ШЫМКЕНТ: ЖОЛДАУ ЖАСТАР ҮШІН МІНДЕТТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова Еңбекші ауданының жастарымен кездесті. Кездесудің мақсаты - қаламыздағы жастардың түрлі бағыттағы мәселелері мен ұсыныс пікірлерін тыңдау.

Еңбекші аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткен кездесуде жастармен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жастардың  жеткен жетістіктері мен шешуді қажет ететін мәселелері және орта арнаулы оқу орнындағы бітіруші мамандық иелеріне мемлекеттік бағдарламалар, жеке кәсіпкерлік, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй және білім саласы төңірегінде мәліметтер айтылып, пікір алмасты. 

Кездесу барысында басқарма басшысының орынбасары Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімелеп берді. Жолдау – жастардың бойында азаматтық позицияны арттырып, патриоттық сезімді оятты. Оларды қоғамға бейімдеп, келешекте отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған  үлес  қосуға шақырды. Кездесу барысында Мөлдір Тұрсынбекқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап беріп, сәттілік тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады.

 Онда жаңа, әділетті Қазақстанды құру жөніндегі кезекті қадамдар белгіленді. Сондай-ақ, елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдары, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған, мемлекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеуметтік қолдау шараларына қатысты жаңа міндеттер де назардан тыс қалмады. Жолдауда жастарды баспанамен амту мәселесі де айтылды.




ШЫМКЕНТ: ЖАСТАРДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ - БАСТЫ МІНДЕТ

Қазақстанның әділетті мемлекет болуының негізін құраушы буын – жастар. Сондықтан болар Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жастарды қолдайтын бастамаларға көбірек мән берді. Бүгін Шымкент қаласындағы Жұмабек Тәшенов университетінде «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы  Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов студенттермен кездесуінде Жолдауды жүзеге асыру төңірегінде пікірлесті. 

 

Жолдауының үшінші бағытында жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, сапалы білім алуы мен жұмыспен қамту және жас кәсіпкерлерді қолдау жөнінде айтылған. Кездесу барысында Мұратәлі Оразалыұлы Мемлекет басшысы жастарға көп үміт артып отырғанын, әділетті қоғам құруда жас буынның рөлі үлкен екенін жеткізді.

–Дамыған елдердің тарихына үңілсеңіз алдымен жастарға көбірек көңіл бөліп, олардың саналы тәрбие мен сапалы білім беруді қолға алғанын байқаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Жаңа Қазақстанды құруда жас буынға үміт артқаны Жолдауда айқын көрініс тапты. Қазір жоғары оқу орнын аяқтаған жас түлектерді жұмысқа орналасу мәселесі алаңдататыны рас. Жастарға жан-жақты қолдау мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін айтып, келесі жылы 100 мың жастыҢ жұмыспен қамтылатынын жеткізді. Жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында оларға жеңілдетілген тәртіппен 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін мәлімдеді. Алдағы уақытта еліміздегі шағын бизнесте  жастардың тың бастамаларымен жаңа деңгейге көтерілетініне нық сенімдімін. Берекелі қоғамның бастауы, әділетті мемлекеттің негізі де жастар, - деді ол.

Айта кетсек, бүгінде жастармен бірлесе Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы маңызды мәселелерді іске асыру жөнінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай пікірлесу алаңы қала жастары арасында мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктерді терең насихаттауға жол ашады.

Мақтаарал: Қылмыстық іздестіру мерекесіне орай футболдан турнир өтті

Мақтаарал аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қылмыстық іздестіру қызметіне (криминалдық полиция бөлімі) 104 жыл толуына орай Мақтаарал ауданы, Атакент кентінде орналасқан "Алпамыс батыр" мәдениет спорт кешенінде "Мақтаарал футбол клубының" жаттығу алаңында кіші футболдан турнир өткізілді. Турнирге жалпы Мақтаарал АПБ қызметкерлерінен 6 команда жинақталып, кубокты өзара сарапқа салды.

Тартысқа толы өткен бұл турнирде ұпай саны бойынша кубокты Мақтаарал АПБ ЖПҚ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары жеңіп алды, 2-ші орын Мақтаарал АПБ криминалдық полиция қызметкерлеріне бұйырса, ал Мақтаарал АПБ Атакент кентінің учаскелік полиция инспекторлары 3-ші орынды қанағат тұтты!

Өз сөзінде Мақтаарал АПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ш.Сәруар мырза ғасырлық тарихы бар саланың мемлекет үшін маңыздылығын тілге тиек етіп, қылмыс болған орынға тез жетіп, ширақ қимылдап, құқық бұзушыны жедел тауып жүрген азаматтардың қажырлы еңбегін айрықша атап өтіп, барша Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі қылмыстық іздестіру саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтады!

