Сейсенбі, 03 Маусым 2025 10:56

Түркістан: Түлкібас ауданындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды

Ағымдағы жылдың 5 айында аудан аумағында тұрғындарды 27 кене шағу фактілері тіркеліп, медициналық бақылауға алынған. Оның 24-і табиғат аясында, егістікте орын алса, 3-і белгісіз жағдайда орын алған.

 

Өткен жылдың тиісті кезеңінде 36 кене шағу жағдайы тіркелген болатын.

Бұл туралы бүгін аудан әкімі Аскар Естібаевтың төрағалығымен өткен жиында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ердос Айнақұл мәлімдеді.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аса жұқпалы энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында 2 млн. шаршы метрден астам аудан аумағындағы қора-жайлар мен жапсарлас аумақ залалсыздандырылған. Бұл жоспарланған меженің 80 пайызын құрап отыр. Ал, мал иірімдері мен жайылымдарын залалсыздандыру жұмыстары 944 мың шаршы метр жерге атқарылған.

Ұсақ малды тоғыту жұмыстары 97 пайызға, ал ірі қара мен жылқыны бүрку жұмыстары 75 пайызға орындалған. Толық залалсыздандыру және малды тоғытып, бүрку жұмыстары маусым айының 10-шы жұлдызына дейін аяқталмақ.

Бұл бойынша күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған «Ветеринариялық қызмет» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Жасұлан Ештаев мәлімдеді.

Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін алға тарқан аудан басшысы малдан және жәндіктерден жұғатын аурулардың барынша алдын алу мақсатында залалсыздандыру жұмыстарын күшейту, кене шағу фактілері орын алған жерлерді қайта дәрілеуді жауапты мекеменің басшысына тапсырып, мәселенің салдарымен емес, оны алдын алу бойынша жұмыс атқару қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, апталық жиын барысында аудан аумағындағы жолдардың және ауыл-аймақтың санитарлық жағдайы қаралды.

Бүгінгі таңда, аудан аумағындағы ішкі жолдардың қанағатты жағдайы 86,2 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 89 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін аймақтағы 5 елді мекеннің 18 шақырымнан асатын 18 көшесін орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланып орыр. Қазіргі таңда 13 көшеге конкурс нәтижесімен мердігер анықталып, тиісті жөндеу жұмыстары бастау алып жатыр.

Аталған мәселелер бойынша баяндамашылар нақты көрсеткіштер мен орындалған жұмыстар туралы есеп беріп, шешуді қажет ететін мәселелер ортаға салынды. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жұмыс сапасын арттыруды талап етті.

Атап айтсақ, атқарылып жатқан жол құрылысы жұмыстарының сапалы болуын, сондай-ақ былтырғы және кепілдік мерзімі бар атқарылған жұмыстардағы анықталған кемшіліктерді мердігерлер есебінен ретке келтіруді тапсырды.

Елді мекендердегі аппарат инспекторларымен анықталған шашылған күл-қоқысты және т.б. ретке келтіруді қажет ететін санитарлық жұмыстарды орындауын ауыл әкімдеріне міндеттеді.

Тәртіпке көнбей, тазалықты сақтамаған тұрғындарға Полиция қызметіне айыппұл салуды жүктеп, тұрғындар арасында тазалық сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу керектігін ескертті.

Сонымен қоса, сыбайлас-жемқорлықты алдын алу шаралары күн тәртібінен ешқашанда түспейтіндігін айтып, басшылық құрамға мамандарына түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп тұруды тапсырды.

Оқылды 14 рет