Жексенбі, 05 Сәуір 2020 05:28

Шымкент: әскери полиция коронавируспен күресуде белсенділік танытуда

Төтенше жағдай жариялануына байланысты Шымкент гарнизонының әскери полиция бөлімі де аты жаман індетпен күресуге өз үлесін қосуда. Блок – бекеттерді тәулік бойы күзетеді, санитарлық-дезинфекциялық шаралармен коронавирустың кеңінен етек жаймауын алдын – алады.

Одан бөлек тұрғындарға міндеттелген масканы тағуды да участкелік полицейлермен бірлесіп қадағалауда. Шаһарда 2200 ден астам көше бар. Оның санитарлық – дезинфекциялау шараларына әскери полиция бөлімінің жасағы да жұмылдырылған. Арнайы жасақтың сарбаздары қоғамдық орындар мен халқы көп шоғырланған аймақтарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жүр. Бұл пандемия кезеңінде коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін маңызды қадам.

Қала тыныштығын күзетіп, құқық бұзушылықты алдын-алуда да әскери полиция жасағы қырағылық танытуда. Оның әрқайсысы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқамамен толық таныс. Дүкендер мен супермаркеттер, мейрамхана мен дәмхананың тәртібін бақылауда да жүйелі жұмыстың жанында. 10 бағытты толық қамтыған қызметкерлер участкелік полицейлердің  жанынан табылып, шектеу шараларына ат салысуда. «Шектеу шаралары күшейген үшінші қала – ол Шымкент. Бұл әуелі мегаполис тұрғындарының денсаулығына жасалып отырған жағдай. Аты жаман індітті алдын-алып, онымен күресудің де бірден-бір жолы осы» - дейді Шымкент гарнизонының әскери полиция бөлімі бастығының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Ержан Ағыбаев.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 435 рет