Сауран ауданы бойынша 2022 жылы ұялы байланыс операторларының жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту міндеттемелеріне Ынтымақ, Бершінтөбе, Шыпан, Шекербұлақ, Қарашық, Ескі Иқан, Еңбекші диқан, Қосмезгіл елді мекендері ағымдағы жылдың жоспарына енгізілген. Ал, қалған елді мекендер кезең кезеңімен алдағы жылдары қамтылатын болады.
Оранғай ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға «Транстелеком» компаниясының мамандары тарапынан интернет желісін үйлерге орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» компаниясы кабелмен интернет желісін тартуды тұрғындарға ұсынып отыр. Аудан әкімі тарапынан аталған интернет желісін орнатушы компанияларға арнайы жер бөлініп берілген. Бұл көтерілген мәселе аудан әкімдігінің бақылауында болады.
Ұлттық коммуникациялар және цифрландыру қауымдастығы ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен жылы отандық байланыс операторлары 1,12 трлн теңгеден астам табыс тапқан. Нарық алғаш рет триллиондық межені бағындырды. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға өскен. 2020 жылы байланыс операторларының табысы 884,5 млрд теңгені құраған болатын.Бұл ретте операторлар интернет желісіне қатысты қызметтер көрсету арқылы 405,1 млрд теңге түсірген. Өсім 2020 жылғы деңгейден 20,1 пайызға жоғары. Одан кейінгі табыстың көп көлемі ұялы байланыс қызметтеріне тиесілі – 251,1 млрд теңге. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға жақсарған.
Әдеттегідей байланыс қызметтерінің жалпы көлеміндегі қомақты үлесті интернет (40,1 пайыз) пен мобильді байланыс (25 пайыз) иеленіп отыр. Үштікті өзге де телекоммуникациялық қызметтер (20,3 пайыз) түйіндеген. Байқап отырғандарыңыздай, елдегі телекоммуникация нарығының 85 пайыздан астамы біз атаған үлкен үштіктің иелігінде. Ал қалған бағыттардың үлесі шамалы.Айталық, телекоммуникациялық сымды және сымсыз желілер арқылы деректерді беру қызметтерінің үлесі – 5 пайыз. Кабельдік инфрақұрылым, сымсыз желілер және спутник арқылы бағдарламаларды тарату қызметтерінің үлесі 4,3 пайызға тең. Жергілікті телефон байланысының үлесі 3,4 пайызды, ал қалааралық және халықаралық телефон байланысы қызметтерінің үлесі 1,9 пайызды құраған. Соңғы екі қызметтің, яғни қалааралық және халықаралық телефон байланысының көлемі жыл өткен сайын азайып келеді. Былтыр олардың құны 18,7 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш 2020 жылғы деңгейден 12,2 пайызға төмен.
2021 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша телекоммуникациялық сервистердің деңгейі келесідей картинаны көз алдымызға ұсынып отыр: Қазақстандағы тіркелген телефон желілерінің саны – 2,997 млн бірлік, ұялы байланыс абоненттері – 24,32 млн бірлік, интернетке қолжетімділігі бар ұялы байланыс абоненттері – 16,87 млн бірлік, тіркелген интернет абоненттері – 2,76 млн бірлік. Облыстар тұрғысынан қарасақ, барлық өңірде байланыс операторларының табыс көлемі мен пайыздық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Мәселен, байланыс операторлары Алматы (595,4 млрд теңге) және Нұр-Сұлтан (221,6 млрд теңге) қалаларында, сондай-ақ Қарағанды облысында (23,1 млрд теңге) жақсы табыс тапқан. Операторлар қызметі аз көрсетілген үш өңірдің қатарында Шымкент қаласы (7,7 млрд теңге), Қызылорда (7 млрд теңге) және Түркістан (6,9 млрд теңге) облыстары бар.Бірақ көп-көрім көрсеткіштер өңірлердегі жағдайдың жақсы екенін білдірмейді. Өйткені ел халқы әлі де болса сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуде қиындықтар мен кедергілерге тап болып отыр. Тіпті кейбір елді мекендер мұндай игіліктен жұрдай. Рас, Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны аз көлемде болса да өсіп отыр. Алайда ұялы байланыс абоненттерінің 100 адамға шаққандағы тығыздығы 129-дан 128-ге төмендеген. Сол секілді тіркелген интернет абоненттерінің тығыздығы бойынша прогресс байқалмай отыр. Жоғары жылдамдықты кең жолақты интернетті пайдалану көрсеткіші де төмен. Қазақстан бойынша 100 адамның 15-інде ғана тіркелген интернет бар. Ал интернетке қолжетімділігі бар ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы 4,7 пайызға өскен. Бірақ мұны отандық операторлардың абоненттерден түсірген табысымен салыстыруға келмейді. Ауылдық жерлердегі жағдай тіпті нашар. Тіркелген интернет абоненттерінің тығыздығы бойынша 100 адамның тек 8-і ғана сапалы қызметке қол жеткізіп отыр. Демек, бұл мәселені шешуге мемлекеттік мекемелер мен жеке құрылымдар әлі де болса жете мән бермей отыр.Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бүгінде 627,9 мың ауыл тұрғыны тіркелген интернетке ие, ал 557,3 мың ауыл тұрғыны тіркелген сымды интернетке қол жеткізген. Бұл көрсеткіштер бойынша Алматы (146,6 мың ауыл тұрғынының 130,5 мыңы қол жеткізген) Шығыс Қазақстан (55,2 мың ауыл тұрғынының 45,3 мыңы) және Ақмола (55,1 мың ауыл тұрғынының 51,3 мыңы) облыстары көш бастап тұр. Аутсайдерлер қатарында Ақтөбе (28,5 мың ауыл тұрғынының 24,2 мыңы қол жеткізген), Батыс Қазақстан (20,5 мың ауыл тұрғынының 17,1 мыңы) және Маңғыстау (14,8 мың ауыл тұрғынының 13,6 мыңы) облыстары бар.
«Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген сымды интернет бойынша дерек мүлдем жоқ. Жерүстіне тіркелген сымсыз байланыс желілерін пайдалана отырып, сымсыз кең жолақты интернет желісіне деген қолжетімділіктің жағдайы тіпті нашар. Мұндай байланыс тіркелген өңірлердегі цифрлар көңіл көншітпей отыр. Ал Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында статистика органдары мұндай интернеттің бар-жоғын мүлдем тіркемеген. Ауылдық жерлерде 100 адамға шаққандағы тіркелген интернет абоненттерінің тығыздығы бойынша көрсеткіш төмен. Жоғары жылдамдықты кең жолақты интернетке деген қолжетімділік те осы қатарда. Тұтастай алғанда, барлық облыс бойынша тығыздық 100 адамға шаққанда 3-тен 16-ға дейінгі аралықты ғана құрайды. Бұл ауыл халқы сапалы интернет қызметтерін алуда айтарлықтай қиындықтарға тап болып отырғанын, республикадағы қала мен ауыл халқына жасалған жағдайдың тең еместігін көрсетеді», делінген Ұлттық коммуникациялар және цифрландыру қауымдастығының мәлімдемесінде. Ауылдық жерлердегі деректерді телекоммуникациялық қызметтерді пайдаланудың нақты көрінісіне сәйкес келетінін яки сәйкес келмейтінін дөп басып айту қиын. Жалпы, ауылдағы жағдайға халық тығыздығының төмендігі, тиісінше төлем қабілеттілігінің нашарлығы мен 4G/LTE байланыс қызметтерін дамыту үшін экономикалық негіздеменің болмауы себеп. Мәселен, біздегі 6 341 ауылдың 5 163-інде интернет бар. 768 ауылдағы интернеттің сапасы төмен. 1 178 ауылда мүлдем интернет жоқ.
Қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамтуға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты. Министрлік 2018-2020 жылдары екі жобаны жүзеге асырды.Біріншісі – талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша Қазақстанның ауылдық елді мекендерін кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы жоба бойынша 20 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық байланыс желісі салынды. Ол 1 257 ауылдағы 3 718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды қамтыды.Екіншісі – халқының саны 250 тұрғынды немесе одан көп адамды құрайтын ауылдық елді мекендерді ұтқыр кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы. Бұл жоба аясында 2020 жылы 928 ауылдық елді мекен қамтылды. Жоба шеңберінде байланыс операторларына инфрақұрылымды дамытуды ынталандыру және ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мақсатында салық жеңілдіктері беріледі. Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес байланыс операторларына 2021-2024 жылдарға интернет сапасын жақсарту бойынша міндеттемелер жүктелді. Бүгінде біршама жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 286 ауылдың 284-інде FWA технологиясы 3G/4G-ге ауыстырылды. 120 елді мекеннің 68-інде спутниктік трансмиссия радиорелелік байланыс желілері мен талшықты-оптикалық байланыс желілеріне ауыстырылды. 362 ауылдың 191-інде мобильді кең жолақты интернет қызметтерінің сапасы жақсарды.
