Жексенбі, 25 Қараша 2018 10:54

Шардарада «дәстүрлі құндылықтар керуені» көшпелі жиыны өтті

Сәрсенбі, 21 қараша күні Шардара қаласындағы «Абай» Мәдениет сарайында Түркістан облысы бойынша ұйымдастырылып жатқан «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиын өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевтің төрағалығымен өткен жиынға аудандық терроризмге қарсы комиссия мүшелері, ақпараттық түсіндіру топтары, аудандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қала және ауылдық округтердегі ауыл билері, қала, ауыл әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және басқалар қатысты.

«Өткізіліп отырған іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың дәстүрлі рухани мәдениетін дәріптеу, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау. Рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы күресудің жолын түсіндіру болып табылады. Сондай-ақ, халықтың рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр, мәдениетімізді сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеудің құндылығын әрбір азаматқа түсіндіре білу – бүгінгі жиынымыздың басты өзегі болмақ», - деді Бауыржан Қуанышбайұлы.

Көшпелі жиында облыстық ақпараттық-насихаттық керуен мүшелері, атап айтқанда, облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-і директорының орынбасары Мәди Бесбаев, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Шолпан Мамытханова дін саласындағы мемлекеттік саясатқа жан-жақты талдау жасай отырып сөз сөйледі. Жарыссөзге жазылған аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің дінтану пәнінің мұғалімі Қуаныш Садықбеков сөз сөйлеп, бүгінгі жас ұрпаққа ата дәстүрді ардақтата білу жолында көпшілікті бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері тарапынан қыз баланың тұсауын кеспеу, ұл баланы бесікке салғанда «бесікті сату» секілді ырымдардың дұрыс еместігі жөнінде айтылған сөздерге залға жиналған тұрғындар түрлі сауалдар қойып, оған тұщымды жауаптар алды. Сахнадағы үлкен экранда жат ағымға кріп, ақырында түрмеде отырып, өз ісіне өкініш білдірген жандардың бейнеролигі көрсетілді.

Жиынды қорытқан Бауыржан Шомпиев: «Бүгін дәстүрлі құндылықтар жөнінде әдемі ой-пікірлер айтылды. Мемлекетіміздің бүгінгі таңда алға қойып отырған мақсаты да халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа мирас ету болмақ. Осы керуенді ұйымдастырып, әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнінде халықтың ортасына келіп, кеңінен наксихат жұмыстарын жүргізген, емін-еркін пікір алмасу өткізген азаматтарға алғысымызды білдіреміз», - деді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 927 рет