Дүйсенбі, 20 Желтоқсан 2021 21:31

Алексей Цой лауазымынан босатылды - Жандос Бүркітбаевқа Денсаулық сақтау министрі міндетін атқару жүктелді

Мемлекет басшысының Жарлығымен Алексей Владимирович Цой Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Алексей Владимирович Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған. Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және т. б. елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілендіру докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.

1998-2001 жылдары «Аспан Шымкент» ЖШС бас бухгалтері, коммерциялық директоры болып қызмет еткен.

2002-2004 жылдары — Ұлттық ғылыми медицина орталығы және Республикалық клиникалық ауруханада эндоскопист-дәрігер.

2004-2007 жылдары — Ұлттық ғылыми медицина орталығында эндоскопист-дәрігер, аға ғылыми қызметкер.

2007-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медицина орталығының Заманауи технологияларды енгізу орталығы директорының міндетін атқарушы, директоры болып еңбек етті.

2010-2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының Медицина орталығы басшысының міндетін атқарушы, басшысы.

2011-2014 жылдары — Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері.

2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі лауазымын атқарды.

2017-2019 жылдары — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі.

2019 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медицина орталығын басқарды.

2020 жылғы 22 маусымда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

2020 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің №197-р өкімімен Жандос Бүркітбаевқа Денсаулық сақтау министрі міндетін атқару жүктелді. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Айта кетейік, бұған дейін Жандос Бүркітбаев Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарып келген болатын.

Жандос Бүркітбаев 1972 жылы 27 ақпанда Жамбыл облысында дүниеге келген.

1996 жылы C. Асфендияров атындағы Алматы ұлттық медицина университетін (емдеу ісі), 2003 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (мемлекеттік және жергілікті басқару), 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын (фармация), 2018 жылы ҚДСЖМ Қазақстан медицина университетін, 2020 жылы «Тұран-Астана» Университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігінің Н.И. Пирогов атындағы Ұлттық медико-хирургиялық орталығының докторанты.

Еңбек жолы: Алматы қаласындағы шұғыл медициналық көмектің қалалық клиникалық ауруханасының дәрігері (1996-1998); Алматы қаласындағы республикалық Апаттар медицинасы орталығының дәрігері (1998-1999); Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің, Білім және ғылым басқармасының бас маманы (1999-2000); Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігінің дәрі-дәрмек саясаты, Медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту, ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас маманы (2000-2001); ҚР ДСМ фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп және ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу бөлімінің бастығы (2001-2002); ҚР ДСМ фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп және дәрі-дәрмек саясаты басқармасының бастығы (2002-2004); «Ақтөберентген» АҚ кеңесшісі (2005-2007); ҚР Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму бойынша комитетінің Қызметті қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2007-2008); Астана қаласының «Қан орталығы» ШЖҚ ҚКК басшысы (2008-2011); ҚР Денсаулық ҚР ДСМ «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ (2011-2019); ҚР ДСМ «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС басқарма төрағасы (2019-2021).

Вице-министр қызметінде – 2021 жылдың қаңтарынан бері.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 3493 рет