Қызметтік иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек Жолы» шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Имерек» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқанда мазасызданып, белгі береді.

Содан полицейлер күдік тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Белгілі болғандай күдікті азаматтың күртешесінің оң жақ қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «марихуана» есірткісі екені расталды.

Сондай-ақ ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңмен тыйым салынған есірткіге қатысты қатаң жаза көзделгенін ескертеді.

ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР ГАСТРО-ФЕСТИВАЛІ ӨТІП ЖАТЫР

Түркістан қаласында алғаш рет «GASTRO FEST TURKISTAN - 2022» атты ауқымды гастрономиялық фестиваль басталды.

Шараның негізгі мақсаты - қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттау, туристер үшін еліміздің қонақжайлығын көрсету. Аталған іс-шараны, Түркістан облысының Туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырып отыр.

Фестиваль аясында қаланың үздік мейрамханалары мен дәмханалары ұлттық тағамдар мен стрит-фуд дәмділерін әзірлемек. Сағат 16:00-де марапаттау рәсімі өтеді деп жоспарлануда.

Ұлттық тағамдарды ұлықтаған шара концерттік бағдарламалар мен қызықты ойындарға ұласпақ. Шара аясында жылдам тамақтану бойынша конкурстар, жергілікті аспаздардың шеберлік сыныптары және тағы басқа думанды іс-шаралар өтеді.

Думанды шара кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.

ТҮРКІСТАНДА ҚАРИЯЛАРҒА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында бүгін ерекше орталық ашылды. Белсенді ұзақ өмір орталығында зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, еңбек терапия, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән т.б үйірмелері қызмет етеді.

Бір қолданысы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады.

Қазіргі таңда Түркістанда 14 915 зейнеткер бар. Орталықта күніне 60-70 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарияларға:

- Бүгінгі бейбіт күніміз - Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын, - деді.

Мереке күнгі тартуға риза болған қариялар игі іске ұйытқы болған азаматтарға ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.

ӘДІЛЕТ ОРГАНДАРЫНА - 30 ЖЫЛ!

"Конгресс холл" көпсалалы кешенінде әділет органдарына 30 жыл толуына орай мерекелік шара өтті.

Шара шымылдығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен түріліп, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының мерекелік құттықтауымен жалғасты.

Жиында әділет органдарында еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды.

Құттықтау сөз алған, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Қалмұханұлы

"Еліміздің патриот азаматтарын тәрбиелеп, ынтымақтастықты нығайту жолында әділет органдары қызметкерлерінің алар орны ерекше.

Мемлекетіміздің сенімді серігі әрі маңызды буыны ретінде Сіздердің ел ертеңінің жандануына, азаматтардың бостандығына мен заңды мүдделерін қорғауда алар орындарыңыз бөлек. Осындай әділеттіліктің ақ жолында атқарар қызметтеріңізге табыс пен береке тілеймін" деді.

Жиын Қазақстан Республикасы Әділет министрінің мерекелік медальдері мен төсбелгілерін тағумен және облыстық департамент басшысының грамоталарын табыстаумен жалғасты.

Барлығы сексенге жуық әділет органы қызметкері марапатталған жиын соңында концерттік бағдарламаға ұласып, қызметкерлерге құрмет көрсетілді.

ТҮРКІСТАНДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ИСЛАМ ОРТАЛЫҚТАРЫ БОЙ КӨТЕРДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, мердігерлермен кездесті. Құрылыс жұмыстарын күшейтуді жүктеді. Сапаны басты назарға алуды міндеттеді.

Түркістан қаласына кіреберісте әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіт бой көтерді. Ислам орталығының жалпы көлемі – 20 мың шаршы метр. Мешіт құрылысының монолит құю жұмыстары толық аяқталып, өазіргі таңда қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыс нақышында жүргізілген. Жоба жан-жақты зерделеніп, әлем елдеріндегі озық тәжірибелер ескерілген. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленген.

Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды жеке инвесторлар есебінен бой көтерген жаңа нысандардың құрылыс барысымен танысты. «Medina Plaza» қонақүйінің құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімі «Базис» бизнес орталығы мен спорттық сауықтық кешенінің құрылысын күшейтуге талап қойды.

