Сейсенбі, 12 Қараша 2019 13:20

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданы әкімі еңбекқор шаруаларды "Алтын күз-2019" мерекесімен құттықтады

«…Ауданымызда ауыл шарушылығы саласы өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалып, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл Мақтаарал ауданының диқандары 60 926 гектар жерге егін екті. Оның ішінде 38 185 гектары мақта, 11 502 гектары бақша, 3 178 гектары дәндік жүгері, 2 055,4 гектар жерге көпжылдық екпе, 2 003 гектары жаңа жоңышқа, 1 827,6 гектары түрлі көкөністер, 1 615 гектары күріш, 500 гектары сүрлемдік жүгері, 152 гектары маш, 47 гектары жаздық бидай және 54,2 гектар жерге картоп егілген болатын. 

Былтыр ауа райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, "ақ алтыннан" 96 мың тонна өнім жиналған еді. Орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 100 мың тоннаға жуық «ақ алтын» жиналып, былтырғыдан көрсеткішіміз өсіп отыр.

Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданынан шығады деседі. Бұл – ресейлік және еуропалық кәсіпкерлердің сөзі. Бұған дәлел маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия елдеріне жол тартады. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында биыл бақша дақылдарынан 291 363 тонна өнім өндіріліпті.

Жаз айларында Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толды. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақүй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшек дүкенінің қызметтері қарастырылған. Алдағы уақытта көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылады. Осылайша қауын-қарбыз бизнесі Мақтаарал ауданында тұтас бір индустрияның дамуына жол ашып отыр.

Сол секілді ауданымыздың еңбекқор диқандары биыл 46 132 тонна көкөніс, 62 775 тонна мал азықтық дақылдарды, 234 тонна бидай, 667 тонна жеміс-жидек, 9 450 тонна күріш, 299 тонна маш, 957 тонна жүзім өндірген. Осылайша 2019 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өндірілген өнімнің көлемі 29 миллиардтан аса теңгені құрап отыр.

Биыл жылыжайлар көлемін қосымша 5 гектарға ұлғайту тапсырмасы берілген болса, қазіргі уақытта 5,5 гектар жерге жылыжайлар құрылып, тапсырманы орындау 109%-ға жеткен. Сондай-ақ, 60 гектар алқапқа жаңадан жүзім көшеттерін отырғызуға және 50 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын ендіруге тапсырма беріліп, екеуі де 100%-ға орындалды. Ал, 2019 жылы 94 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу тапсырмасы берілген болса, 10 айдың қорытындысы бойынша 124 дана техника, құрал-жабдықтар мен түрлі агрегаттар алынған. 2019 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 26 бас ірі қара малы алынып, қосымша 15 бірлік мал бордақылау алаңдары ашылған. 10 айдың қорытындысымен тапсырма толығымен орындалған.

Суармалы жер мемлекетіміздің алтын қоры десек, «ақ алтынымен» танымал Мақтаарал ауданына қарасты 61 мың гектарға жуық егістік алқаптың барлығы да суармалы жер екені белгілі. Соңғы жылдары жерасты суларының тез көтерілуі жердің сорлануына алып барып, аудан шаруаларының мол өнім алуына кедергі келтіріп жүргені үлкен мәселеге айналған еді. Одан қалса коллекторлық жүйелердің тазаланбауы, каналдар мен арық-атыз бетондарының шіруі немесе мүлде болмауы - егістік алқаптарына су жеткізуді қиындата түсті. Міне, мәселені шешу үшін мемлекетіміз қыруар қаржы бөліп, бүгінгі таңда ПУИД-2 жобасы бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

Мақтаарал ауданында ПУИД-2 жобасы жалпы 39 796 гектар аумақты қамтып, 3 кезең бойынша жүргізілуде. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілетін болады.

Жобаның І кезеңі бойынша әзірбайжандық "Акилик Груп" компаниясы, ІІ кезең бойынша ирандық "Туннель Саад Ариана" компаниясы, ІІІ кезең бойынша израйлдік "Тахал Консалтинг Инжиниринг" компаниясы қызу жұмыстарды жүргізуде. Жобаның 3 бірдей кезеңі де аяқталғаннан соң Мақтаарал ауданының егістік алқаптары жер асты суларынан, сорланудан тазарып, жеріміз құнарланып, қазіргіден 2-3 есе көп өнім алуға және мақтадан басқа ауыспалы егістіктерге көшуге мүмкіндігіміз болады» деген Бақыт Асанов бұл мерекенің ала жаздай еккен егінін жинап алған диқандар мен шаруалар үшін айрықша екенін атап өтті.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 825 рет