 

ЖЕТІСАЙЛЫҚТАРДЫ ЖЕР ТЕЛІМІМЕН АЛДАҒАН ӘККІ АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ

  «Мұрагерлік жолмен әкеңнің жер телімін заңдастырып беремін» деп тұрғындарды алдаған жігіт сотталды.

Жетісай ауданында жер теліміне қатысты алаяқтық жасаған ер адамның кінәсі дәлелденіп, сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Нақтырақ айтсақ, Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, 2020 жылдың қазан айында өзіне жақын таныс емес адамның сөзіне сеніп, 60 000 теңге ақшасын бергенін жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, оған танысы «әкеңнің атындағы аумағы 0,9 га жерді өзіңнің атыңа заңдастырып беремін» деп әбден иландырған.

Алайда арадан 1 жылдан астам уақыт өтсе де не жерін, не ақшасын ала алмаған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Дәл осындай арызбен полицияға тағы бір ер адам келген. Бұл жолы күдікті жәбірленушінің 55 000 теңгесін алып, ұшты-күйлі жоқ болған. Аудандық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы тұрғындарды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәлардан жауап алды.

Мұқият істі зерделеді. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Ұсталған ер адамның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Яғни күдікті ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Алаяқтық дерегімен тіркелген іс бойынша құжаттар жинақталып, айыпталу актісімен бірге сотына жолданды. Нәтижесінде сот 31 жасар ер адамды ҚР ҚК-нің 190-бабымен кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.

Туысының донер жасайтын аппаратын ұрлаған

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, пәтерінде тұрған құны 130 000 теңге болатын донер жасайтын аппаратын белгісіз біреу жымқырып кеткенін жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Кентаулық қырағы жедел-тергеу тобы тұрғынның мүлкін жымқырып, ұрлық жасаған күдіктіні анықтау мақсатында әрекет етті. Көрген-білгендерден сұрастырды. Жау алыстан келмейтінін ескеріп, осы бағытта жан-жақты тексеру жүргізді.

Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде жәбірленушінің бұрын сотты болған туысы екені расталды. Анықталғандай, туысының үйінде ешкім жоқ сәтте кірген сезікті рұқсатсыз аппаратты алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан оны Түркістан қаласына апарып сатып, ақшасын өз қажеттіліген жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдануға кеңес береді.

Түркістан қаласының жас кәсіпкерлерімен кездесу өтті

Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінің ұйымдастыруымен

«Жетістікке жету жолы» атты жас кәсіпкерлермен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты - студенттерді кәсіпкерлік саласына қызықтыру және тарту. Шараны Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшы орынбасары Ернар Бектаев ашып берді.

Еркін форматта өткен кездесудің модераторы Жолдықожа Бекұлан болды.

Спикерлері: Юсупов Азизхан – «Aiu food» тамақтану орнының негізін қалаушы.

Тақырыбы: «Блогерліктен кәсіпкерлікке жету жолы».

Жандос Бақытұлы – блогер,вайнер,ресторатор.

Тақырыбы: «Кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды қадамдары»

Кездесу соңында жастар тарапынан сұрақтар қойылып, кәсіпкерлікке, блогерлікке қызығушылықтарын білдірді. Жастар қауымы көңілденіп, кеш соңында естелікке суретке түсті.

Түркістан қалалық инфрақұрылым және коммуникация бөліміне бас маман-заңгер қажет

 

Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің бас маман-заңгерінің орыны бос.

Орташа лауазымдық айлықақы - 208 062.

Жалпы біліктілік талаптары:

Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім, мемлекеттік лауазымдарда жұмыс өтілі бір жылдан кем емес немесе осы санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағытына сәйкес облыстарда екі жылдан кем емес жұмыс өтілі бар болған жағдайда орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімі барларға рұқсат етіледі.

Мынадай құзыреттердің бар болуы: стресске орнықтылық, бастамашылдық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға және оны хабарландыруға бағдарлану, адалдық, өздігінен даму, жеделділік, ынтымақтастық және әрекеттестік, қызметті басқару;

Жоғары немесе жоғарыдан кейінгі білім болған жағдайда жұмыс тәжірибесі талап етілмейді.

