Жұма, 24 Мамыр 2019 18:43

«Nur Otan» партиясы созақтық депутат Айбар Күзенбаевтың партбилетін қайтарып ала ма?

 

«Nur Otan» партиясы төрағасының 1-орынбасары Мәулен Әшімбаевтың, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің, «Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы Салыхан Полатовтың назарына! 

 Мәслихат – белгілі бір аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Ол сол аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіреді және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді әрі атқарылу барысын бақылайды. Ал осындай өкілетті органға сайланған азамат сөзімен де, ісімен де, пайым-парасаты һәм болмыс-бітімімен де қалың бұқараға үлгі болуы тиіс. Өйткені ол – халықтың сеніміне ие болған, қалауы түскен депутат. Өкінішке қарай, жұртшылық күткен үдеден табылмай жүрген депутаттардың арагідік болса да, кездесіп қалатыны жасырын емес. 

Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Құмкент дейтін ауылдық округ бар. Құмкент, Қызылқанат және Қызылкөл атты ауылдардың басын қосқан округте 3 жарым мыңнан астам халық тұрады. Ынтымағы жарасқан осынау елді мекендердің тұрғындары бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып, белсенділік танытып, 2016 жылдың 20 наурызындағы саяси науқанда Созақ аудандық мәслихатына Айбар Сапарбекұлы Күзенбаевты ордабұзар жасқа толуына бір жыл қалғанында депутат етіп сайлаған-ды. Жергілікті әлеумет үшін Айбар Күзенбаев бөтен емес. Құмкентте кіндік қаны тамып, құмкенттіктердің көз алдында өскен, ұстаздар отбасында тәлім-тәрбие алған. Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы орта мектептен (қазір мектеп-гимназия – ред.) түлеп ұшқасын Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп, ауылға филолог мамандығын игеріп оралды. 2010 жылдың қарашасынан күні бүгінге дейін бір кездері өзіне әліпті таяқ деп үйреткен білім ұясында еңбек етіп келеді. Сайлауға түскен уақытта педагог-ұйымдастырушы лауазымын атқарған Айбар Күзенбаев – бүгінгі таңда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жалындаған жас, күш-қуаты тасып тұрған азаматтың сайлауалды бағдарламасындағы «Өмірде жинақтаған тәжірибемді, жастық жігерімді, білімім мен қарым-қабілетімді қолдана отырып, депутаттық мандатқа ие болған жағдайда, туған жерім Құмкент ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс жағдайы мен күнкөріс қабілетінің артуына өз үлесімді қосып, халықтың бірлігі мен ынтымағына арнасам деймін» деп басталатын уәделері де елдің есінде, санасында сайрап тұр. Алайда халықтың бірлігі мен ынтымағы туралы айтқан Айбар Күзенбаевтың соңынан соңғы бес айдан бері жағымсыз әңгімелер ілесіп жүр екен. Мұны Қызылкөл ауылының төбе биі Жұманәлі Есентайұлы қынжыла айтып қалды.  «Жас жігіт. Өзіміздің ауылдың баласы. Келешегі бар. Мектепті бітірген соң Алматыда оқып келді. Дипломын алып, сол өзі оқыған мектепке жұмысқа тұрды. Одан халық, ағайын-туысқан қолдап, депутат болды. «Семіздікті қой көтереді» дейді ғой, депутаттықты көтере алмай қалды ма, кім білсін, көп нәрсенің байыбына бармайтындай, ұқпайтындай әсер қалдырады. Былтыр желтоқсан айында ауылдағы дәмханадағы көңілді думанда арақ ішіп, масаңдау боп, таяқ жеп қалған ба, бірдеңе. Куәгерлердің айтуынша, Айбар ол отырысқа келген кезде-ақ масаң боп кірген көрінеді. Содан бері сүттей ұйып отырған ауыл халқының бірлігіне сына қағыла бастады. Желтоқсаннан бері қарай соның шуы басылар емес...» дейді ол.

