Сейсенбі, 12 Қараша 2019 23:54

Түркістан облысы: Келес ауданы шенеуніктері Ұшқын ауылы тұрғындарымен кездесті

Аудан әкіміАқментай Есбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Арын Тотиков тиісті бөлім және мекеме басшыларының, сондай-ақ«Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалының төрағасының Бірінші орынбасары Ахмет Жұмабековтің қатысуымен Ұшқын ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиын барысында А.Есбаев кездесудің маңыздылығына тоқталып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді тыңдады. 

Тұрғындар ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, негізінен ауыз су бағасы, табиғи газ, ұңғыма, заңсыз жер пайдалану, егістік жер алу, көше жөндеуде жүріп жатқан құрылыс сапасы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үй құрылысы үшін берілген жер телімдерінің мемлекеттік актін бір жылға созып беру мәселелерін көтерді.

Көтерілген мәселелер бойынша А.Есбаев ауыз су бағасын төмендетуге мүмкіндік жоқтығын, дегенмен су құрылысын сенімгерлік басқаруға құжат дайындап теңгерімге алып, мемлекеттік субсидиялау арқылы шешу бойынша жұмыстар жүретінін айтты. Ал ұңғымалар әлі теңгерімге алынбағанын, себебі атқарған жұмыстарға қаржы төленбегенін, кемшіліктерді түзеу бойынша сараптама жүріп жатқанын, шекара заставасына арнайы ұңғыма қазу бойынша мамандармен сараптама жүргізіп, шешу жолдары қарастырылып жатқанын атап өтті. Жер теліміне берілген мемлекеттік акт мерзімін бір жылға созуға болатынын ескерткен әкім егістік жерді ауылдағы кооператив конкурсқа қатысып алуға болатынын да жеткізді. Достық елді мекенін газдандыру бойынша құжаттандыру жұмыстары басталып, алдағы уақытта шешімін табатынын көлденең тартқан А.Есбаев заңсыз жерді иелену бойынша азаматтар биылғы өнімін жинап алуға өтініші негізінде тоқтап тұрғанын, болмаған жағдайда ескетру беріп, айыппұл салынатынын тілге тиек етті. Кездесу соңында ауылдағы футбол спорт алаңын ауыл әкімдігі теңгеріміне өткізіп, содан кейін жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінетінін жеткізіп, жиынды қорытындылады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1084 рет