Халықаралық зерттеулердің нәтижелері вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдеп отыр. Дания, Канада және АҚШ-та 200 мыңнан астам жас әйелдің қатысуымен жүргізілген ғылыми зерттеулер АПВ вакциналарының ұрпақты болу денсаулығына кері әсер етпейтінін көрсетті.
Бүгінде әлем бойынша 100 миллионнан астам адам АПВ-ға қарсы вакцина алған. Осы мақсатта 270 миллионнан астам вакцина дозасы қолданылып, бақылау нәтижелері ауыр жанама әсерлердің тіркелмегенін растады. Мамандардың айтуынша, АПВ-ға қарсы вакцинация – жатыр мойны обырының және вируспен байланысты басқа да аурулардың алдын алудағы ең тиімді профилактикалық шаралардың бірі.
Адам папилломасы вирусы (АПВ) – әлемде кең таралған инфекциялардың бірі. Мамандардың мәліметінше, 25 жасқа дейінгі әйелдер мен ерлердің басым бөлігі осы вирусты жұқтырады. АПВ-ның кейбір түрлері жатыр мойны обырының дамуына себеп болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Турымбетова Айгуль Мелесқызы айтты.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1900 жаңа жағдайы анықталып, 600-ден астам әйел осы дерттен көз жұмады. Бұл – күніне екі әйелдің өмірі қатерлі ісіктің құрбаны болады деген сөз. Сондықтан аурудың алдын алу мәселесі денсаулық сақтау саласының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.
Бүгінде АПВ-ның нақты емі жоқ. Мамандар вирустың алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екенін айтады. Осыған байланысты Қазақстанда 2024 жылдың күзінен бастап 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцина тегін салына бастады. Вакцина мектептерде немесе емханалардағы екпе кабинеттерінде жүргізіледі.
Әлемнің 135 елінде қолданылып келе жатқан бұл вакцина өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина қыз балаларға вирус жұқтырмай тұрып егілген жағдайда ең жоғары қорғаныс қалыптастырады. Сондықтан ата-аналарға балаларының денсаулығын қорғау мақсатында вакцинацияның маңызын түсіну ұсынылады.