Жексенбі, 05 Мамыр 2024 15:38

Түркістанда Сарыағаш шипажайын жақсарту жұмыстары талқыланды

Түркістан өңірінде емдік-сауықтыру туризмі дамып келеді. Бұл тұрғыда Сарыағаш ауданының үлесі зор. Өңірдегі 75 шипажайдың 60-ы осы ауданда. Алайда оның ішінде 3 шипажай статистика органдарына тіркелмеген. Таяуда Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Сарыағаш шипажайлары мен ондағы мәселелер қаралды. Өңір басшысы жауапты құрылымдарға мұқият қарауды тапсырды.

Жиын барысында «Сарыағаш» Емдеу оңалту кешені» ЖШС басшысы Төлеген Байсейітов өз кезегінде шипажайдың қазіргі жағдайы туралы баяндады. 2024-2028 жылға дейінгі дамыту жобасын таныстырды. Биыл сондай-ақ, корпустың ішін, қасбетін ағымдағы жөндеу жұмыстары мен шатырын ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі уақытта жобалық сметалық құжат дайындалған. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары да қолға алынбақ. Өңір басшысы жұмысты қысқа мерзім ішінде қайта жандандырып, кемшіліктерді түзету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Бұдан бөлек облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, облыстағы жалпы туризм саласының дамуына тоқталды. Қазіргі таңда емдік туризмнің басты келелі мәселелері қызмет көрсету сапасының төмендігі, шипажайлардың ретсіздігі және ұңғымалар санының аздығы болып отыр. Аталған мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан атқарылған мониторинг жұмыстары баяндалды.

Айта кетейік, Сарыағаш» Емдеу-оңалту кешені» ЖШС 2013 жылы облыстық коммуналдық меншіктің құрамына қабылданған. 2023 жылы демалушылар саны 15 416 адамды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 480 адамға өскен. Мұнда азаматтарды емдеу, оңалту және сауықтыру ісі бойынша 37 қызмет түрі жүзеге асырылады.

Сарыағаш өңіріне келуші туристердің саны жыл сайын артпаса, кеміген емес. Оларға 53 емдік-сауықтыру шипажайы, 1 балалар шипажайы, 1 балалар сауықтыру лагері, 1 гольф клубы және 22 қонақүй қызмет көрсетіп келеді.   Адам денсаулығын жақсартуда шипажайлардың үлесі мол, дертке шипа қасиеті бар суының айрықша маңызы бар. Сарыағаш ауданындағы шипажайлардың шипалы суын алыстан іздеп келушілер саны күн сайын артуда. Шипажайға деген еліміздің түпкір-түпкірінен халық сұранысының көп болуына байланысты демалыс-сауықтыру орындарының саны тағы арта түсуде.

Былтыр жаңа мүмкіндіктермен, жаңаша лепте жұмыс жүргізуді бастаған «RAUAN NURY» шипажайы ашылды. Шипажай заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 50 адам. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан басшысы кешеннің негізін қалаушы жеке кәсіпкер Е.Қанжігітовтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Аталған шипажайдың ашылуы негізінде жергілікті тұрғындардың жұмыс мәселесі шешіліп, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда ауданда минералдық және термалдық суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі жолға қойылған. Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 58 емдік сауықтыру орталықтары қызмет көрсетуде.Өңірде сауықтыру туризмі өткен ғасырдың 50-жылдарында дами бастады. Бұған себеп — климаттың жылы болуы, таза ауа, қатты желдің болмауы, күн көзінің молшылығы, минералды су, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштары бар саябақтардың болуы. Мәселен, температурасы 49-52 градус Цельсийге жететін және ем үшін қолданылатын минералды судың құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, бикарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден мен микроэлементтер бар.

Түркістан облысының шипажайларында ас қорыту жүйесі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол және аяқ, тері аурулары бар науқастар, сондай-ақ гипертониямен ауыратын адамдар денсаулығын жақсарта алады. Гипертонияның шаршаңқылық пен ұйқысыздықтан өзге ауыр симптомдары болмағанымен, бұл дерт жүрек ауруларының және әсіресе инсульттің негізгі себебі болып табылатындығымен ерекше қауіпті. Десе де дертті бақылауда ұстауға болады. Қан қысымын қалыпқа келтіру үшін кей науқастар арнайы дәрі-дәрмектерді қолдануы керек. Ал енді бірі үшін өмір салтын өзгерту және гипертонияның дамуын қоздыратын факторларды болдырмау да жеткілікті. Нақтырақ айтсақ, темекі шегуді тастау, дұрыс тамақтануға көшу, спортпен айналысу, алкогольді шектен тыс тұтынбау.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 205 рет