Сейсенбі, 02 Маусым 2026 11:44

Профилактикалық тексерістің маңызы зор

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында №2 қалалық емхана ұжымы балаларды қабылдау күнін өткізді.

Балаларды қабылдау күні – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылатын профилактикалық акцияның бала денсаулығы үшін де, ата-ана үшін де мағызды. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың денсаулығын нығайтуға назар аудару, ата-аналардың медициналық сауаттылығын арттыру және балаларға сапалы медициналық көмек көрсету. Осы күні ата-аналар баласының денсаулығына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, мамандардың кеңесіне жүгіне алды. Сонымен қатар балалар профилактикалық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайын бағалауға мүмкіндік алды.

Бұл күні балаларды педиатр дәрігерлер мен емхананың бейінді мамандары қабылдады. Ата-аналар баланың өсуі мен дамуы, вакцинация, дұрыс тамақтану, жұқпалы аурулардың алдын алу, созылмалы ауруларды бақылау және жалпы денсаулықты нығайту мәселелері бойынша кеңес ала алды. Іс-шараға емханаға тіркелген барлық балалар қатысты. Олар – күнделікті медициналық қызмет алатын қарапайым пациенттер.

Кейбір аурулар бастапқы кезеңде ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексерулер денсаулықтағы жасырын өзгерістерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар баланың физикалық және психикалық дамуын бақылауға, аурулардың алдын алуға және қажет болған жағдайда уақытылы емдеу шараларын бастауға жағдай жасайды.

Профилактикалық тексерулер барысында көру қабілетінің бұзылыстары, омыртқа қисаюы, артық салмақ немесе салмақ тапшылығы, қаназдық, тіс аурулары және басқа да созылмалы сырқаттардың белгілері анықталуы мүмкін. Мұндай өзгерістерді ерте кезеңде анықтау емдеу мен түзету шараларын дер кезінде жүргізуге, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. 

 

№2 қалалық емхана әкімшілігі

 

Оқылды 60 рет