Білетіндердің сөзіне сенсек, бұл оқиға аудан көлемін былай қойғанда, облыс әкімдігіне шейін мәлім болыпты. Ұят, ә? «Жалпақ жұрттың қамын жейді. Қара халықтың мұң-мұқтажын биліктің құлағына жеткізеді» деп, зор сенім артып сайлаған депутаттың аты арақ-шарап пен таяқ жеудің төңірегінде дүңкілдеп шығып жатса! «Өзің комсомолсың – өзің талқан жейсің» демекші, Айбар Күзенбаевыңыздың өзі – Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етіп отырған «Nur Otan» партиясының мүшесі! Жай партия емес, билеуші партияның мүшесі! Оның үстіне «Nur Otan» партиясының Созақ аудандық мәслихатындағы фракциясының мүшесі! Сондықтан Айбар Күзенбаевқа қатысты «арақ ішіпті, таяқ жепті» деген оқиғаға «Nur Otan» партиясының Созақ аудандық филиалының төрағасы Салыхан Полатовтан бастап «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрғасы Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы төрағасының 1-орынбасары Мәулен Әшімбаевтар бейжай қарамауы тиіс! «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой, Айбар Күзенбаевтың арақ ішіп, таяқ жегені рас болса, мемлекеттің даму бағдарын белгілеп, кемел келешекке батыл көз тігіп отырған билеуші партияның халық алдындағы беделіне нұқсан келмей ме? Айбардың арақ ішіп, таяқ жегенін жұрт «Nur Otanның» арақ ішіп, таяқ жегеніндей қабылдап қалмай ма? Егер қылышынан қан тамған Компартияның дәуірі болса, мұндай келеңсіз әңгімеге «повод» бергені үшін А.Күзенбаев әлдеқашан партбилетін столдың үстіне тастап, партия қатарынан аластатылар ма еді? Тіпті депутаттық мандатын да тапсырар ма еді? Сондықтан қалай болғанда да осы мәселеге орай «Nur Otan» партиясының аудан, облыс, республика деңгейіндегі басшылары тереңінен, жақсылап ойланып, мүшесінің әдебі мен тәртібін таразылап, әділ шешім қабылдағаны жөн-ау.

Созақ аудандық мәслихатының депутаттығынан бөлек Айбар Күзенбаев – педагог. Бұл – оның негізгі қызметі. Өскелең ұрпақтың бойына білім мен тәрбие нәрін сіңіретін мектеп қабырғасында жұмыс істейді. Арақ пен таяққа байланысты жағымсыз оқиғалардың ішінде жүру ұстазға, оның ішінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына лайықты ма? Ұстаз қай заманнан-ақ ұлтқа ұстын еді ғой. Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген аталы сөзді тектен-тек айтты деймісіз?!

Мектеп дегеннен шығады, «ел құлағы – елу» емес пе, Айбар Күзенбаев еңбек ететін Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияда таяуда жаға ұстатарлық жағдай орын алғанға ұқсайды. Ұзынқұлақтан естігеніміз, аталмыш білім ошағының 8-сыныбында оқитын ұл бала 7-сыныптағы қыз баланы зорламақ болған көрінеді. Әйтсе де «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегендей, бұл сорақы оқиғаны мектеп басшылығы жылы жабуға тырысқан секілді. Бәлкім, жабулы қазан жабулы күйінде, бәрі «ойдағыдай» тыншып кетер ме еді, кім білсін, түнеугүні әлгі 7-сыныптағы оқушы қыз тамырын кесіп, өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған дейді білетіндер. Яғни мектеп оқушысының суицидке бару фактісінің төбесі қылтияды. Сірә, жасөспірімнің жүйкесіне салмақ түсіп, моральдік-психологиялық тұрғыдан соққы алса керек. Ал иегінің астындағы болып жатқан бұл жағдайдан сол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Созақ аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Айбар Күзенбаев бейхабар дегенге сенесіз бе? Бәрін былай қойғанда, бұл оқиғаға орай Айбар Күзенбаев тікелей жауап беруі керек емес пе? Бұл тәрбие процесінде жіберілген қателіктің салдарына көбірек ұқсайды ғой. Бұл ретте қандай комиссия құрылып, кімге қандай шара көрілді? Егер зорлауға ұмтылу фактісінің, артынша суицид оқиғасының орын алғаны рас болса, Айбар Күзенбаевтың Созақ аудандық мәслихатының депутаты тұрмақ, мектепте ұстаздық қызметін жалғастыруға қаншалықты құқы бар? «Өзің дуанасың, кімге пір боласың?» демекші, егер өзі жалақы алып отырған жұмысына бұлай немқұрайдылық танытып, мектебін тәртіпке келтіре алмайтын болса, Айбар Күзенбаевтан не үміт, не қайыр? Мүмкін, ол жерде сіз бен біз білмейтін талай-талай төбе шашты тік тұрғызар оқиғалар орын алып, бой тасалап жатқан болар. Титтей ғана ауылда осындай оқиғалар орын алып жатса, демек, бұл жерде тәрбие мен тәртіпке қатысты үлкен проблема бар деген сөз емес пе?

P.S. Сайлауға шамалы ғана уақыт қалды. Қазір үміткерлердің сайлауалды науқаны қызып тұрған шақ. Осындай жауапты кезеңде партия басшылығы «Nur Otanның» атына жағымсыз сөз ертпеудің, жағымсыз пікір қалыптастырмаудың амалын жасауы керек қой. Айбар Күзенбаевтың артынан ерген осынау сөздер «Nur Otanға» деген халықтың көңіліне қаяу, сеніміне селкеу түсіріп жүрсе ше? «Жақсы ат әпереді» дейсіз бе? Не болса да, билеуші партияның басшылығы Айбар Күзенбаевқа қатысты қара қылды қақ жарып әділ шешім шығарады, атүсті қарамайды деген сенімдеміз.

          Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Оқылды 3949 рет