Сәрсенбі, 27 Мамыр 2026 12:23

Шымкентте жыл басынан бері 3500 бала оңалтудан өтті

Шымкент қаласында балаларға арналған оңалту қызметтерінің сапасы жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жыл басынан бері 3500-ге жуық бала оңалту емінен өтті.

Мамандардың айтуынша, ерекше балаларға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсаруының нәтижесінде оң динамика жоғарылап отыр. Оңалтудан өткен балалар түгел дерлік (99,3%) денсаулығы жақсарып, үйлеріне шығарылған.

 Қалада №1, №2 және «Мейірім» оңалту орталықтарында церебральды сал ауруының спастикалық түрін емдеуде ботулотоксин терапиясы (Диспорт) кеңінен қолданылуда. Бұрын мұндай ем түрін алу үшін ата-аналар Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, бүгінде Шымкент қаласындағы медицина ұйымдарында ем алуда.

 Бүгінде №1 және №2 оңалту орталықтары, «Мейірім» орталығы, сондай-ақ, №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» орталығы мен «Психикалық денсаулық орталығы», мемлекеттік тапсырыс аясында т.б  жекеменшік орталықтар да қызмет көрсетуде.

 Оңалту қызметтері неврология, ортопедия-травматология және кардиология бағыттары бойынша жүргізіледі: 2273 бала – тәуліктік стационарда, ал 1179 бала амбулаториялық деңгейде, 2405 бала – неврологиялық бағыт бойынша, 775 бала – ортопедия-травматология бойынша, ал 492 бала церебральды сал дерті бойынша оңалтудан өтті.Орталық мамандарының жүйелі әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде балалар сенімді қадам жасап, оңалып келеді.

 Әсіресе, айрықша күтімді қажет ететін бар балаларды қолдау бағытында айтарлықтай нәтиже бар: 4 ай ішінде оңалту емін алған 2074 бала (60,1%) – ерекше балалар. Олар кешенді оңалтудан өтуде.  Әрбір оң нәтиженің артында ата-ананың сенімі мен мамандардың жоғары біліктілігі және тынымсыз еңбегі жатыр. 

Оқылды 84 рет