Сәрсенбі, 10 Шілде 2024 12:22

Түркістан облысында этномедиацияны дамытуға арналған семинар-тренинг өткізілді

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық ортада қақтығыс көріністерінен бас тартуға бағытталған әлеуметтік қатынастарды дамыту арқылы медиация институтын дамыту» тақырыбында үш күндік семинар-тренинг өткізілді.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған семинар-тренингтің бүгінгі екінші күніне аудан, қала прокурорлары, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің аудандық, қалалық бөлімдерінің басшылары, аудан, қала әкімдері, полиция бөлімдерінің басшылары ҚР ҰҚК ТО бойынша департаменті 10 басқарма бастығы Арман Қожабаев, Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі-топ басшысы Ербол Тұрсынбаев, сондай-ақ аудан, қала прокурорлары қатысты. Аталған семинарды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде өркениетті елдерде медиация институтына мықтап ден қойылып жатқанын, бұл ретте өңірде этномедиация қызметін ілгерілетуде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Еліміздегі медиация қызметін үйлестіру міндеті Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелгені белгілі. Қазақстан Республикасының Медиация туралы заңы 2011 жылы қабылданып, күшіне енген. Бұл құжат еліміздегі медиация саласындағы қоғамдық және азаматтық қатынастарды реттейді. Мемлекет басшысы таяуда өткен Ассамблея сессиясында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында этномедиацияға қатысты жұмыстар қолға алынғанын айтып, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Қазақ халқының тарихында да медиация институты ерекше орын алған. Біздің де бұл механизмді «бабалар мұрасы» деп атауға толық құқығымыз бар. Себебі Ұлы даламыздағы билер институтының қызметі, Тәуке ханнан мұра болып қалған «Жеті жарғының» да біраз баптары дәл осы медиация принциптеріне негізделген. Бүгінгі семинарда спикерлер медиацияның заманауи механизімдері, этносаралық шиеленістерді реттеудегі алгоритмдер, медиативтік тәсілдер туралы өз тәжірибелерімен бөліседі, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Семинарда атап өтілгендей, бүгінде Түркістан облыстық ҚХА жанынан құрылған Медиация кеңесі құрамында 19 мүшесі мен 56 кәсіби және қоғамдық медиатор белсенді жұмыс істеуде. Өткен жылы өңірде этнос өкілдерінің қатысуымен 192 оқиға орын алса, соның 156-ы медиация жолымен оң шешілген. Ал биыл жыл басынан 41 оқиға тіркеліп, соның 28-і медиация тәртібімен оң бағытта шешімін тапқан.

Семинар барысында сала мамандары біліктіліктерін арттырып, өзара тәжірибе алмасты. Шеберлік сабағында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, Этномедиация орталығы директорының орынбасары Фарида Мусатаева, аталған институттың Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова арнайы дәріс оқыды. Онда этносаралық қақтығыстың туындау себебі, шиеленісуге ықпал ететін факторлар, оны реттеу кезінде жергілікті билік органдарының, этнос өкілдерінің рөлі шеңберіндегі тақырыптар қамтылған.

Еске сала кетсек, семинардың бірінші күніне аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, ауыл әкімдері мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты. Ал семинардың үшінші күнінде мектеп директорлары және олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысқанын айта кетейік.

Қазақстан халқы Ассамблея­сы қоғамдық келісім институттарын ілгерілету мен дамытуда бас­тамашы бола отырып, ел­дегі этносаралық келісімді қам­та­ма­сыз етуде этномедиацияны на­зардан тыс қалдырған жоқ. 2015 жылы ҚХА шетелдік сарапшылар мен медиация тренерлерін тарта отырып, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері үшін алғашқы оқыту семинарын ұйымдастырды. Бүгінде Ассамблея қоғам белсенділері арасынан медиаторларды оқы­ту арқылы медиация инс­титу­тын тұрақты негізде дамытуды жалғастырып келеді. Бұл бағыт­та өңірлерде де белсенді жұ­мыс атқарылды. Жарты жылға жуық уақытта осы бағыттағы мәсе­лелер­дің 40%-ы оңтайлы шешілді. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 1%-дан аспаған еді.

Бүгінде бейбітшілікті ту еткен еліміз – 100-ден аса этнос өкілінің қара шаңырағы. Алайда әлемдегі геосаяси ахуал күрделі тұс­­та шаңырақты шайқалтқысы ке­ле­тіндер бар. Яғни іште де, сыртта да татулығымызға көз алартып, түр­лі тұрмыстық кикілжіңдерді этносаралық қақтығыстарға ұлас­тыр­ғысы келетіндер бар. Осы орай­да этномедиацияның орны ерек.

Этносаралық мәселелерде бірлігімізді сақтап қалу үшін ме­диа­ция тәсілдері қолда­ны­лады. Жыл сайын 10 мың­нан астам мәселе қарасты­ры­лады. Жалпы, этномедиация қайшылықтар туындаған жағдай­да алдын алумен, шешумен және татуластыру жұмысымен айналысады. Бұл әдіс көп мемлекет­терде кездеспейді. Бізде арнайы бағдарлама қабыл­данып, әр ай­мақта семинар, тренингтер өткі­зіліп, этномедиаторлар оқы­тылып жүр. Қазіргі уақытта рес­публика бойынша этномедиаторлар саны 200-ге жетті.

Қоғамдық келісімді нығай­ту, саяси реформаларды жүйе­лі жал­ғастыру бір-бірі­мен тығыз байла­нысты. Түрлі аран­датушылық әдіс арқы­лы өзінің қилы мақ­сат-мүддесін жүзеге асыруға ты­ры­сатындар көп. Біз­дің елде тұрмыстық келіс­пеу­шіліктерді осы этносаралық си­паттағы жан­жалдарға балайтындар бар. Жал­пы, этносаралық негіздегі қақ­ты­ғыстың өзіндік кезеңдері бола­тынын ескеру керек. Әдетте жан­жалдар әлеуметтік себебіне қарамастан, әртүрлі этнос өкіл­дерінің қатысуымен болса, этнос­тық реңкке айналып кетеді. Бұл ретте арнайы медиаторлар даяр­ланды. Тренинг кезінде этно­саралық қатынастардың ерек­шеліктері мен қақтығыстар туын­даған жағдайда ақпаратты қалай беру қажет, араздықты болдырмаудың жолдары қандай деген сұрақтар жіті талқыланып, нақты кейстерге талдау жасалып отырады.

Негізі біртұтас ұлт концепция­сы – ұлтына қарай ерекшелеуге, азаматтарды дініне не мә­дениетіне бола арандатуға, кем­сітуге жол бер­мейтін орта қа­лып­тастыру. Кеңес­тің негізге алған қағидаты осы. Кейбір мемлекеттердің гео­стра­тегиялық амбиция­сы­нан этнодіни астар іздеуге тыры­са­тындардың, тіпті оны өркениет­аралық қақтығыс ретінде көрсет­кісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр. Жер жүзінде бәрімізді алаңдатын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қо­ғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, не болмаса кемсітуге мүлде жол бер­­мейтін орта қалыптастыру маңыз­ды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 233 рет