Жұма, 27 Шілде 2018 17:03

Шымкент қаласы әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хаб меморандум түзді

Шымкент қаласының әкімдігі мен Астана қаласындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хабтың басқару комитеті меморандум түзді. Осы құжат негізінде екі жақты әріптестік артып, мемлекеттік қызмет сапасын жоғарғы деңгейге көтеру мақсат етіліп отыр. Меморандумға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен өңірлік хабтың басқару комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов қол қойды.

Меморандум аясында екі тарап өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастық аясында іс-шаралар мен бағдарламалар үшін ұсыныс жасай алады. Бұған қоса бірлескен ғылыми-зерттеу шаралары ұйымдастырылып, іс-шаралар жоспары түзіледі.

 – Шымкент қаласындағы мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар үлкен қадаммен алға басады деп ойлаймын. Сондықтан, бүкіл әріптестер атынан, мемлекеттік қызметкерлер атынан алғыс білдіргім келеді. Біз мемлекеттік басқару саласын жетілдіруде ең алдымен халыққа жақын болуымыз қажет. Бізде қызмет істейтіндердің барлығы жастар. Олар оқуға, жұмыс істеуге дайын. Дүниежүзіндегі ең мықты сарапшыларды қаламызда қарсы алып, семинарлар өткізуге дайынбыз. Оның пайдалы жақтары өте көп. Біздің мамандарымыз, басшыларымыз, жәй мамандарымыз шетел тәжірибелерін көріп келсе, біздің жұмысымызға үлкен пайдасы тиер еді, - деді Ғ.Әбдірахымов.

Мемлекеттік қызметкерлер үшін ең бастысы – елге қызмет ету. Шымкент қаласында 700-ден астам мемлекеттік қызметкер бар. Сонымен қатар 15 мыңнан астам мұғалім, 2000 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Өңірлік хабтың басқару комитетінің төрағасы Ә.Бәйменов те өз кезегінде жаңа міндеттерге байланысты екі жақты әріптестікті дамытуға уәде берді. Яғни алдағы уақытта, мемлекеттік қызметшілерді шетелдердің озық тәжірибелерін сол жерге барып үйренуге немесе халықаралық сарапшыларды қаламызға шақыруға мүмкіндік жасалмақ.

 – Шымкент – қазақ мәдениетінде, қазақ қоғамында әрдайым өзіндік орны бар, ерекше қала. Елбасының қалаға үшінші мегаполис мәртебесін беру шешімі сөзсіз баршаңызға жаңа міндеттер жүктейді. Елбасы қойған межелі мақсаттарға жету – абыройлы міндет. Біз бұл істе сіздерге жанашырмыз. Бұл бағытта хабтың мүмкіндігін толық пайдалануға мүмкіндіктеріңіз бар.  Жауапты сәтте баршаңызға табыс тілеймін, - деді Ә.Бәйменов.

 Елбасының тікелей қолдауымен құрылған Астана өңірлік хабы – бүгінде 40 мемлекет қатысып отырған үлкен халықаралық ұйым. Енді екі жақты түзілген меморандумға сәйкес, шаһарда алдағы уақытта семинарлар өткізу қолға алынбақ.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 10297 рет