Дүйсенбі, 09 Қазан 2017 22:42

Оңтүстікте бас дәрігер өзінің кабинетіне неге кіре алмай жүр?

Бүгін «Фейсбук» әлеуметтік желісінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сейфулла Тілеубергенұлы Мұсаевтың Ордабасы аудандық орталық емханасының бас дәрігері Назира Бердібекқызы Әбжапарованы өзінің қызметтік кабинетіне кіргізбей қойғандығы туралы ақпарат тарады. Ұққанымыз, өткен аптаның жұмасында оның қызметтік кабинетінің есігіне «опечатано» деп жазылған қағаз жабыстырып қойған. Және бұл тірлік аудандық орталық аурухананың бас дәрігері С.Мұсаевтың арнайы тапсырмасымен жүзеге асқан көрінеді. 

«Аурухана мен емхананың қосылатынын мен онсыз да білемін. Бас дәрігер С.Мұсаевтың мына тірлігі еліміздің Конституциясымен бекітілген Қазақстан Республикасының Заңдарына қайшы. Мұндай сорақы, жабайы әрекетті бұрын-соңды көрмеппін. Бұл орын алған жағдайға ақылым жетпей отыр» – депті аудандық орталық емхананың бас дәрігері Н.Әбжапарова.

Иә, ОҚО-ның аудандарындағы орталық ауруханалар мен емханаларды қазан айына дейін біріктіру жөнінде пәрмен берілгені хақында біздің де құлағымыз шалған-ды. Бірақ мұның соңы осындай жағдайға әкеп соқтырады, ауданның денсаулық сақтау саласында бір терінің пұшпаған илеп жүрген азаматтардың арасында өзара түсінбеушілік тудырады деп кім ойлапты. Осыдан кейін «Ауруханалар мен емханаларды бірыңғай құрылымдық бірлікке біріктіру қандай қажеттіліктен, қандай заман талабынан туындады екен? Бұл өзгеріс қалың бұқара үшін қаншалықты тиімді болмақ және қаншалықты өзін-өзі ақтайды?» деген сықылды бірқатар сауалдар төбе қылтитады.

Мәселенің мәнісіне тереңірек бойлау үшін, бәлкім, алдағы уақытта медицинаның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кәсіби мамандардың пікір-көзқарастарына сүйенгеніміз жөн болатын шығар.

Әйткенмен бір анығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ұдайы денсаулық сақтау саласына баса көңіл бөліп, бастапқы медициналық-санитарлық көмектің деңгейін көтеруді атап көрсетеді. Тіпті «100 қадам» ұлт жоспарында да бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге басымдық берілгенінен хабардармыз. Ал Ордабасы аудандық орталық емханасының бас дәрігері Назира Әбжапарова өзінің қызметтік кабинетіне кіре алмай жүр...  

«Аурухана мен емхананың қосылатынын мен онсыз да білемін» дейді Н.Әбжапарова. Демек, құрылымдық өзгеріске пәлендей қарсылығы жоқ. Бұл жерде бар гәп Мұқан Егізбаев басқаратын ОҚО денсаулық сақтау басқармасында сияқты. Аурухана мен емхана бас дәрігерлеріне құрылымдық өзгерістен кейін лауазымдары да өзгеріске түсетінін, кімнің – бірінші басшы, кімнің «зам» болатынын немесе қызметтен босайтынын тайға таңба басқандай анық, ашық айту керек пе еді? Шамалауымызша, Н.Әбжапарова өзінің лауазымына қатысты жаңа бұйрықпен таныспаған-ау. Танысса, қызметтік кабинетінің есігіндегі «опечатано» ол үшін төбеден жай түскендей әсер қалдырмас еді.

Дегенмен түйткілдің түйінін «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» тарқатуға әлі де кеш емес. Себебі түймедей болып басталған даудың ертең түйедей болып кетпесіне, расында да, ешкім кепілдік бере алмайды. 

Оқылды 4524 рет