Жұма, 13 Қыркүйек 2024 17:50

Шымкентте тұмау мен ЖРВИ бас көтеретін маусым басталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

 

Жиналғандар 2024 жылдың алғашқы 8 айында Шымкент қаласында ЖРВИ аурушаңдығы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,15%-ға төмендегенін,  алайда, тұмау көрсеткіші 1,66 есеге өсіп, эпидемиологиялық жағдай нашарлағанын айтты. 2023-2024 жылдың эпидемиологиялық маусымында (қазаннан сәуірге дейін) тұмаудың 138 жағдайы А (H3N2) түрімен, ал 1 жағдайы В түрімен тіркелді. Өткен маусымда А (H3N2) бойынша 3, ал В түрімен 103 жағдай анықталған болатын. Сырқаттанушылық 1,3 есеге өскен, ал ауруға шалдыққандардың 33%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар.

ЖРВИ ішінде тұмаудан басқа вирустар биылғы эпидемиологиялық маусымда 16 рет, ал өткен маусымда 20 рет анықталды.

Медициналық мекемелерде ЖРВИ, тұмау және COVID-19-ға қарсы алдын алу шаралары күшейтілді. 1 қыркүйектен бастап барлық мекемелер вакцинация науқанына дайындықты аяқтап, медицина қызметкерлері бетперде режиміне көшті. 15 қыркүйектен бастап осал топтарға тұмауға қарсы тегін вакцинациялау жүргізілуде. Сонымен қатар, кіреберістерде ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарды анықтауға арналған арнайы сүзгілер ұйымдастырылып, мекемелерде дезинфекциялық және температуралық режимдер күшейтілді.

 

Күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түседі. Бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты. Инфекцияның таралуы, негізінен, ауа тамшылары арқылы жүреді. Науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекей мен шырыштың ұсақ микробөлшектері ауаға таралып, айналасындағы адамдарға жұғады.

Тұмау вирусы мұрын-жұтқыншақ арқылы ағзаға еніп, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарына шабуыл жасайды. Жұқтыру сәті мен алғашқы белгілердің пайда болуы арасындағы уақыт бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Аурудың басты белгілері – қатты әлсіздік, бас ауруы, дене температурасының 38-40°C-қа дейін көтерілуі, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы, жөтел және мұрынның бітелуі.

Әдетте, тұмаудың ұзақтығы 5-тен 10 күнге дейін созылады, бірақ кейбір науқастарда асқынулар болуы мүмкін.

Дәрігерлер халықты алдын алу шараларын сақтауға шақырады, оның ішінде тұмауға қарсы вакцинацияның маңызы зор. Вакцинация инфекцияның таралуын шектеп қана қоймай, аурудың ауыр түрлерінен қорғайды. Мамандардың айтуынша, дұрыс сақтық шараларын ұстану арқылы тұмау мен ЖРВИ-дің таралуын азайтуға болады.

Оқылды 22 рет