Бейсенбі, 24 Қазан 2019 21:43

Шымкент: Жолдау бойынша іссапармен келген Үкімет мүшелері жастармен кездесті

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Б.Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелері Президент Жолдауының жүзеге асырылуын қадағалау және қалада жастар саясатының жұмысымен танысу үшін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де болды. Бердібек Мәшбекұлымен сұхбаттасуға қаланың жас белсенділері, ғалымдары, кәсіпкерлері және спортшылары келді. Сондай-ақ кездесуге Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов пен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысты. 

Студенттер білім, спорт, жастарды қолдау жөнінде мемлекеттік саясат туралы сұрақтар қойды.

"Бәсекелестік орта, әсіресе, жастарда болу керек. Биыл – жастар жылы. Одан соң еріктілер жылы болады. Сіздердің негізгі мақсаттарыңыз – білім алу. Себебі, қазіргі қоғам тек білімді талап етеді. Мемлекет тарапынан жастар үшін барлық жағдайлар жасалынған. Бүгінде билікте жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Сіздер бар күш-жігерлеріңізді еліміздің дамуына жұмсауларыңыз қажет", - деді Б.Сапарбаев.

Бүгінде аталған оқу орнында 27 мыңға жуық жас жоғары білімін жетілдіруде. Оның ішінде 25 пайызы қоғам жұмыстарына белсене қатысса, қалған бөлігі өнер, спорт және ғылыммен айналысады. Шымкенттік жастардың күйін таныстырған қала басшысы Е.Айтаханов қалада жастардың әлеуметтік қамтылуы жөнінде айтып берді. «Шымкент – жастар қаласы. Жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу мақсатында 641 жас кәсіпкерлік курсын тәмамдап, жұмысын дөңгелетуде. Сондай-ақ жыл басынан бері 150 жас баспанамен қамтылды. Жыл соңына дейін пәтермен 900 жасты пәтерлі ету жоспарланған», - деді шаһар басшысы. Қала әкімі "Жастар жылы" аясында студенттердің жатақханамен қамтылуы жөнінде айтып өтті. «Биылдың өзінде 250 орындық жатақхананы пайдалануға берілді. Келесі жыл қала әкімдігі мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ -і бірлесе тағы 500 орындық жатақхана соғуды көздеп отырмыз», - деді қала әкімі Е.Айтаханов.

Жалпы, шымкенттік жастармен болған сұхбат ашық, креативті және конструктивті өтті. Жастар аталмыш кездесуден өздеріне керекті ақпараттар мен ақыл-кеңестер тыңдап қайтты. Дәлірек айтсақ, вице-премьер оларға терең білім алуды, өз кәсібін ашуды және арандатушылыққа берілмеуді түсіндірді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 812 рет