Білімге қойылатын талаптар

Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім, орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білім

Мамандығы(классификаторға сәйкес)

Өнер, 

Құқық, 

Құқықтану, 

Халықаралық құқық, 

Құқық қорғау қызметі, 

Кеден ісі, 

Кескіндеме, 

Графика, 

Мүсін, 

Сәулет, 

Дизайн, 

Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес (білім саласы), 

Мемлекеттік және жергілікті басқару, 

Техникалық ғылымдар және технологиялар (білім саласы), 

Құрылыс, 

Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру, 

Ауылшаруашылық ғылымдары (білім саласы), 

Стандарттау және сертификаттау (салалар бойынша), 

Жобалық басқару, 

маркшейдрлік ісі

Функционалды міндеттер

Бөлімнің бұйрықтарының, келісім-шарттардың (құқықтық актілердің, актілердің) заңдылығын қарайды; бөлім жұмыстарына тиісті сот процестеріне қатысады, құжаттарын жүргізеді; бөлімнің мемлекеттік сатып алу жұмыстарының заңдылығын бақылайды; бөлім басшысы мен орынбасарының, сектор меңгерушісінің тапсырмаларын орындайды; жүктелген міндеттерге сәйкес сала қызметтерін заң талаптарына сәйкес мерзімінде сапалы орындайды; «Е-қызмет» және «Е-өтініш» бағдарламасындағы жұмыстарды жүргізеді; бас маманның міндеттеріне ҚР мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамамен айқындалатын өзге де міндеттер мен функциялары кіреді;

Ескертпе

Хабарландыруда көрсетілген лауазымдық айлықақы нақты қызметшінің жұмыс өтіліне байланысты өзгеше болуы мүмкін.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 28-бабы 3-тармағына сәйкес жалпы конкурсқа қатысуға тес

МАҚТААРАЛ: ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ ПРОФИЛАКТИКАСЫ

Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Оның кепілі – заңдылық. Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы.

Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы.

Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. Егер жалпы айтқанда зомбылықты физикалық қасірет көрсету әрекеті деп анықтауы болса, онда тұрмыстық зомбылықта осы әрекеттің бастауы мен айқындау нүктесі анық белгіленеді.

Ол – жанұя, яғни зұлымдықшы мен оның жемтігі ең жақын адамдар болады. Олар – жұбайлар мен балалар.

Отбасындағы зорлы-зомбылық мәселесі әлемнің әр елінде ертеден орын алған. Зорлық балалардың денелік және психологиялық денсаулықтары және жан-жақты дамулары үшін ауыр машақат болып табылады. Әйелдер мен балаларға қатысты зомбылықтың алдын алу және бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік жұмыстарды өткізу қажет болып табылады

Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген. Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру, тағы басқа. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін.

Жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданылып жасалған қылмыстар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.

Елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты 20 дағдарыс орталығы бар.

Әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық проблемасы елімізде елеулі мөлшерде асқынды. Статистикалық мәліметке қарағанда елде жыл ішінде 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Отбасылардың қиюы қашуының басты бір себебі – жанұядағы зорлық-зомбылық. «Отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс туындағанда, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылу керек.

Кикілжіңі көп болатын отбасында өскен балалар есейген соң не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін-өзі ұстау үлгісін алады

Зорлықтың түрлері:

- Эмоциялық зорлық – балағаттау, қорлау, сөгу, балалардың жеке өміріне қол сұғу;

- Физикалық зорлық – отбасы мүшелерін мас күйінде немесе сау күйінде ұруды қолданатын эмоциялық зорлық;

- Қауіп-қатер – отбасын тастап кетемін деп қорқыту, әйелін немесе балаларын ұру, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу;

- Балаларды анасына қарсы қолдану, әйелін өз балаларын ешқашан көрсетпейтіндігімен қорқыту, қорқытатын жолдауларды беру үшін балаларды қолдану.

Біле жүріңіздер, сондай жағдайларынды көрсеңіздер міндетті түрде мамандарға айтыныздар!

 

ШЫМКЕНТТЕ «АҚЫЛ – ТОЗБАЙТЫН ТОН, БІЛІМ – ТАУСЫЛМАЙТЫН КЕН» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейде ҚР Президентінің Жолдауы аясында білім саласының қызметкерлерімен арнайы кездесу өтті. «Аманат» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының сектор меңгерушісі Мұхтар Ақбердиев және мектеп мұғалімдері Жолдауды жүзеге асыру мәселелерін талқылап, білім саласына жүктелген міндеттер бойынша өзара пікір алмасты.

М.Ақбердиев Президент Жолдауындағы білім саласын ілгерілету, адам капиталын дамытудағы басым бағыттарға жан-жақты тоқталды. Еңбекші ауданында бұл бағытта барлық бастауыш партия ұйымдарында кездесулер ұйымдастырылуда.

