Жексенбі, 22 Қыркүйек 2019 15:03

Шымкент: Бюджетті жоспарлаудан сүрінген шенеуніктерге кеңшілік берілмеуі тиіс!

3 жыл 3 ай 22 күн. Бұл – Шымкент қаласының әкімі болып 3 мәрте тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымовтың аталмыш шаһарды тізгіндеген мерзімі. Білек сыбана еңбек етіп, нәтиже көрсету үшін, әрине, аз уақыт емес. Рас, қиялына қанат бітіріп, Ғабекең көп нәрсені армандады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», Шымкентті Лас-Вегастан мысқал да кем қылмау үшін талай-талай жобалары барын баяндағанда, аузымыздың суы құритын. «Шымкенттік Манхэттен» болады делінген «Shymkent Sity» қалашығының енді-енді төбесі қылтиып, «Shymkent Bus» муниципалды автопаркінің 1000 автобусы қала ішінде әрлі-берлі зырғитын күн де алыс емес» деп отырғанымызда лауазымымен қош айтысты. Ал Ғабидолла Әбдірахымов қызметін одан әрі жалғастыра бергенінде ол тілге тиек еткен, жұртшылықты елітіп әкеткен тамаша жобалар шын мәнінде жүзеге асар ма еді? Сіз қалай топшылайсыз? Өз басымыз Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен бюджеттік тәртіпті күшейту, оның атқарылуын жүйелеу және бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған жиыннан соң бұл сұраққа жауап беру оңай еместігін аңғарып, кібіртіктеп қалдық. 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қала басшысы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлаудағы кемшіліктерін сынға алып, орындаушылық тәртіптің өте төмен, сын көтермес деңгейде қалғандығын ашып айтқан. Нақтырақ тоқталсақ. Шымкент қаласы әкімдігінің салалық басқармаларында бюджеттік тәртіп талаптарының орындалмауы салдарынан бірқатар жобалардың іске асырылу мерзімі кейінге шегерілмек. Мәселен, биылға арналған бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 6458,2 миллион теңгесі ақтауға келмейтін себептермен қысқартуға ұсынылған. Оның 5052 миллионы бюджет әкімшісі болып табылатын басқармалардың мемлекеттік сатып алу конкурстарын мерзімінен шектен тыс кеш өткізуі салдарынан қысқартылып отыр. Басқармалар басшыларының өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармауы, қаржылық жоспарлауды талапқа сай жүргізбеуі, қала әкімінің салалық орынбасары тарапынан тиісті бақылаудың болмағандығы салдарынан мемлекеттік сатып алу конкурстары жыл ортасына дейін созылған.

Ғабидолла Әбдірахымовтың тұсында қаланың бюджетіне жауапты бола тұра, тиісті бақылау жасай алмаған орынбасары кім болғанын шырамытып үлгерсеңіз, енді өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармаған, қаржылық жоспарлауды талапқа сай жүргізбеген қай басқармалар екенін де шамалай отырыңыз.

Жұмыстың тиімді бағыттары белгіленбеуі, салалық басқарма тарапынан қолға алынған жобалардың қадағалаудың жоқтығынан жүйелі іске асырылмауы, шаһардың солтүстік-батыс бөлігіне жүргізілуі тиіс инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту жобасына қаралған  барлығы 1 116,9 миллион теңгенің 522 миллионы қысқартуға жолданған. Оған басты себеп – 16 кредитті тұрғын үйдің құрылысын 2020 жылы аяқтау жоспарланған. Яғни бюджеттік жоспар жыл басында дұрыс түзілмеген.

Кері қайтуы тиіс республикалық қаражаттың ішінде Шымкент қаласының білім саласы бойынша 2410,1 миллион теңге қысқартуға ұсынылған. Оның да басты себебі – мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімінен кеш өтуі. Салалық басқарманың салғырттығынан қаладағы №23 мектеп қосымша ғимаратсыз қалса, «Асар-2» шағынауданының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептен қағылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімдері кейінге шегерілмек.

