Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024 16:03

Дархан Сатыбалды Сенат депутаттарымен кездесті

Түркістан облысына ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаты жұмыс сапарымен келді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сенаторлармен кездесіп, өңірді дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Алдағы жоспарларды баяндап, негізгі басымдықтарға тоқталды.

– Қасиетті Түркістан өңіріне қош келдіңіздер. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы көпбалалы аналар саны бойынша республикада көш бастап тұр. Халқымыздың 90 пайыздайы ауылда тұрады. Барлығы өзі еңбек етіп, тіршіліктерін дөңгелетуде. Біз өндірісті дамыту, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығына басымдық беріп отырмыз. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын енгізу тапсырмасымен облысымызда осы бағытта 6-7 зауыт ашылады. Шетелдік инвесторлармен мақта кластерін дамыту бойынша келісім жасалып, жұмыс жүруде. Одан өзге де жобалар жоспарға енгізіліп, жұмыс орындарын көбейтуге күш салынып жатыр. Республикалық бюджетке тәуелді жобалар бар. Сондықтан аймақты дамытуда сіздердің де қолдауларыңыз қажет. Бұл ретте бірлесе жұмыс істейміз деген сенімдемін, – деген Дархан Сатыбалды инвестициялық жобалар туралы кеңінен айтып берді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бастаған сенаторлар да өз пікірлерін ортаға салып, әлеуметтік маңызы бар, ел нақты талап етіп отырған жобаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Өңірдегі бастамаларды оң бағалап, кәсіпорындар, өндіріс орындарын ашу бағытындағы бастамалардың орынды екеніне тоқталып, өңірді дамытуда бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін атап өтті.

Іссапар барысында сенаторлар өңірдегі шекара бекеттерін, экономикалық және өндірістік аймақтарды, нысандарды аралады.

Осы тұста айта кету керек, биылғы І тоқсанда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Көрсеткіштер жақсарған. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар индикатордың орындалуы төмен деңгейде болды. Өнеркәсіп пен өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемінің нақты көлемі индексі Мақтаарал, Шардара, Отырар, Сауран және Сарыағаш аудандарында орындалмаған. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның нақты көлем индексі Отырар, Кентау, Мақтаарал мен Жетісайда төмендеу орындалып отыр. Осы секілді бірқатар көрсеткіштер бойынша жоспарларды орындамаған аудан, қалалар бар. Олар негізгі көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамаған. Рейтингте соңғы 3 орында тұрған аудан, қала әкімдерінің жауапкершілігін қолданыстағы заңнама аясында қарау бойынша ұсыныс енгізілген. Облыс басшысы белгіленген көрсеткіштердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырған. Басты бағыттар – инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту.

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларында оң динамика сақталды. Жалпы рейтингте 37 индикатор жоспарланған.

Өнеркәсіп өнім көлемін есепті кезеңде 226,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, ол 274,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,1% деңгейінде орындалды. Жоспарға қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің есепті кезеңде 103,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 122,5 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 114,8% деңгейінде жүзеге асқан. Ауыл шаруашылығында өнім көлемін122,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 128,8 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның І тоқсандағы межесі 105,5 млрд. теңге болса, нақты 132,3 млрд. теңгені тартылып, артығымен атқарылған.

Құрылыс жұмыстары көлемінің жоспары 31,5 млрд. теңге болса, нақты 36,7 млрд. теңгені құрап, жоспарға қол жеткізілді. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер жоспары 120,1 мың шаршы метр болса, нақты 150,3 мың шаршы метр үй пайдалануға тапсырылған. Ішкі туристер саның ұлғайту мақсатында І тоқсанға 45 490 адамға жеткізу жоспарланған, орындалуы 46 683 адамды құрап аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен орындалды.

АЕМ-ді мобильді интернетпен қамту көрсеткіші бойынша аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен атқарылған. Сонымен бірге қанайналым жүйесі мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім төмендеген. Жалпы рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Сауран, Кентау, Сайрам және Түркістан әкімдіктері орналасқан.

Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.

Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

Стратегиялық құжатты әзірлеу барысы былтыр қазан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиынға қатысушылар жоспарды іске асыру мәселелерін және асырудың одан арғы қадамдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы.Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Өңірімізді дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Негізгі мақсаттар бір құжатта нақты көрсетіліп, бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеп, күш салу керек. Бұл құжат өңірдің 7 жылдық даму жоспары ретінде қызмет етіп, индикаторлар орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасы енеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 387 рет