Сенбі, 17 Тамыз 2019 16:43

Үкімет жетекшісі Асқар Мамин Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын тексерді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде Арыс қаласындағы тұрғын үй секторының, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының қалпына келтірілу, сондай-ақ Түркістан қаласындағы әкімшілік, тарихи-мәдени, әлеуметтік ғимараттардың салыну барысын тексерді. 

Арыс қаласында жалпы үйлер саны 8637, оның ішінде 7 166 тұрғын үй жөндеуді қажет етті. Қазіргі кезде жұмыстардың 97,4% аяқталды. 433 тұрғын үй қайта салынуда. Нысандарда 163 құрылыс компаниясы, 6 мыңнан аса жұмысшы мен 286 бірлік құрылыс техникасы тартылған.

Қаладағы шағын және орта бизнес нысандарын аралау кезінде Үкімет басшысына 536 кәсіпкерлік қызмет субъектісінен 509-ы қалпына келтіруді қажет ететіні туралы ақпарат берілді. Қазірдің өзінде 316 бизнес нысаны жұмыс істей бастады.

Асқар Мамин стадионға, ауруханаға, мектепке барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар жергілікті маңызы бар тарихи және сәулет ескерткіші болып табылатын «Арыс-1» теміржол вокзалын аралады. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет құрамына ғалымдар, реставраторлар, тарихшылар, Мәдениет және спорт министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері кірген комиссия құрды. Комиссия қорытындысына сәйкес, Арыс қаласының вокзалын қалпына келтіру бойынша «Самұрық-Қазына» Қоры жүзеге асырып жатқан жұмыстар оның тарихи-архитектуралық құндылығын жоймайды. ҚР Премьер-Министріне вокзалды қалпына келтіру келесі аптаның соңына дейін аяқталатыны туралы баяндалды.

Арыс қаласында барлығы 66 әлеуметтік нысан бар, оның 62-сі күрделі жөндеуден өткізілуі керек, ал 4-і толық қалпына келтірілуі тиіс. Қазір 45 нысанда жұмыстар аяқталды.

Асқар Мамин сондай-ақ Арыс қаласында тұрғын үйлері толық бұзылған 100 отбасыға арналған 52 қос пәтерлі коттеджден тұратын жаңа шағынауданның салыну барысын көрді.

«Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындар үшін барлық жағдайларды жасау керек», - деп, А.Мамин тұрғын үйлерді салу сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 879 рет