Осы және өзге де бюджеттік сала түйткілдерін сын тезіне салған Ерлан Айтаханов бұдан былай бюджеттік өтінімге енген әрбір жоба бойынша басқарма басшылары жеке-дара жауап беретінін қадап айтып, қала әкімінің салалық орынбасарына бюджетті орындау тәртібін жеке бақылауына алуды тапсырды.

Мәселені түбегейлі шешу үшін қала басшысы бюджеттен бөлінген әрбір тиынға жауапкершілікті арттыру, қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, бюджеттік жоспарлаудың тәртібі мен мазмұнын қатаң сақтау бағытында әр басқарманың жанынан бюджетті жоспарлаудың, оны тиімді игерудің тәртіптерін меңгерген білікті мамандардан құралған кеңес құруды жүктеді. Саладағы бюджет тәртібін айналдырған бір-екі  лауазымды тұлға емес, сол салаға қатысты барлық түйткілдерді өте жақсы білетін қоғам өкілдері жұмылдырылуы тиіс екендігіне назар аударды.    

Ал 2020-2022 жылдарға арналған қала бюджетінің басым бағыттарын талқылау барысында Е.Айтаханов бұл мәселе де қаржылық жауапкершілікті талап ететін жұмыс екендігін ескертіп, алдағы үш жылға арналған бюджетті қалыптастыру барысында Шымкенттің мегаполис ретіндегі даму үрдісін ескеруді тапсырды. Бюджетте Елбасы тапсырмаларының орындалуы, қала келбетін жақсарту, азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, көріктендіру және көгалдандыру мәселелері қамтылуы тиіс екен. «ҚР Президентінің тапсырмаларына сәйкес, қаланың шеткі аумақтарындағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамытудың кешенді іс-шаралары жасалуы қажет» деді.   

Жиында Ерлан Қуанышұлы 2020 жылға Абай, Әл-Фараби, Еңбекші һәм Қаратау аудандары әкімдіктеріне 1 миллиард теңгеден қаржы бөлінетіндігін айтып, аудан әкімдеріне осы қаражатты тиімді бағыттаудың ұсыныстарын әзірлеуді және аталмыш жұмыстарды шалғай жатқан елді мекендердің инфрақұрылымына бағыттауды нақты тапсырды. «Аудан әкімдері бюджет қаражатына иек артпай, жеке инвесторлар тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруы тиіс» деген қала басшысы осы орайда «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен тығыз ықпалдастық орнатуды жүктеді.  

Маңызды мәжілісті қорытындылаған қала әкімі әрбір мемлекеттік орган басшысы өзіне жүктелген басты міндеттер ретінде – бюджетті дұрыс жоспарлай білуді, мемлекет қаражатын үнеммен тиімді жұмсауды және бюджеттің жауапкершілігін жетік сезінуі тиіс екендігіне назар аударып, жыл қорытындысында бюджет саласындағы кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара көрілетіндігін ескертті.

P.S. Жөн-ақ. Бірақ «Бір сынаған жаманды екіншілей сынама» деп Махамбет айтпақшы, біздіңше, бюджет саласындағы кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара көру үшін жылдың қорытындысын күтудің түкке керегі жоқ. Ең абзалы – орындарына халыққа жаны ашитын, мемлекеттің қазынасына салғырт қарамайтын білікті кадр іздеу.

Ал келер жылға аудан әкімдіктеріне 1 миллиард теңгеден қаржы бөлсе, аудан әкімдерінің де іскерлігін сүзгіден өткізіп алуға әбден болады. Себебі қала құрамына кіргеніне пәленбай жыл болғанына қарамастан, бәлкім, түрлі-түрлі «мегажобалардың» кесірінен, бәлкім, басқа-басқа біз түсінбейтін себептердің салдарынан табиғи газсыз, ауызсусыз, аяқжолсыз, көшелері жарықтандырусыз күн кешіп, «аспаннан шұға жауса да, сорлыға ұлтарақ тимес» демекші, қалаға қанша жаңа автобус әкелінсе де, қоғамдық көлікке жарымайтын, т.б. инфрақұрылым игіліктеріне мұқтаж тұрғын алаптары мен шағынаудандар жеткілікті.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Оқылды 2287 рет