Түркістан облысында екінші рет мас халде көлік басқарған тұрғын анықталды

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейд жүргізу кезінде кешкі сағат 18:30 шамасында жүрісі күдік тудырған «Chevrolet cruze» маркалы автокөліктің жүргізушісін тоқтатты. Көлік жүргізушісімен тілдесу кезінде полицейлер оның мас болуы мүмкін екеніне күмәнданып, сараптамадан өткізді. Сараптама қорытындысы жүргізуші ер азаматтың алкогольді масаң күйде екендігін анықтады.

Полиция қызметкерлері одан әрі қарай анықтау кезінде ер азаматтың бұған дейін Ордабасы аудандық сотының үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын білді. Автокөлік бірден айыптұраққа қойылды

Жүргізушіге қамауға алынып оған қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Яғни жүргізуші бұған дейін құқық бұзып, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді.

Түркістандық ұстаздар ұлықталған күн

Ұлықтаймыз ұстазды! Осындай атаумен қаламыздағы Ұлы дала елі орталығында ұстаздар мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға филология ғылымдарының кандидаты Әдемау Толысбаева мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-і филология факултеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенттері мұрындық болды. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен кешке аталмыш жоғарғы оқу орнының ұстаздары мен студентері, шаһардағы мектеп мұғалімдері мен директорлары арнайы қатысты.

 

Мерекелік шарада сөз алған ардегер ұстаз, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов білім алушылардың ұстаздарына деген құрметін жоғары бағалады. Жауапты саланың қыр-сыры туралы айтып, өзінің еңбек жылдарындағы естеліктермен бөлісті.

Шәкірттердің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасының шымылдығы ұстаздарға арналған әсем әнмен түріліп, мың бұралған бишілердің биі сахнаны ажарландыра түсті. Қолына домбырасын, бойына ақындығын серік еткен студенттер арнау айтып ұстаз мерейін тасытса, кеш жүргізушілері қызықты сұрақтар, әдемі ойындарымен қонақтардың көңіл күйін бір серпілтті. Әскери киімдегі студенттер ұрыс қимылдарын көрсетіп, көктуымызды көкте желбіретіп, патриоттық сезімді оятты.

«Ұстаз ұлы есім. Бұл есімге қоғамда өзіндік орны бар, болашағымыздың белсенді мүшелерін тәрбиелейтін жандар жатады. Қазіргі таңда мектептің мұғалімі болудың өзі өте жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Біздің алдымызда білім алған әрбір бала бір-бір үйдің болашағы. Ертеңіміздің кемел болуына еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарымыздың еңбегі жана берсін. Жылына бір келетін меншікті мерекеміз ұстаздармыздың кәсіби мерекесі Мұғалімдер күнімен барша педагогтарды құттықтаймын», деді Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры Рақила Үрімова.

Жиын соңында студенттер ұстаздарына дайындағын сый-сияпаттарын табыстап естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл күймен тарқасты.

Начало формы

 

 

 

ТУРКИЯ МЕН ТҮРКІСТАН АРАСЫНДАҒЫ ДОСТАСТЫҚ КЕЛІСІМІ НЫҒАЯ ТҮСТІ

Бүгін Түркістан қаласы мен Түркияның Мальтепе муниципалитеті арасында "Достастық" меморандумына қол қойылды.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы мен Мальтепе муниципалитетінің басшысы Али Кылыч екі шаһар арасындағы достастық келісімін қабылдап, қол алысты.

Алғы сөз алған, шаһар басшысы "Біз түбі бір бауырлас халықпыз, сенімді стратегиялық әріптеспіз. Түркі жұртының рухани астанасы - Түркістанымызбен достастығыңызды білдіріп келгеніңізге ризамын. Бүгінгі кездесуде жаңа жобалардың негізі қаланатынына сенімдімін" деп, ізгі ниетін сөз етті.

Түркістан қаласына алғаш келгенін айтқан, Мальтепе мэрі Али Кылыч, шаһардың көз тойдырарлық сұлуылығына таңданысын жасырмады.

"Түркістанның киелі топырағының қасиеті баршамызға мәлім. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі дарыған шаһарда әлі талай бастамаларды бірге атқарамыз деп ойлаймын. Қасиетті Түркістан қаласымен келісім түзілетініне шын жүректен қуаныштымын" деді.

