Сәрсенбі, 10 Шілде 2024 08:44

Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу барысы талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуде Түркістан қаласына тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Осы бағытта жұмыс жүргізіліп, Түркістан қаласына рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту үшін ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Таяуда Түркістанға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Үнзила Шапақ, Абзал Құспан және Нұрсұлтан Байтілесов пен жауапты министрлік өкілдері арнайы келді. Халық қалаулыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, бұл заңның маңызы туралы пікір алмасты.

– Түркістанның тарихи орны айрықша ғой. Келешекте Түркі елдеріне ортақ іс-шаралардың бәрін осында өткізуді жоспарлап отырмыз. Соған сай әрі дайын болуымыз керек. Мемлекет басшысының қолдауымен тарихи шаһарды дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса қалаға ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы әзірленді. Бұл бастама қаламыздың дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Қаланың өзіндік сәулет үлгісін сақтай отырып, ескерткіштерін қорғап, тарихи шаһар ретінде дамытуымыз қажет. Түркістанға келетін туристер қазақтың тарихынан, салт-дәстүрінен, мәдениетінен мағлұмат алып, танысатындай болуы тиіс. Оларға біздің ұлттық ерекшелігіміз, тарихымыз қызықтырақ. Аталған заң жобасы осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ Түркістанның тарихи орнын айшықтайтын Заң жобасы маңызды әрі керек құжат екенін айтты.  – Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу және қабылдау мәселесін Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ерекше бақылауға алып, жұмыс тобын құрды. Тиісті тапсырмалар берді. Бұл Заң жобасын ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынды. Бір айта кетерлігі, бұл – Үкімет тарапынан қазақ тілінде әзірленіп, ұсынылған алғашқы Заң жобасы. Осында тарихи мәні бар. Екіншіден, бұл Заң жобасын әзірлеуге халық та тікелей атсалысып, өз ұсыныстарын білдіруде. Сол пікірлерді тыңдап, Заң жобасына енгіздік. Ескерткіштерді қорғау, қаланы дамыту сынды бастамалар көрініс тауып отыр, – деді Үнзила Шапақ.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан: «Дәстүрге негізделген Заң өміршең болады. Менің ойымша, Түркістанның мәртебесі туралы Заң жобасы қысқа болса да, тарихи маңызы жоғары болады. Біздің өңірге келу мақсатымыз – Түркістан тұрғындарының, зиялы қауым өкілдерінің ойларын, пікірлерін тыңдау, ұсыныстарын білу. Заңды бекітерде осы ұсыныстар ескеріледі. Тұрғындардың тұрмыс сапасы, мәдениеті, білімі көтеріліп, Түркістан заманауи әрі бәсекеге қабілетті шаһарлар қатарынан орын алады деген сенімдемін» деді. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов те өз пікірін айтты. Қос тарап халықпен кездесу өткізіп, жұмысты бірлесе, атқаруға уағдаласты.

Аталған Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленгенін айта кетейік. Құжат Түркістан Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуы, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. 

Заң қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде,  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасайды. 

«Сондай-ақ заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді», делінген Үкімет хабарламасында.

Құжат шеңберінде Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы  қорғау аймақтары белгіленеді. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады. Заң қабылданғанда қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады. 

Археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты археология ескерткішін тұрақты инспекциялау, оны алдын ала күтім жасау және оны қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді. 

«Заң жобасы Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілетті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін кеңейтуге бағытталған. 

Заң жобасы шеңберінде жер пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады», делінген Үкімет хабарламасында.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы шешім қабылданған болатын. 

Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.

Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.

Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан» – дейді мамандар. Былтыр 46 қонақүй келушілерге қызмет көрсетсе, биылғы жылы олардың саны 57-ге жеткен. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. Жақында ашылатын «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығады деп күтілуде.

Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.

Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

Соңғы 5 жылдың көлемінде Түркістан қаласында көптеген туристік нысандар салынды. Туристік жобалар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген. Дегенмен туризм саласында әлі де ізденіс, тың идеялар керек.

– Түркістан өңірі туризмін дамыту бойынша нақты жоспары болуы керек. Түрлі идеяларды қарастырыңыздар. Таулы аймақтарда, Сарыағашта туристік нысандар мен шипажайлар арнайы жоспарға сай салынуы тиіс. Кәсіпкерлер аудандарда туризмді дамытуға, бюджет түсімін арттыруға үлес қосса, қолдау көрсетіледі. Бірақ тәртіп болуы қажет. Жоспарсыз құрылысқа жол берілмейді. Жауапты басқарма туризм бойынша кеңес өткізсін. Осы саланы жақсы білетін туроператорларды, мамандарды, сарапшыларды шақырып, кеңесіңіздер. Меймандостық және туризм университетін де осы салаға жұмылдырған жөн. Түрлі туристік бағыттар әзірленсін, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі туризм саласында атқарылған жұмыстарды талқылаған жиында.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі өткен жылы 5 млрд теңгеге жеткен, биылғы 1-тоқсанының қорытындысымен 1 млрд теңгені құрап отыр. Туристік қызмет саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 2022 жылы 68,9 млрд теңге болса, биыл 5 айда 10,8 млрд теңгеге жеткен.

Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.

Нысандардың инфрақұрылымын жетілдіре отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда. Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 185 рет