Өңір басшысы Түркістанда салынып жатқан «Қылует» рухани орталығының құрылыс алаңында болды. Бұл орталық кәсіпкерлердің және жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынады. Сауапты істің құрылысына байланысты арнайы есепшот ашылып, оған кез келген адам үлес қоса алады.

Дархан Сатыбалды игі бастаманың маңыздылығына тоқталды. Сәулеті мен маңызы ерекше нысанның облыстың руханиятына оң серпін беретінін айтты. 0,86 гектар аумақта орналасқан рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Қарилар мен болашақ дін ғұламаларын даярлайтын медресе де 2022 жылы тапсырылады деп жоспарланған.

Бұл мешіттің тарихы тереңде жатыр. Түркістанда XIX ғасырдың екінші жартысында (1864-1865 жж.) салынған «Қылует» мешіті болған. Мешіт ғимараты 1960 жылы бұзылып, орнына бір күмбезді жаңа мешіт бой көтерген. Кейін келушілердің көбеюіне байланысты 1980 жылы толық сүріліп, қайта салынған. 2020 жылы мешіт жарамсыз деп танылып, бұзылған. Қазіргі таңда мешіттің Түркістан қаласы үшін тарихи маңыздылығы ескеріле отырып, 500 адамға лайықталып, қайта салу жұмысы басталды. Сондай-ақ мешіт аумағында заманауи оқу орны – медресе, яғни, қарилар дайындау орталығы да бой көтермек.

ТҮРКІСТАН – РУХАНИ, ҚАУІПСІЗ ҚАЛА!

Бүгін Түркістан қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен “Конгресс холл” көпсалалы кешенінде “Түркістан-рухани, қауіпсіз қала!” атты форумы өтті.

Форумға аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров, кәсіпкер, мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты Олжас Сүлейменов, журналист Нұрділдә Ораз, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, танымал әнші Ибрагим Ескендір қатысты.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Түркістанды қауіпсіз қалаға айналдыру мақсатында, жыл басынан бері «Балалардың жол қауіпсіздігі», «Абайлаңыз балалар», «Жасөспірім», «Түңгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шаралары өткізілді.

Сонымен қатар, полиция басқармасының “102” жедел әрекет ету орталығына «Отбасылық жанжал» санатында - 580 шақырту түсіп, оның 359-ы алкогольдік ішімдік ішкендермен жасалған. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) - 354 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының қызметіне де бақылау жүйелі түрде күшейтілді. Жыл басынан бастап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабында көрсетілген (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі) талаптарын бұзу бойынша 56 – дерек және 440-бабымен (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) 1116 – дерек анықталып, әкімшілік хаттама түзіліп, заңды шара көрілді.

«Бір нүктелік» жедел профилактикалық рейдтік іс-шарасы 54 рет өткізіліп, қазіргі уақытта да өз жалғасын табуда.

Полиция - әрқашан мемлекеттің тірегі, қоғамдық тәртіптің айнасы, қауіпсіздігінің кепілі болуы қажет. Ел ішіндегі береке мен бірлікті сақтау- бүгінгі полиция қызметкерлерінің басты парызы.

ТҮРКІСТАН:КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ СПОРТ НЫСАНДАРЫНА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев Түркістан қаласына іссапармен келді. Спорт комитетінің төрағасы халықаралық талаптарға сай салынған «Түркістан арена» стадионына арнайы барып, ондағы жаттығу залдарымен танысты. Сонымен қатар Самат Ерғалиев өңірдегі бірқатар спорт нысандарын да аралады.

Еліміздің рухани астанасына айналған Түркістан қаласында бүгінде спорт кешендері мен стадиондар, əлемдік деңгейдегі жаттығу орталықтары мен Орта Азия елдері бойынша ең ірі ескек есу кешені бар. ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы С.Ерғалиев облысы спорт саласы мамандары мен жаттықтырушылармен және спортшылармен кездесті. Басқосу барысында ол халықаралық талаптарға сай бой түзеген спорт нысандары мен түркістандықтардың спорттағы жеткен жетістіктеріне жоғары бағасын берді.

