Жұма, 06 Шілде 2018 13:05

Шымкентте «Астана күні» мерекесіне орай үлкен концерт өтті

Астана күні мерекесін атап өтуден Шымкент қаласы да қалыс қалған жоқ. Таяуда Шымшаһардың ортасындағы Әл-Фараби алаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін Астана күніне орайластырылған үлкен шоу-концерт болып өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары әуезді ән тыңдап, керемет кештің куәсі болды.

Мерекелік көңіл-күй кеш жүргізушілері сахнаға шығысымен-ақ бірден сезілді. Жұртшылықты концерт жүргізушілерінің киген киімдері де қызықтырғаны байқалып тұрды. Шымкенттіктерді сүйікті әнші-бишілердің өнерінен өзге, Астана күніне орай шынайы шығармашылық тосынсыйлар мен сыйлықтар күтіп тұрды. Қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтау үшін Екатеринбург қаласынан арнайы келген Илья мен Анастасия Ерофееваның роликті конькимен көрсеткен жұптық акробатикалық көрсетілімі ең есте қаларлықтай шоу болды.

Қараңғы түсе сахнаға республикалық деңгейдегі жұлдыздарға шыға бастады. Әсіресе «JayRun» тобын сахнаға шақырған кезде жастар сахнаға жақынырақ тұруға асықты. Себебі бұл топ қазақстандық жастардың арасында аса танымалдыққа ие бола бастаған топ болып саналады. Ал, кеш соңында шымкенттіктер асыға күтіп отырған Қайрат Нұртас сахнаға шығып, өзінің ең танымал хит әндерін шырқады. Қала тұрғындары Астана күні мерекесіне орай өткізілген бұл концерттен ерекше көтеріңкі көңіл-күймен тарқады.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 11675 рет