Меморандум аясында, мәдениет және білім, жергілікті басқару және демократия, туризм, экономика, қоршаған ортаны қорғау, спорт және қоғамдық денсаулық сақтау салалары бойынша өзара ынтымақтастықты дамыту көзделуде.

ТҮРКІСТАН:ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ-БАСТЫ МІНДЕТ!

Түркістан қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қалалық полиция басқармасы нәтижелі жұмыстарды атқарып келеді.

Профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде, 231 қылмыс қоғамдық орындарда анықталса, 86 қылмыс көшеде орын алған.

Аумақтық полиция инспекторларының анықтауымен 21 маскүнем есепке алынды. Оның ішінде, 5 тұлға маскүнемдік және нашақорлықтан емдеу орталығына жолданды.

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік тұтынған 1145 азамат анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Тұрмыстық қылмыстардың алдын алу үшін, “Қауіпсіз қала”, “Құқықтық тәртіп”, “Тұрмыс” жедел сауықтыру шаралары өткізілді. Нәтижесінде 370 азамат тіркеуге алынды.

Отбасы тұрмыстық-қатынас бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73 бабымен 421 азаматқа әкімшілік шара қолданылды.

ҰСТАЗ БОЛУ - ЖҮРЕКТІҢ АСЫЛДЫҒЫ

Қазан айының бірінші жексенбісі елімізде - Ұлағатты ұстаздардың мерекесі.

Білім нәрімен сусындатып, болашақ ұрпақты өмірге баулитын ұлы мамандық иелері құрметіне мерекелік жиын өтті.

Оқушылар сарайында өткен салатанатты шарада қала әкімі шаһардың білім саласына еңбегі сіңген зейнеттегі ұстаздар мен бала тәрбиесінде елеулі еңбек етіп жүрген мұғалімдерді марапаттады.

Құттықтау сөзін алған шаһар басшысы өз сөзінде, "Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Балаға білім беріп, тәрбие үйрететін сол ұстаз. "Ұстаз" сөзінің "Отан", "Ар", "Адамгершілік" сияқты қасиетті ұғымдардың қатарынан орын тебуінің өзінде де үлкен мән жатыр. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу ұлағатты ұстаздарымыз - Сіздердің қолдарыңызда!" деп, мерекелік лебізін жеткізді.

Келесі болып, сөз алған қалалық "Адами әлеуетті дамыту" бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы ұстаздарға тілегін арнап, Түркістан облыстық "Адами әлеуетті дамыту" басқармасы басшысының алғыс хаттарын табыстады.

Жиын қаланың жас өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.

Халықаралық Хожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің "Филология" факультеті студенттері де ұстаздарына құрмет көрсетті.

"Ұлы дала елі" орталығында мерекелік кеш ұйымдастырып, оқытушыларына сыйлақтарын берді.

Жиында қаланың білім саласында еңбек еткен ардақты ұстаздарға арналып жылы лебіздер мен мерекелік тілектер айтылды.

ШАҺАРДА 393 КӨШЕ ЖАРЫҚШАМДАРМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Қазіргі таңда қала аумағындағы 393 көше жарықтандыру жүйесімен қамтылған, бұл жалпы жарықтандырылған көшелер үлесімен есептегенде 44,9%-ды құрайды.

Жалпы 2022 жылы Түркістан қаласы аумағында 176,4 шақырымды құрайтын 142 көшеге жарықтандыру жүйесінің құрылысы жүргізіліп, оның қазіргі уақытта 123,1 шақырымды 93 көшесі толығымен іске қосылды.

Қалған, 53,3 шақырымды құрайтын 49 көшені жарық көзімен қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-імен бірлесе техникалық шарт әзірленуде.

Нәтижесінде, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесі 61,1%-ға жетеді.

Сонымен қатар, 2023 жылдың соңына дейін қосымша 223 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары «Бірлік» тұрғын алқабына қарасты 33 көшеде жүзеге асырылуда.

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» ФОТОКӨРМЕСІ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Ұлы Даланың жеті қыры» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Аталған фотокөрме Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Оңтүстік жастары» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен өтті.

