Жұма, 13 Наурыз 2020 21:08

Түркістанда өңеш қан тамырларына алғаш рет операцияның жаңа түрі жасалды

Түркістан қалалық ауруханасында өңеш қан тамырларына алғаш рет операцияның жаңа түрі жасалды. Білікті дәрігерлер екі күн бойы осындай операцияны 6 науқасқа жасап, өңештегі қан тамырларының жарылуынан қан кету процесінің алдын алған.

 Сала мамандарының сөзінше, өңештегі асқынулар негізінен бауыр циррозы кезінде жиі кездесетін қауіп-қатер саналады. Медицинада бүгінде өңештен қан кетудің алдын алуда тиімді ем ретінде эндоскопиялық операция түрі қолданылып жүр. Ресейде және Ұлттық ғылыми хирургия орталығында біліктілігін арттырған мамандардың бірі Түркістан қалалық ауруханасының эндоскопист-дәрігері Бекжан Асибеков операцияны жасауға біраз уақыт дайындық жүргізілгенін айтады.

«Жоғары білікті эндоскопист-дәрігерлермен тәжірибе алмасудың арқасында бұндай операция түрін жасауды жетік меңгердім. Ауруханамызда заманауи медициналық құрал-жабдықтар да орнатылды. Халыққа сапалы әрі тиімді ем көрсетуіміз үшін барлық жағдай жасалып отыр. Алдағы уақытта жерлестерім үшін аянбай еңбек етемін»,-дейді эндоскопист-дәрігер.

   Түркістандық дәрігерлер отаны «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның клиникалық физиология және эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Абдрашевтың жетекшілік етуімен жасаған. Жоғары білікті маман жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасып, шеберлік сабағын тіпті онлайн режимде өткізген. Облыс бойынша жалпы бауыр циррозына шалдыққан 600-ге жуық науқас тіркелген. Дәрігерлер оларға диета сақтап, тиісті дәрі-дәрмектерін жүйелі түрде қабылдауға кеңес береді. Айта кетейік, өңірде мамандардың біліктілігімен қатар клиникалық диагностикалық зертханалық қызметтер сапасын жақсартуға және құрал-жабдықты, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жетілдіру мәселелері де басты назарға алынған.

   «Кадр біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бағдарламасы өз жемісін беруде. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бастамасымен былтыр өңірде 2000-ға жуық маман біліктілігін арттырып, олардың ішінде 200-ден астам дәрігер Ресейдің Новосибирск қаласы мен Туркия мемлекетінде тәжірибе алмасып қайтқан. Бүгінде сол дәрігерлер алған білімдерінің арқасында өңірде жаңа емдік операция түрлерін жасап, талай науқастың денсаулықтарын жақсартуда.

Оқылды 509 рет