Сенбі, 20 Ақпан 2021 21:31

Түркістан облысында жаңа аудан құру туралы Президентке ұсыныс берілді

Түркістан облысында жаңа Сауран ауданын құру туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс берілді. Бұл туралы халықпен есептік кездесуінде өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Түркістан облысының әкімі есептік жиында түркістандықтарды жаңа Сауран ауданының құрылуымен құттықтады.

«Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгелі бері Кентау қаласына оның бұрынғы 12 ауыл округі берілген болатын. Кентау қаласы аумағындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлінгенімен, өңірді ары қарай тиімді дамыту бағыттары мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, бұрынғы Кентау қаласы мен ауылдық округтердің қарқынды дамуы мен өзекті әлеуметтік мәселелерін уақытылы, сапалы шешуге, аумақты ұтымды басқаруға біршама қиындықтар туындатты. Осыған орай, жаңа аудан құру және жаңа ауданға Сауран атын беру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс берілді», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Бүгінгі таңда, заң талаптарына сай тиісті құжаттар рәсімделуде. Қорытынды құжаттар Үкімет пен Президенттің қарауына енгізілетін болады. Сауран ауданы 2021 жылы Наурыз мейрамы қарсаңында құрылады деп жоспарлануда. Еске салсақ, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ө.Шөкеев Кентау қаласы мен оның ауылдық округтерінің тұрғындарымен арнайы кездесіп, Сауран ауданын құру туралы ұсынысын білдірген болатын. Халық өңір басшысының бастамасын қуанышпен қолдады. Бұған дейін Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласы Түркістан қаласымен қатар дамытылатынын айтқан еді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 358 рет