– Жолдау аясындағы тапсырмаларды орындау бойынша ауданда бастауыш партия ұйымдары, мектепке дейінгі мекемелер, мектеп мұғалімдері белсенділік танытып келеді. Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет ауқымды. Алдағы уақытта партия мүшелерімен бірлесіп, жұмыстар атқарамыз, – деді сектор меңгерушісі М.Ақбердиев.

Мектеп директоры А.Сарымсақова білім саласына қатысты нақты тапсырмаларды бірлесе орындау қажеттігін айтты. «Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген қанатты сөзді Мағжан ақын өте орынды айтқан. Адами капиталды дамытуда, Қазақстанның болашағын кемелдендіруде ұстаздың орны ерен. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелерін жүзеге асыруда бір мақсат аясында топталуымыз қажет, - деді ол.

Жиында тарих пәнінің мұғалімдері Л.Мырзақұлова, И.Бақтыбаев білімді ұрпақты тәрбиелеу бойынша баяндама жасады.

Білім ордаларындағы жүздесу мұнымен шектелмейді. Мектепке дейінгі ұйымдар, мектептердегі бастауыш партия ұйымдары, медициналық мекемелерде кездесулер одан әрі жалғасын табады.

Шымкент: Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау артса...

 Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС ұжымымен кездесті. Жиындағы күн тәртібі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы болды.

Жиынды «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орман ашып, алғысөзді Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің және қалалық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевке берді. Бауыржан Ілімшеұлы Президент Жолдауында көтерілген қоғамдағы демократия, жаңа экономикалық саясат, ауыл шаруашылығының жаңа секторларын дамыту, заңнама жүйесін жаңғырту сияқты өзекті тақырыптарға тоқталды.

– Бұл Жолдау Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша биылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумның жалғасы іспетті. Ол саяси оқиғаның алдында өте ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Ата Заңға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде жаңа мемлекеттік басқару моделіне, билік пен қоғамның өзара байланысының жаңа форматына ауысы басталды. Мемлекет басшысының Жолдауында, сонымен қатар, заң мен тәртіп, басқару жүйесін қайта құру, сот жүйесінің реформасы секілді тақырыптар көтерілді. Себебі, ескі жүйенің мерзімі өтті, қазіргі таңдағы қолданысқа сай емес. Сол үшін халық арасында үнемі ақпараттық-насихат жұмысы жүргізілуі керек. Көбісі Жоғары соттан кейін шағымданатын орын жоқ деп санайды. Олай емес, біздің елімізде Конституциялық сот бар, – деді Бауыржан Ілімшеұлы.

Жиында қоғамдық кеңестің мүшелері Абдулла Ахметов, Исмаил Шалабаев, Ербол Жолбарысов және басқа да спикерлер Жолдауда көтерілген тек саяси ғана емес, экономикалық мәселелерге, Президент берген тапсырмаларға тоқталып өтті. Олардың айтуынша, бүгінде мемлекетіміз демократияның даңғыл жолына түсіп, елімізде әлеуметтік салаға да баса назар аударылуда.

Кездесуде жер қатынастары, салық жүйесіндегі жаңашылдықтар да сөз болды. Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, шағын және орта бизнеске салық салуға дифференциялы түрде келу керек. Жақсы жұмыс істеп, ел экономикасына үлес қосып жүрген, табыс тауып, қызметкерлеріне жақсы жалақы төлейтін кәсіпкерлік нысандарына жеңілдік берген дұрыс деп санайды қоғамдық кеңес мүшесі. Спикер тиімді әрі заң талабын мүлтіксіз орындайтын кәсіпкерлерге индустриалды аймақтардағы жер учаскелерінің бір бөлігін жеке меншікке де беруге болады дейді.

– Мемлекетіміздің басты құндылығы – адам және оның өмірі. Дегенмен, өкінішке қарай, бүгінгі таңда денсаулық сақтау қызметі көрсетілмейтін ауылдар да бар. Алдағы 2-3 жылда бізге фельшерлік-акушерлік пункттер құрып, ауылдағы ағайын алысқа сандалмайтындай жағдай жасау керек, – деді Бауыржан Әлтеев.

Жиында еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері де талқыланды. Айтқандай, оның көлемі 2023 жылы 70 мың теңге болады. Және мұнымен тоқтамайды десті. Ал Анарбек Орман шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арта түссе деген ниетін жеткізді.

– Бұлай өте дұрыс болар еді. Мысалы, Анарбек Орман – өз жұмыскерлерінің әлеуметтік құқықтарын үнемі қорғап жүретін жұмыс беруші. Ол басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік қалалық кәсіподақ бірлестігінің құрамына енеді. Және біз қатарымызда осындай мекеме бар екенін мақтан тұтамыз, – деді Бауыржан Әлтеев.