Айта өтерлігі, Түркістан облысының əкімі Дархан Сатыбалды өңірдің дене шынықтыру мен спорт саласын жаңаша бағытта реформалауды жалғастыруда. Қазақстан спортының дамуы жолында мол үлесі бар Түркістан облысы жаңаша келбетте жаңарған рухани-мəдени орталық қана емес, дүниежүзілік деңгейде спорты дамыған іргелі аймақ болады деп жоспарланып отыр.

Түркістан: «Жас ұрпақ оқуы - елдің интелектуалды ресурсы» атты қалалық зерделі кеңес өтті

 

Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар кітапханасының ұйымдастыруымен "2022 - Балалар жылы: Жас ұрпақ оқуы - елдің интелектуалды ресурсы" атты тақырыпта қалалық зерделі кеңес ұйымдастырылды. Зерделі кеңесті Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің деректоры Малдыбекова Күлзада Жұмағұлқызы ашып берді. Балалар кітапханасының кітапханашысы Аманкулова Жәудір "Кітап арқылы ашылған сырлы әлем" көрме инсталяцияларға шолу жасап көрмені ашу мақсатында Крассворд - кітап көрмесін ұсынды. ОКЖ әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Журкаева Жансұлу Божбанбайқызы "Идеядан жобаға дейін" жобалармен жұмыс жасау, жоба құрудағы жалпы мақсаттар жайлы айтса, ОКЖ библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Абдрасилова Камшат Арыстанқызы "Кітапханада библиографиялық жұмыстарды ұйымдастырудың жалпы мәселелері" тақырыбында баяндама оқыды. N9 кітапхана-филиалының меңгерушісі Абдуманнапова Гүлмира "Кітапхана жұмысындағы заманауи әдістер" жайлы мастер класс жүргізді. ОКЖ-не қарасты балалар кітапханасының меңгерушісі Әлмахан Нұргүл Бейсенбайқызы "Кітапхана - балаларға жаңа бағыт сыйлайды" тақырыбында тренинг өтті. Зерделі кеңесте кітапхана директоры Малдыбекова Күлзада Жұмағұлқызы кітапханашыларға шығармашылық табыстар тіледі. Зерделі кеңеске қатысқан кітапханашылар өздеріне кәсіби бағытта мол тәжірибе алып қайтты.

ТҮРКІСТАН: «ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ» СЕНБІЛІК КЕШІ ӨТТІ

1-қазан қарттар күні мерекесіне орай Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ жатақханасында «Ұрпақтар сабақтастығы» тәрбие жобасы аясында

«ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ» атты сенбілік кеші өтті. Ұрпақтардың өзара достығы, олардың бір-біріне деген пейілі мен көңілі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі – ертеден келген, қанымызға сіңген игі қасиет. Бүгінгі күні өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде заманауи білім берумен қатар, баланың рухани мәдениетін арттырып, дүниетанымын қалыптастыруда мектептің үлесі орасан зор. NIS жүйесіндегі «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы тәрбие жұмысында осындай мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған.Кеште жатақхана оқушыларының ата-әжелері Қонысбеков Әлімбек атамыз бен Қонысбекова Ұлтуар әжеміз, Ахан Үсен атамыз бен Мүсілім Ұлзия әжеміз және 83 жастағы Әсетова Қызтумас әжеміз қонақ кәде ретінде күй тартып, ән шырқап берді. Жатақхана қабырғасында «Жас аспаз», «Қолөнер», «Шеберлер алаңы» атты үйірмелері жұмыс жасайды. «Жас аспаз» үйірмесінің оқушыларының дайындаған қазақтың ұлттық тағамы «Бешбармақ» ортаға қойылып, «Қуыс үйден құр шықпа» - деген қазақта сөз бар, осы жатақхана оқушыларының «Шеберлер алаңы» үйірмесінде дайындаған бұйымдары келген қонақтарға тарту етілді.

КЕНТАУ: Жасөспірімдер арасында "АИТВ инфекциясының таралуының алдын -алу" тақырыбында дәріс оқылды

Ә.Молдағұлова атындағы 19 мектеп-лицейінде адами әлеуетті дамыту бөлімінің 13.09.22 ж. 08-1-1-239 хатына сәйкес, жасөспірімдер арасында "АИТВ инфекциясының таралуының алдын -алу" тақырыбында Облыстық ЖИТС орталығының маманы М.А.Кенжегуловтың қатысуымен дәріс ұйымдастырылды.

