Жұма, 30 Қыркүйек 2022 22:27

Отырарда Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай іс-шара өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Отырар ауданында қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әузовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мұхтар Әуезов мұрасы – ұлт қазынасы» атты арнайы іс-шара өтті.

Көксарай ауылындағы жазушының өз атымен аталатын жалпы орта мектепте ұйымдастырылған жиын мектеп мұражайын тамашалаудан басталды. Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов, аудандық мәслихат депутаты, мектеп директоры А.Сыздықәліге аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың арнайы құттықтауын жеткізді.

Сонымен қатар, Айдос Құлмаханұлы барша жиынға қатысушарды жазушының 125 жылдық мерей тойымен құттықтап, қазақтың болмысын күллі әлемге «Абай жолы» романы арқылы танытқан жазушы Мұхтар Әуезовтің мерейтойы – баршамызға ортақ. Сан салада қалам тербеген сөз зергерінің Алашқа сіңірген еңбегі де ерен. Ұлы тұлғаның мерейтойын кең көлемде атап өтуге арналған іс-шара бүгінгі ұрпақты рухани мұраларымен сусындатуға бағытталғандығын жеткізді. Мерекелік шара соңы естелікке суретке түсіп, концерттік бағдарламаға ұласты.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туып, балалық шағы көшпенді ауылда өтті. Болашақ жазушы ұлы Абай өз шығармаларында сонша терең әрі жанжақты суреттеген сол кездегі қазақ қоғамының сипаты мол, қайшылыққа толы өміртұрмысын көзімен көрді. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915–1919 жж. мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік–Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. «Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсатнысанасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күшқуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. 1923–1926 жж. «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазады.

Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бой «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи романэпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Көркем тәржіме жұмысына белсене атсалысып, И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды, КСРО жазушыларының ІІ съезінде көркем аударма туралы арнаулы баяндама жасасты. Үлкен ғалым, педагог Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.

            «AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 488 рет