгілі бір кезеңде ғана емес, жыл бойы атқаруы тиіс міндеттерді ұдайы назарда ұстауға жол ашады. Сосын өңірлердегі қордаланған мәселелер бойынша әкімдер әр фокус топтың мәжілісіне жеке-жеке қатысып, халықтың талап-тілектеріне байланысты нақты мәселелерді талқылап, ұсыныстар мен шешу жолдарын қоғам өкілдерімен бірге қарастырса сыбайлас жемқорлықтың, таныс-тамырдың, әртүрлі салалардағы қиындықтардың күрмеуін шешеді деген үміт зор.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 255 рет