Рухани құндылығы мол шарада халқымыздың салт-дәстүрі, Түркістан облысының тарихи орындары және мәдени сәулеттік ескерткіштерінен сыр шертетін суреттер қойылып, көрмеге келушілердің жақынырақ танысуына мүмкіндік жасалды. Сайысқа облыс бойынша 17 аудан, қаладан 50-ден астам фототілші қатысып, әрқайсысы өздерінің тақырыпқа сай екі туындысын көпшілік назарына ұсынды.

Фотоөнерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған игілікті шараға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов қатысып, өңірімізде суретке түсіру өнерінің дамып келе жатқанын атап өтті. Көрме барысында көрермендерге сұрақтар қойылып, ұтымды жауап бергендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Өңіріміздің таңдаулы фотографтары Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзгерістерге ризашылықтарын білдірді. Республика бойынша туристік және киелі орындардың көп шоғыры орналасқан Түркістан облысының тарихи ескерткіштері мен орындарын суретке түсіріп, талғамы биік жұртқа жеткізгендерін айтты.

Мазмұнды фотокөрме концерттік бағдарламаға ұласып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен жалғасты. Сайыс қорытындысында Түркістан қаласындағы «Lux media» мекемесінің фототілшісі Оразғали Асан бас жүлдеге лайық деп табылып, 500 000 теңге сыйақыны иеленді. І орынды Созақ ауданынан келген жас ана, әуесқой фототілші Мөлдір Егешова (300 000 теңге), ІІ орынды «Түркістан-медиа» ЖШС-ның фототілшісі Ердәулет Сағындық (200 000 теңге) жеңіп алды. Ал ІІІ орын Созақ ауданынан келген Асылжан Қошқар мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті Аружан Темуровға бұйырды, олардың әрқайсысына 50 мың теңге көлемінде қаржылай сый-сияпат табыс етілді.

Фотокөрме соңында шараға қатысушылар өзара пікір алмасып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.

 

САРЫАҒАШ: ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ БАСТЫ МАҚСАТ

Өткен жылдың желтоқсан айында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің бастығы болып, полиция полковнигі Аман Сәпиұлы Бурханов тағайындалған болатын.

Көптеген басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, облыстағы қылмыстың азаюына өзіндік үлесін қоса білген білікті басшы осы үрдісін Сарыағаш ауданында жүйелі түрде іске асыруда.

Анығын айтқанда, жасөспірімдер арасында қылмыстың азаюын басты жолға қойып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алып рейдтік шараларды күшейткен.

Сонымен қатар жол жүру ережесін қатаңдатуда жиі рейдтік шаралар өткізіп, нәтижесінде жол апатының алдын алу және күңгірттенген көліктерге аса назар аударып, сол мезетте терезелері тазартылуда.

Айта кетсек "Тәртіпке бас иген құл болмайды" деп Б.Момышұлы айтқандай, Сарыағаш ауданыны қай жағынан болмасын тәртіпке келе бастаған. Әрине бұл жаңа басшының жаңашылдығы десек артық айтқандық емес.

ШЫМКЕНТ: “TOLEM” КӨЛІК КАРТАСЫН ҚОЛДАНУШЫЛАР САНЫ 500-МЫҢНАН АСАДЫ

2021 жылы Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі ендірілді. Осыған орай, автобустарда 1900 тұрақты терминал және 1200 мобильді терминал орнатылды.

Қазіргі таңда, сатылған көлік карталар саны 500 мыңнан асады. Оның ішінде 230 мыңға жуығы мектеп оқушыларының және студенттердің картасы.

Қаламызда өтінімдерді қабылдау және көлік карталарын беру бойынша 2 офис істейді. Күнделікті транзакциялар саны 300 мыңды құрап отыр, оның ішінде транзакциялардың 85% -ы көлік карталарымен төленеді.

Бұдан бөлек, онлайн режимінде қоғамдық көлік қозғалысы туралы халықтың хабардарлығын арттыруға мүмкіндік беретін "I-Kolik" мобильді қосымшасы іске қосылған. Қазіргі таңда, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар саны 170 мыңнан асты.

Сонымен қатар, жолаушылардан қоғамдық көлікте “Төлем” электронды жол жүру картасымен жол ақысын төлеуді, егер карта болмаған жағдайда СМС немесе Kaspi QR арқылы төлем жасауды сұраймыз!

