Жұма, 24 Наурыз 2017 08:38

«...ИТТЕРДІ ДЕ АЖЫРАТА БІЛГЕН ЖӨН», ДАРХАН МЫРЗА!

Мемлекет деңгейіндегі соңғы кадрлық тағайындаулар мен ауыс-түйістер кейбір кісілердің шырағын қайта жағып, екінші тынысын ашатын болды. Ел басқара алатын, қолынан іс келетін, артынан адам ерте алатын азамат атқа отырып, тізгінді қолына алып жатса, әрине, қуанасың. Ұлттық музейде тапжылмай төрт жыл отырған Дархан Мыңбайдың «қызметі жоғарылапты» дегенді естігенде тура солай қуандық. Себебі Дархан Мыңбай әрдайым қолынан іс келетін, ел басқара алатын, Елбасының тапсырмаларын қалтқысыз орындайтын кәнігі мемлекеттік қызметкер болатын.


Шынын айту керек, Дархан Қамзабекұлының өмірі енді күрт өзгереді. «Ұлттық музейде елеусіздеу қалып қойды» деп кезінде сырт айналғандар енді қайтадан Дархан мырзаның үйін, кабинетін торуылдап, көңілін аулай бастайды. Өмір ғой...

Сырт айналған дегеннен шығады, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда шымкенттік біраз журналисі бар, өздерін журналиспіз деп шатастыратын бәлеқорлар бар, Дархан Мыңбайдың қолын сүйіп, топылайының ізіне маңдайын тигізіп, маңайынан шықпайтын. Ел арасында «ортаңқол, ортаңқолдан сәл төмендеу сол журналистердің тісін егеумен өткірлеп, аңға қосып, аң аулауға айласы жетпегендерге аңды алдына әкеліп беріп баққан Дархан Мыңбай еді» дейтін сөз бар. «Бұлар әлгі Дархан Мыңбайдың «күшіктері» емес пе» дейтін әңгімелерді де мына құлағымыз талай естіген. Ол кезде «Кімсің? Дархан Мыңбай!» болатын. Баспасөзден түсірмейтін. Сала-құлаш мадақ мақалалардан көз сүрінетін. Екі сөздерінің бірі Дархан Мыңбай еді, жарықтық. Дахаң «АП-ның» ішкі саясат бөліміне меңгеруші, одан соң Мәдениет және ақпарат министрі болғанда бұлардың қуанышында тіпті шек болмады. Баяғы баяғы ма, бұл жолы екі есе қошемет білдіріп, он есе қолпаштай бастады. Бұл осыдан 4-5 жылғы хикая болатын. Одан бері біраз су ақты, уақыт өтіп жатты. Талай кісілер қызмет ауыстырды...

Сол ауыс-түйістің тұсында Елбасы Дархан Мыңбайды жаңадан құрылған Ұлттық музейге басшы етіп жіберді. Ер адамның басына не келіп, не кетпейді. Қызметінің жоғарылығы бойынша Дархан Мыңбайды он орап алатын шенеуніктерді де көріп жүрміз ғой, Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы болғандар елші атанып жатыр, елшілердің кейбірі қайтадан Ақордаға келуде. Дархан Мыңбайдың музейге басшы болуы оны төмендету емес, «әртүрлі салада қызмет етсін, тәжірибе жинасын» деген жоғары жақтың кең пейілі деп қана түсіну керек. Десек те, әлгі ел айтатын «күшіктер» Дархан Мыңбай министрліктен музейге ауысқанда тап бір аттан өңгеріліп түскендей, енді қайтып басын көтермейтіндей көрді. Жан-жаққа қаша жөнелді. Бір кездері қолын сүйіп жүргендер, кездесе қалса, қолын алуға да жарамай қалды. «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты» деп ұлы ойшыл Абай ақын айтқандай, бұлар да сөйтті. Балтырын қанатпаса да, «көңіліне дақ салды» деуге болатын шығар. Десек те, ішіне кім кіріп шығыпты.

Құдайдан асқан шебер бар ма?! Енді оған жоғары лауазым бұйырмайтындай көріп ат-тонын ала қашқандары сол екен, Дархан Мыңбайды Президент таяуда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлығына өсіріп жіберді. Жоғарыда айтқанымыздай, енді Дархан мырзаның өмірі күрт өзгереді. Әлгі сырт айналған сабалақ жүнді күшіктері маңайын торуылдай  бастайды. Көңілінен шығу үшін неге барарларын кім білсін, бірақ қайтсе де, бар айласын пайдаланары хақ. Дархан Мыңбай «осылар кіріп кетпесінші» деп үйінің айналасына ұшы өткір темір шарбақ қойса, бұлар денесінің жараланғанына қарамай, сол шарбақтан секіріп түседі. Есік-терезені бекітсе, тышқан құсап еденнің астын кеулеп кіреді. Әйтеуір кездесу үшін, «жаздым-жаңылдым» деп иілу үшін барын салатынын ішіміз сезіп отыр. Мейлі, бірдеңе ғып үйіне, кабинетіне кірер, алайда, Дархан Мыңбайдың көңілінің төрінен орын таба алар ма екен? Сеніміне қалай кіреді? Мәселе –  осында.

Құдайдың адамға деген қамқорлығында шек болсайшы. Дархан Мыңбайды Ұлттық музейге жіберген ел басшылығы шығар, алайда, ел басшылығының ақылына соны салып беріп отырған – бір Құдайдың өзі. Біле білсе, бұл Құдайдың Дархан Мыңбайға деген рақымы сияқты. Себебі ойлануға уақыт берді. «Достың кім, дұшпанның қайсы екенін анықтасын, ажыратсын» деген болуы керек. Және «Дархан мырза ойланбады» дей алмаймыз. Ақылды азамат – ойлы азамат деген сөз. Ең болмағанда кімнің кім екенін, бөрі мен дүрегейді ажыратып алған шығар.

«...Иттерді де ажырата білген жөн». Тақырыпты бұлай қоюымыздың себебін енді түсіндіңіздер деп ойлаймыз. Бұл – біздің сөзіміз емес, қазақтың арда ақыны, Алаштың алтын ұлы Қадыр Мырза Әлінің сөзі. «Дүрегей» деп аталатын бес шумақ өлеңінің соңғы қатары болатын. Негізі, Дархан Мыңбайға Қадыр ақынның өлеңдерін жиі-жиі оқып тұруға кеңес берер едік. Өйткені Қадыр Мырза Әлінің өлеңдері адам тануды үйретеді. Кісіні таныған адам ешқашан адаспайды.

 Серік ОРАЗБЕК

Дүрегей

Қуанғаннан көкірегі нұр құшып,

Қиял құсы қырандармен бірге ұшып.

Болады деп бөрі басар қасқыр ит,

Балам менің асырады бір күшік.

 

Ыдыс-аяқ,

Ошақ басын жағалап.

Дәмге жақын балаларды сағалап,

Әлгі күшік бір күндері

Кәдімгі

Дүрегей болып шыға келді сабалақ.

 

Сәби көңіл шықпағанда құмардан,

Солғандай-ай өспей жатып гүл-арман.

Дүрегей боп бірегей боп жүргені,

Ақырында болды балам жыларман.

 

Өтер көңіл көп нәрсеге толмастан.

Өмір көрген мұндай іске болмас таң.

Бөрі болып өсу үшін, қарағым,

Бөлтірік боп туу керек о бастан.

 

Қапаланба, айналайын ұл-кенжем!

Қателік пе?!

Ол да біздер жүрген жер.

Адамдарды тани білу – ұлы өнер,

Иттерді де ажырата білген жөн.

 

 

Оқылды 5303 рет