«Бүгінде Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының эпидемиясы шоғырланған сатыда тұр. Осы аурудың эпидемиясы басталғаннан бері ел азаматтары арасында АИТВ-инфекциясының 41 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайларының 0,3 пайызға өсуі байқалады. Соңғы жылдардағы үрдіс - жұқтыру қаупі көбірек халықтың негізгі топтарын тестілеумен қамтуды арттыру болып табылады»,- деп бастады баяндамасын маман. .

 Вирустың  сыртқы ортаға төзімділігі төмен, мысалы 56 градус  температурада  жарты сағат, 100°С-та  бір-екі сағат ішінде белсенділігі жойылады. 

Сонымен қатар АИТВ мұздатылған жағдайда бірнеше жыл сақтала береді. Инелер мен шприцтердегі кеуіп қалған қан, сондай-ақ наркотикалық  дәрі-дәрімектердің ерітіндісінде өзінің белсенділігін үш аптаға дейін және (бөлме температурасында) одан көп сақтауы мүмкін, оның таралуы есірткіні инемен тұтынушылар арасында таралуына себепші болған маңызды факторлардың бірі болып табылады. 


Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар  бар болған жағдайда, АИТВ жұқпасының берілу қауіпі жыныстық байланыс кезінде 2-5 есеге артады. Ашық жарасы бар (мысалы, ұшық) жыныстық жолмен берілетін инфекциялар болған кезде, тіпті қауіпті. 

Егер қанмен, ұрық сұйықтығымен, жатыр  сұйықтығымен байланыс болмаса, АИТВ жұқпасының болу мүмкіндігі жоқ.

АИТВ жұқпасының  берілу жолдары: 

- қорғалмаған жыныстық қатынас (презервативсіз); 

- шприц, (ине және басқа да егу құралдарын бірлесіп немесе қайтара қолдану, татуировка және пирсингке  арналған залалсыздандырылмаған құрал жабдықтарды пайдалану, бөтен адамның қырыну құралдарын пайдаланғанда, қанның қалдығы қалған тіс щеткасын пайдаланған кезде);

- АИТВ жұқтырған ана жүктілік кезінде, босану және емшекпен емізу кезінде балаға жұқтыру. 

АИТВ мына жағдайларда берілмейді: 

- жәндік шаққанда; 

- құшақтасып, қол алысқанда; 

- монша, ванна, бассейн, әжетхананы бірлесіп қолданғанда; 

- төсек-орын, ыдыс-аяқ және басқа да тұрмыстық заттарды бірлесіп қолданғанда;

- түшкіргенде және жөтелгенде; 

- достастық сүйісулерде;

- қауіпсіз жыныстық қатынаста.

Қазіргі уақытқа АИТВ-инфекциясы қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды проблемасы болып қалып отыр. Қазақстанда АИТВ-инфекциясының таралу деңгейі төмен және тұрақты деп есептеледі делінгенмен  нақты эпидемиологиялық деректер АИТВ – инфекциясының одан әрі таралуын дәлелдейді. Жыл сайын анықталатын жағдайлардың саны төмендемей, Қазақстанда эпидемияның дамуы әлемдегі барлық елдердегідей, жыныстық жолмен жұқтыру жағдайларының артуымен сипатталады.

Сондықтан да АИТВ/ЖИТС-ті  болдырмау үшін  профилактикалық іс-шараларды насихаттау шараларын өткізумен,ақпараттану деңгейін арттырумен, салауатты өмір салтын жарнамалаумен, есірткіден және кездейсоқ сексуальдық байланыстардан бас тарту, тұрақты серіктесінің  денсаулығы туралы қамқорлық жасаумен жалғасуға тиіс. Жұқтырылған ауруды емдеуге қарағанда, АИТВ-ны жұқтырудан сақтану анағұрлым кепілдендірілген пайдалы және тиімді екенін баршамыздың білгеніміз жөн.