Дүйсенбі, 05 Тамыз 2024 13:38

Түркістан облысын дамыту жұмыстары жалғасады

Түркістан қаласында сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті оныншы сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауды таныстырды.

Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті оныншы сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.

Күн тәртібінде 10 мәселе қаралды. Атап айтқанда, Облыс әкімдігінің және облыстық тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері; Түркістан облысы бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру және табыстың өсуінің жаңа резервтерін анықтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы; Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі; Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі; Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен бірге Түркістан облысының елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету туралы; Түркістан облысының елді мекендерін электр энергиямен қамтамасыз ету туралы; «Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №42/449-VI шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесін лауазымынан босату мәселесі қаралып, тиісті шешім шығарылды. «Түркістан облысында елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидааларын, Түркістан облысы қалалары мен елді мекендерінің аумақтарының қағидаларын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 10 шілдедегі №4\50-VIII шешіміне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс та қаралды. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.

Сессияны қортындылаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде бірлесе атқаратын жұмыстар көп екенін жеткізді. – Облыс әкімдігі мәслихатпен бірігіп, өңірді дамыту жолында жұмыс атқаруда. Сіздерге осы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бірақ әлі де атқарылатын жұмыс көп. Біз өңірге инвесторлар тарту бағытында жұмыс атқарып жатырмыз. Сонымен бірге Түркістанда Оңтүстік Кореяның оқу орнының филиалын ашу туралы келісімге қол жеткіздік. Біз жаңа оқу орнын ашып, сапалы білім беріп, жастарды даярлауымыз керек. Жұмыс орындарын көбейткен жөн. Жуырда Татарстанға барып ІТ, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көріп келдік. Облысқа жаңа жобалар, жүйелі жұмыстар, ізденістер қажет. Алдағы уақытта да баршамыз бірігіп, аймақты дамыту жолындағы жұмысты жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысында өнеркәсіп өнім көлемін есепті кезеңде 226,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, ол 274,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,1% деңгейінде орындалды. Жоспарға қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің есепті кезеңде 103,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 122,5 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 114,8% деңгейінде жүзеге асқан. Ауыл шаруашылығында өнім көлемін122,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 128,8 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның І тоқсандағы межесі 105,5 млрд. теңге болса, нақты 132,3 млрд. теңгені тартылып, артығымен атқарылған.

Құрылыс жұмыстары көлемінің жоспары 31,5 млрд. теңге болса, нақты 36,7 млрд. теңгені құрап, жоспарға қол жеткізілді. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер жоспары 120,1 мың шаршы метр болса, нақты 150,3 мың шаршы метр үй пайдалануға тапсырылған. Ішкі туристер саның ұлғайту мақсатында І тоқсанға 45 490 адамға жеткізу жоспарланған, орындалуы 46 683 адамды құрап аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен орындалды.

АЕМ-ді мобильді интернетпен қамту көрсеткіші бойынша аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен атқарылған. Сонымен бірге қанайналым жүйесі мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім төмендеген. Жалпы рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Сауран, Кентау, Сайрам және Түркістан әкімдіктері орналасқан.

Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.

Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

Стратегиялық құжатты әзірлеу барысы былтыр қазан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиынға қатысушылар жоспарды іске асыру мәселелерін және асырудың одан арғы қадамдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы.Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Өңірімізді дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Негізгі мақсаттар бір құжатта нақты көрсетіліп, бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеп, күш салу керек. Бұл құжат өңірдің 7 жылдық даму жоспары ретінде қызмет етіп, индикаторлар орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасы енеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 412 рет