Жұма, 14 Маусым 2019 16:44

Түркістан облысы: Арыс қаласы әкімдігі медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетті

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні. Бұл мерекені адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің, медбикелер мен дәрігерлердің ерен еңбегінің дүйім жұртшылық тарапынан бағаланатын күн. 

Осы орайда бүгін қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қала әкімі Мұрат Қадырбектің қатысуымен медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Жиын барысында шаһар басшысы Мұрат Болатұлы: «Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай адамдардың тағдыры тұр. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, баянды бақыт тілеймін»-деп, жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар бірқатар денсаулық саласының үздіктері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңы мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласып, естелікке суретке түсті.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1000 рет