Жексенбі, 29 Наурыз 2020 18:01

Шымкентте 285 мың дана медициналық бетперде таратылды

Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін Шымкент қаласында мемлекеттік мекемелер мен халық көп шоғырланатын нысандарға 285 мың дана медициналық бетперде таратылды.Бұл жөнінде Шымкент қаласының төтенше жағдай штабы хабарлады. 

Айта өту керек, бұл бетперделердің барлығы Шымкент қаласындағы жергілікті кәсіпорындарда тігілген. Мұнан бөлек қала аумағындағы дәріханаларға жергілікті жерде өндірілген 185 мың дана бетперде түсті. Тиісті органдар өз кезегінде бетперде бағасының негізсіз қымбаттамауын қадағалап отыр.

Ескерер жайт, індеттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін әрбір азамат көшеге шыққанда, қоғамдық көліктерге мінгенде және басқа да көпшілік орындарға барғанда міндетті түрде бетперде тағып, сақтық шараларын мұқият орындауы тиіс. Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі жергілікті кәсіпорындармен бірлесе отырып медициналық бетперде өндірісін одан әрі арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 599 рет