Олардың ішінде ми-қан тамырларының күрделі ауруларына жасалған операциялар, жүрек-қан тамырлары сырқаттарын емдеу, сондай-ақ, бүйрек пен бауыр алмастыру оталары бар. Осындай жоғары деңгейдегі ем-дом шаралары көптеген науқастың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр. Мұндай оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады.
Қаладағы екі ірі ауруханада нейрохирургиялық күрделі оталар жасалады. Бүгінде бұл орталықтардың мүмкіндігі жоғары болғандықтан, тіпті кейбір науқастар шетелге бармай-ақ, қажет емді Шымкенттің өзінде ала алады.
Сондай-ақ, бауыр мен бүйрек алмастыру оталары бойынша да Шымкент алдыңғы қатарда келеді. Бұған дейін мегаполисте үш жүрек алмастыру отасы сәтті жасалып, дәрігерлердің кәсіби деңгейі мен медицинаның дамуы нақты дәлелденді.
– Қымбат әрі жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі жыл сайын артып келеді. Бүгінде бұл бағытта қалада 8 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Сақтандырылған азаматтар МӘМС жүйесі есебінен күрделі ота түрлерін жасатып, қажетті ем қабылдай алады. Бұл күрделі диагнозы бар пациенттердің сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді, – деді Қор филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.
Жалпы алғанда, Шымкентте жоғары технологиялы медициналық көмектің дамуы тұрғындарға сапалы ем алуға кең жол ашып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, халық денсаулығын жақсартуға мол үлес қоспақ.
Айта кетейік, 2026 жылдың 5 айындағы жағдай бойынша Шымкенттіктердің 86 пайызға жуығы сақтандырылған. 800-ге жуық адам жеңілдік санатына кіреді. Сақтандырылмағандар - 186 381 құрайды.