Жоғарыда айтқанымыздай, 1 178 елді мекеннің 127 мың тұрғыны кең жолақты интернеттен тыс қалып отыр. Оның ішінде 561 ауылға интернет тарту жұмыстарын 2024 жылға дейін салықтық жеңілдіктер аясында «Востоктелеком» ЖШС жүргізуі керек. 2021 жылы бұл компания 55 ауылды қамтуы керек еді, бірақ 22 ауылға ғана интернет келді. Биылғы жоспар – 286 ауылды қамту. 2023 жылы 172 елді мекенге, 2024 жылы 48 елді мекенге интернет тарту жоспарланып отыр. Ал қалған 617 ауылдық елді мекенді (ондағы халық саны 54 мың) геостационарлық емес спутниктік орбиталық жүйелер есебінен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда. Халық үшін кең жолақты интернетті қамтамасыз ету мақсатында OneWeb, Starlink және SES компанияларымен геостационарлы емес кең жолақты жүйелерді өрістету бойынша жұмыс жүргізілуде. Ауылда тіркелген интернет абоненттерінің тығыздығы небәрі 8 пайызды құрайды. Ал қалада интернетке қолжетімділігі бар ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы шамамен 87 пайызға тең. Яғни айырмашылық жер мен көктей. Есеп комитетінің деректеріне сүйенсек, ауылдық жерлердегі халық тұтынатын интернет байланыс қызметтерінің көлемі 2019 жылдан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. Сол секілді 2016 жылдан бастап интернет желісіне қолжетімділігі бар ауыл тұрғындарының үлесі де тұрақты түрде қысқаруда. Теориялық тұрғыдан қарағанда, ауыл төлем қабілеттілігіне байланысты кейбір шектеулерге қарамастан, отандық теледидар картасындағы жаңа өсу нүктесі саналады. Сондықтан министрлік байланыс қызметтерін көрсетуге лицензия алу кезінде әкімшілік кедергілерді жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуде. Радиожиілік спектрінде, оның ішінде шағын радиожиіліктерді бөлуде тәртіп енгізілуде, коммуналдық-тұрмыстық секторға және кабельдік кәрізге қолжетімділіктің шектеулілігін алып тастау бойынша мәселелер шешілуде. Қауымдастық мамандарының пікірінше, бұл жұмысты, оның ішінде жаңа байланыс операторларына жағдай жасау жөніндегі жұмысты жеделдету қажет.
Былтыр ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі Түлкібас ауданында болған кезінде осы интернет сапасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақ жоспралары туралы бөліскені белгілі. Ауылдық елді мекендерде ұялы байланыс пен тұрақты байланыс сапасын арттыру және дамыту мәселесін бақылауға байланысты мәжіліс Қаратөбе ауылдық округінде өткен болатын. Жиынға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі - Асхат Елубайұлы Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекомункациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы - Тоқтагулов Ержан Даулетұлы, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы - Янабаев Ерлан Жумаевич арнайы келді. Мәжілісті аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жүргізіп отырды. Басқосуға, сондай-ақ, KCELL АҚ-ның өкілдері, БАҚ өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Вице-министрі Оразбек Асхат Елубайұлы өз сөзінде қазіргі кезде республика аумағында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асыру барысы жөнінде әңгімеледі. Республиканың барлық елді мекендерінің кең жолақты интернет желісіне қол жетімділігі, сонымен қатар ондағы интернет-байланыстың жылдамдығы мен сапасы жайы жиын барысында сөз болды. Кең жолақты интернет желісіне қолжетімділік, ұялы байланыспен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бағдарламасына енгізілмеген ауылдық елді мекендерді (бірінші кезекте білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарын және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарын) балама технологиялармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырылып жатқандығын айтты. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекомункациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Тоқтагулов Ержан Даулетұлы былтырғы жыл ұялы байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелері шеңберінде халық саны 250 адамнан және одан да көп елді мекендерді, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар барлық автомобиль және темір жолдарды ұялы байланыспен қамтамасыз етуге міндетелгенін айтты. Дәл осы бағытта бүгінде елді мекендерді интернет желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы жылдың аяғына дейін ұялы байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелері шеңберінде 3143 ауылдық елді мекендерде 3 Мбит/с кем емес қосылу жылдамдығымен төртінші буынның (LTE) ұялы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге міндеті жүктеліп отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Кселл» АҚ арасында халық саны 250 тұрғыннан көп елді мекендерді кеңжолақты интернетпен қамту бойынша бекітілген ынтымақтастық Меморандумы негізінде 2020 жылы Балдыберек, Төңкеріс, Ұйымшыл, Ақбастау елді мекендеріне мобильді интернетпен қамтитын мачталық антенна орнату жұмыстары жүргізілу қажет болатын. Қаратөбе, Балдыберек, Қостөбе, Майбұлақ елді мекен тұрғындары мұнда ұялы байланыс құралдарының антенналары орнатылғанмен сапасы сын көтермейтіндігін жеткізді. "KCELL" АҚ атынан келген өкілдер ауылдық округтің байланыс сапасын және интернет жылдамдығын арттыруды қазан айының бірінші жұлдызына дейін толықтай бітіруге жергілікті тұрғындар алдында уәде берді. Ұялы байланыс және интернет сапасы министрліктің бақылауында тұрады және де қазан айында тексеру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы өкіл келеді. Басқосуға қатысқан ауылдық округ әкімдері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары ұялы байланыс сапасы жөнінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған вице-министр жауап берді. Жиынды аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қорытындылап, келген қонақтарға аудан халқына ұялы байланыс желісі жөнінде түсіндіргеніне алғысын білдірді.