Айтпақшы, мектепте оқушылардың тегін тамақтануы да енді Tolem жүйесі арқылы іске асырылады.  Жаңа жүйе жаңа оқу жылында асханалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін 54 мектепте қолданыла бастайды деп күтілуде. Қолдарында Tolem картасы бар 1-4 сынып оқушылары мен жоғарғы сыныптардағы тиісті санатқа жататын оқушылар тегін тамақтанады. Осылайша қоғамдық көліктерде қатынау үшін қолданылатын Tolem картасы енді оқушылар үшін әмбебап картаға айналмақ.  Ол карта әр оқушыға жеке-жеке, фотосуретімен шығарылатыны белгілі. Жоғарыда аталып өткендей, бұл жүйе Шымкентте әзірге 54 мектепке орнатылып отыр. Олардың толық тізімі мынадай: №№ 2, 6, 7, 9, 10, 12, 13, 14, 15, 18, 19, 20, 21, 26, 28, 29, 31, 35, 37, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 47, 50, 51, 52, 62, 64, 65, 66, 74, 75, 77, 78, 82, 83, 93, 96, 98, 100, 106, 107, 108, 109, 110, 113, 116, 117, 119, 122 мектептер. Басқа мектептердегі оқушылар ыстық тамақпен бұрынғы жүйе бойынша қамтамасыз етіледі.
Ал жаңа жылдан кейін жаңа жүйе қаладағы қалған мектептерде де енгізіледі деп күтілуде. Сондықтан, ата-аналар балаларына Tolem картасын рәсімдеулері тиіс. Ол – оңай, Tolem мобильді қосымшасын жүктеп алып, «Картаға өтінім беру» бөлімінде тиісті мәліметтерді толтыру керек. Мәліметтер тексеріліп, дұрыстығы анықталған соң рұқсат берілгені туралы хабарлама келеді және Kaspi.kz жүйесінде төлем жасауға сілтеме беріледі. Картаны рәсімдеу ақысы – 500 теңге. Дайындалу мерзімі – 7-10 күн. Дайын болғанын +7 701 315 18 52 WhatsApp нөмірі арқылы немесе tolemcard.kz сайтында ЖСН нөмір арқылы тексеруге болады.

 

ШЫМКЕНТ: МЫҢҒА ЖУЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ ЖАРТЫСЫ ШЕШІМІН ТАПҚАН

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қала әкімі М.Әйтеновтің кезекті, әр тоқсан сайынғы халықпен есепті кездесуі Абай ауданы тұрғындарымен жалғасты.

Шаhар басшысы 9 айдың қорытындысы бойынша баяндама жасап, 50-ден аса сұрақтарға жауап берді.

Кездесуге 400-ге жуық тұрғынмен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. Аталған жиын Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграмдағы ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Шаhар басшысының жыл басынан бастап мегаполистегі елдімекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіліп, 1020 мәселе көтерілген. Әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынған. Нәтижесінде бүгінге дейін 488 мәселе шешілген, 377-сі жыл соңына дейін шешімін табатын болса, ал 195 мәселе 2023-2025 жылдар жоспарына енгізілген.

Одан бөлек, ай сайын аудан белсенділерімен әкімдік ғимаратында қабылдаулар өтуде. Онда атқарылған жұмыстар нәтижесі баяндалып, белсенді тұрғындармен мақұлданып отырды. Соңғы 9 айда 11 рет жеке қабылдау өткізіп, 1 217 азаматтың мәселесі тыңдалды. 2 341 мәселенің 760-сы нақты шімін тапса, 1 476-сы орындалуда, қалған мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетін болады.

Билік пен халық арасындағы байланыс осындай ашық диалогтар арқылы талқыланып, қаланың өркендеуі жолында үш жақты жауапкершілік орнағанына тоқталған Мұрат Әйтенов алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Өз кезегінде Абай ауданы әкімі Б.Парманов 34 елдімекен бойынша атқарылған жұмыстар мен халық сұранысындағы ауыз су, газ, жол мәселесенің шешімдері бойынша баяндама жасады.

Жиын соңында қала әкімі хаттамаға енген мәселелердің шешімі бойынша, заң аясында жан-жақты  жұмыстар атқарылатынын атап өтіп, қоғамдық мәселелердің шешімінде белсенділік танытқан тұрғындарға ризашылығын білдірді.