Жұма, 02 Ақпан 2024 23:04

Шымкентте базарларды модернизациялау, ретсіз саудамен күрес шаралары пысықталды

Бүгін қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің төрағалығымен өткен жиында базарларды модернизациялау, ретсіз және заңсыз саудамен күрес мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазір Сауда және интеграция министрлігімен базарларды жаңғырту жөніндегі Жол картасы әзірленіп, орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Алайда қала аумағындағы базарларды жаңғырту жұмыстарын тездету қажеттігі байқалуда. Мұндай келеңсіздіктер қала көркіне кері әсер етіп қана қоймай, халыққа қолайсыздық туғызып отыр.

– Мақсат – сіздердің жұмыстарыңызға тосқауыл жасау емес, дұрыс түсініңіздер. Керісінше, өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірлесе отырып шешу. Сіздер жұмыс орындарын беріп, салық төлеп, тұрғындарымыздың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып отырсыздар. Дегенмен сауда орындарына, ретсіз саудаға қатысты халықтан да кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағым бізге көптеп түсуде. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ең алдымен, заң талаптары орындалуы керек. Бұл ретте мәселелерді ашық түрде талқылап, оңтайлы шешуде өз тарапымыздан қолдауға қашан да дайынбыз, – деді қала әкімінің орынбасары.

Жиын барысында кәсіпкерлер толғандырған сұрақтарын жолдап, өрт қауіпсіздігін алдын алудағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар, сақтандыру мәселесіне қатысты, базарларды модернизациялауда, санитарлық ақуалды жақсартуда, ретсіз саудамен күрес шараларын жүргізуде ұсыныстар пысықталды.

 

Оқылды 299 рет