Сәрсенбі, 27 Маусым 2018 15:05

Үкімет жетекшісі Шымкент қаласының әкімін құттықтады

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ғабидолла Әбдірахымовты Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалуымен құттықтады. 

«Өздеріңізге мәлім, Елбасы Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылды. Орталығы – Түркістан қаласы. Ал миллион тұрғыны бар Шымкент республикалық маңызы бар қала санатына ие болды. Бұл өңірлердің жаңа әкімдері өткен аптада Елбасының Жарлығымен тағайындалды. Біз Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты Түркістан облысының әкімі және Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымовты Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалуларымен құттықтаймыз. Сіздердің алдарыңызда тұрған жұмыстың ауқымы үлкен. Сол себептенсіздердің жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз", - деді Үкімет жетекшісі.

Ал Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің жаңа қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдірді.

«Шымкенттің мегаполис болатынын бірнеше жыл бұрын Президенттің өзі де айтқан болатын. Бұл қызметке тағайындау мен үшін күтпеген жаңалық болды. Мемлекет басшысының бұл шешімі мені қатты қуантты. Енді алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Біз қаланың мемлекеттік басқару құрылымын жасап шығаруымыз керек», - дейді әкім Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап беріп.

Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуына қарағанда, Шымкенттің басқару құрылымын қайта жасақтау, трансфертті мүлік бюджетін бөліп алу жұмысы Түркістан облысымен бірлесе шешілетін болады. «Әлбетте, қаланың мәртебесі өскендіктен, шымкенттіктердің өмір сапасының артуынан үмітті болары сөзсіз. Міне, сондықтан, біз халық табысының өскенін сезінетіндей жұмыстар атқарғымыз келеді. Барлық салалар бойынша жұмыс жүргізіледі», - деді шаһар басшысы.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1404 рет