Сейсенбі, 20 Тамыз 2019 18:49

Өмірзақ Шөкеев Түркістанды түлетудегі тың тәсілді ұсынды

Арысты қалпына келтірудегі тәжірибе Түркістанды түлету жолында да қолданылады. Енді облыс орталығы 16 секторға бөлініп, ондағы жұмыстарға бір басқарма мен бір аудан жауап бермек. 

Аталған жұмыс бүгінде басталып кетті. Қазір көне шаһардың аумағы 16 бөлікке бөлініп, оның әрқайсысында тиісті мамандар зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Енді келесі айдан бастап қаржы бөлініп, негізгі жұмыстар басталады. Күні кеше облыс әкімі барлық секторды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Түркі жұртының ортақ отаны болған Түркістан үлкен құрылыс алаңына айналған. Себебі көне шаһардың қай бөлігіне барсаңыз да, құрылыс. Бір жерінде көше жөнделіп, енді бір бөлігінде үй тұрғызылуда. Ал орталықта Арбаттың құрылысы қызып, кесене маңы ерекше кейіпке еніп жатыр. Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы алдымен сол құрылыс жұмыстарының барысын бағамдады. Одан кейін әр сектор бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен танысты.

Облыс әкімінің тапсырмасымен бүгінде қала аумағы 16-ға бөлініп әр секторға тиісті әкімдіктер мен басқармалар бекітілді. Мәселен, қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан №15 секторда қазір облыстық қоғамдық даму басқармасының мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған аумақта 57 көше, 1282 үй бар. Бұл маңды келешекте жасыл желекке айналдыру үшін 18256 тал отырғызылып, 4 скважина қазылады. Одан бөлек көше жиектеріне аяқжолдар салынып, жолдар жарықтандырылуы тиіс.

«Қаржыны есептедік, бірінші кезекте бізге 357 млн. теңге керек. Бірінші басымдық, көшелердің бойына қондырылатын көшет мәселесі. Біз тұқымбақтармен ақылдасып отырмыз. Екінші – көшені жарықтандыру. Одан кейін аяқжолдар мүлдем жоқ екен» дейді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Жүнісов.

Оған Өмірзақ Шөкеев сол мезетте «Қаржы бөлінді деп есепте. Қазір бәрін жинап жатыр ғой. Қыркүйекте бюджетті қараймыз, сол кезде есептеп бөлеміз. Қаржы бар қазір. Басқа жұмыстарды есептей беріңдер. Көшетті қайдан аласыңдар? Техниканы қайдан аласыңдар? Адамдар қайда орналасады?» деп жауап қатты.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 545 рет