Сейсенбі, 06 Мамыр 2025 19:31

Ордабасы: мереке қарсаңында абзал жандар ардагерлерге арнайы медициналық қызмет көрсетті

Мемлекет басшысының ерлікті дәріптеу — ұлттың рухын көтеріп, отансүйгіштік сезімді нығайту бағытындағы бастамалары аясында, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай аудандық әкімдік тарапынан «Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Ордабасы ауданындағы барлық салалар атсалысатын осы жоспар аясындағы кейбір шаралар бастау алуда. Соның бірі ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне кезектен тыс медициналық қызмет көрсету.

Осы ретте аудандық орталық аурухананың тәжірибелі дәрігерлері Бөржар, Жамбыл, Бірлік, Қайнар ауылдарында тұратын тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, арнайы медициналық көмек көрсетті.

Шара аясында төмендегідей медициналық қызметтер ұсынылды:

➖артериялық қан қысымын өлшеу;

➖электрокардиограмма (ЭКГ) түсіру;

➖қандағы қант мөлшерін анықтау;

➖жалпы денсаулық жағдайын тексеру;

➖офтальмологиялық және неврологиялық тексеру жүргізу.

Аталған жұмыстар тыл ардагерлерінің денсаулығын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға және олардың қоғам алдындағы еңбегіне құрмет білдіру мақсатында атқарылды.

Осы тұста айта кетсек, Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі.

Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған. Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. 8 бірдей аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Ордабасы ауданындағы ауруханада таза аймақ құрылған. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізу ұсынылуда. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.

Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болады дейді мамандар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 24 рет