Жұма, 17 Сәуір 2020 18:27

Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандар үшін қажет төсек-орындар, госпитальдар толық дайын

Нақтырақ айтқанда, қалада барлығы 680 төсек-орынға арналған провизорлық стационарлар бар (қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы – 180 төсек, «Мейірім» оңалту орталығы - 120 төсек, «Атамекен» медициналық орталығы - 380 төсек). Сондай-ақ, 1 456 төсек-орынға арналған карантиндік стационарлар қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, тап қазіргі қалыптасқан жағдайды есепке алғанда бұл төсек қоры толық жеткілікті. Алайда, көптеген елдерде індеттің таралуы шарықтау шегіне жеткен кезде медициналық құралдар мен төсек орындардың жетіспеушілігі күрделі проблемаға айналып отыр. Шымкент қаласының әкімдігі осы жәйтті ескерген болса керек, жедел түрде 200 орынды госпитальдың құрылысын бастау туралы шешім қабылдап, іске кірісті. Жақында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа аурухананың құрылысымен танысты. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылуда. Оған қажет құрылыс заттары толықтай Қазақстанда өндірілген.

Жергілікті жерден 400-ге жуық жұмысшы тартылған. Арнайы аурухана стационар, жан сақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Ол короновирус инфекциясын жұқтырған азаматтарды емдеуге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Емдеу орны санитарлық-эпедемиялық нормаларға сәйкес келеді. Әрі мұнда медицина қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытта жуынуына, тамақтануы мен тынығуына барлық жағдай жасалады. Мұндағы жұмысты Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы үйлестіреді. Аталған госпитальдің қызметі инфекциялық аурулардың алдын алуды жақсартады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 575 рет