Әкесін екінші реті «өлтіріпті»

Дүние деген, тағдыр деген шіркін, қызық қой. Оған жердің домалақтығын, сол домалақ жерде «жек көремін», «көргім келмейді» дейтін кісілерді он рет көретініңді, көріп қана қоймай, соны кейде мақтауға тура келетінін қоссаң, тіпті қызық. Сондай «қызықтың» бірін ұзынқұлақтардан естіп, жағамызды ұстадық.


Айтуынша, еліміздің оңтүстігіндегі облыстардың біріндегі үлкен жасқа келген бір танымал кісі осыдан біраз жыл бұрын өзіне ұнамайтын бір кісінің жаназасына қатысып, «жер бетінде мұндай әулие пенде жоқ еді» деуге дейін барыпты. Айтқысы келіп айтты десеңіз қателесесіз. Айтқысы келмей айтыпты. Негізі, айтқысы келмейтініндей-ақ бар екен.

Сонау, Сталиннің тірі кезінде НКВД-да ма, КГБ-да ма қызмет еткен жаңағы қайтыс болған кісі мұның әкесімен тартысып, айтысып, соттасып жүрген көрінеді. Не керек, заңды жолмен қамата алмаған-ау шамасы. Сондай күндердің бірінде екеуі бір жерде оңаша жолығып қалып, ерегісе кетіпті. Ерегістің соңы «чекистің» әлгі кісіні басынан темірмен ұрып өлтіруімен аяқталыпты-мыс. Соған қарамастан, біздің кейіпкер әкесін өлтірген (ұзынқұлақтар солай дейді) адамның жаназасына қатысып, қатысып қана қоймай, «мықты адам еді» деп әбден мақтап, әкесін екінші рет «өлтіріпті». Сондағысы айлық та төленбейтін қайдағы бір қоғамдық жұмыстың жетекшісі ретінде сөз сөйлемесе болмайтындығында екен. Негізі ұзынқұлақтар да қай-қайдағыны айтады. Ал егер осы айтқандары рас болса, дүниені, тағдырды қызық емес деп көріңіз?! 

Қылықты бас дәрігер «отпускіден» кейін қызметінен не үшін кетпек?

Ұзынқұлақтың айтуынша күнгей облыстардың орталықтарының бірінде орналасқан үлкен бір аурухананың сұлу әрі қылықты бас дәрігері «отпускіге» шығып, ары қарай өз еркімен қызметінен кету жөніндегі арызын жазып қойыпты деседі.


«О заманда бұ заман, әйел басшының білдей бір аурухананың бас дәрігерлік қызметінен өз еркімен бас тартуы сирек кездесетін оқиға еді, бұлай етуіне не себеп болды екен» дейтін сауал сол облыстың орталығындағы ақ халаттылар талқылайтын басты тақырыпқа айналыпты. Бірінің айтуынша, әлгі үйлі-баранды бас дәрігер әйел облыстағы медицина саласында жүрген үлкен бір шенеунікпен жақын қарым-қатынаста көрінеді. Жақын болғанда да, әншейін достық рәуіштегі қарым-қатынас емес, біраз жерге барып қойған-мыс. Бас дәрігердің қызметінен бас тартуына да осы мәселе және осы гу-гу себеп болғанға ұқсайды. Нақтырақ айтқанда, үлкен шенеунік: «масқара болмай тұрғанымызда кете тұр, маған да, саған да кесірі тиіп кетуі мүмкін, кейін бірдеңесін нетерміз» депті. Егер ұзынқұлақтың осы айтқандарының бәрі рас болса, «нетерміз» деп жүргенде Құдай өздерін «нетіп» жібермесін деңіз...

ИДЕОЛОГ БОЛУДАН ДӘМЕЛІ ТЕСТІЛЕУДЕН ҰШЫП КЕТКЕН БЕ?

Күнгей облыстардың бірінің идеологиясына басшы болудан дәмелі бір пысықай мемлекеттік қызметкер атану жолындағы тестілеуден бірінші тапсырғанында-ақ ұшып кеткен көрінеді. Оның компьютердегі жауабын көрген тест қабылдаушылар «Ойпырмай, талай сауатсызды көріп едік, бірақ мынандай «білгішті» тұңғыш рет көруіміз» деп жағасын ұстапты. Алайда олар жағасын ұстап отырғанда, әлгі «мықты» сынақты екінші рет тапсырып, өтіп кетіпті-міс.

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны: «...АЙТЫС БОЛМАЙ ҚАЛЫП, ОҢТҮСТІКТІҢ АБЫРОЙЫ ТӨГІЛЕ ЖАЗДАДЫ»

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында түнеугүні Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына және «Наурыз» мейрамына орай рухани ордада аламан айтыс ұйымдастырылып еді ғой. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы һәм ОҚО әкімдігі мұрындық болып, екі күнге созылған өнер додасында түркітілдес мемлекеттердің аты алты алашқа мәшһүр 20 ақыны қатысып, бақ сынады.

Алайда, «халықаралық» деп ат қойып, айдар таққан бұл айтыстың өтпей қалуы да ықтимал еді. Себебі, сахна сыртындағы, дәлірегі, қазылар алқасы арасындағы келіспеушіліктер ақындардың «бойкот» жариялауына әкеле жаздапты. Мәселенің мәнісін тереңірек білмек ниетпен сол айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрайымы, халық ақыны Әселхан ҚАЛЫБЕКОВАҒА хабарласқанбыз. Ол кісі айтыстың ішінде қандай «айтыстың» туындағанын бүкпесіз айтып берді.


 

– Алғашқы күні 20 ақынды он жұп етіп айтыстырғанымыз рас. Олардың 12-сі қара үзіп, финалға шықты. Ертең алты жұп болып, сайысқа түсуі керек. Қалыптасқан тәжірибе бойынша қазылар алқасының мүшесі Ханбибі Есенқараева екеуміз қай ақынның кіммен айтысатынын долбарлағандай болдық. Әйткенмен осы тұста қазылар алқасының тағы бір мүшесі – «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаев: «Өздеріңіз жұптай бересіздер ме?» – деп қалды. «Сіздер де ұсыныстарыңызды айтыңыздар, біз әншейін жобалап жатырмыз. Өзгеріс енгізгілеріңіз келсе, мархабат!» – деп, нобайлап жұптаған ақындардың тізімін А.Тұрғанбаевтың қолына ұстаттым. Сөйтіп ем: «Жоқ, сіздің кімді кіммен жұптағаныңызда жұмысымыз жоқ. Жай балы жоғары ақындар шыққан-шықпағанын білейін деп едім» – деп, қағазымды өзіме қайтарып берді. Бұл кешкі астың уақыты-тын, әріптестерім тамақ ішуге кірді де, мен сол аралықта екінті намазын оқып алайын дедім. Намаздан келсем, қазылар алқасының мүшелері – А.Тұрғанбаев, Қыр­ғызстандағы республикалық «Ай­тыс» қауымдастығының тө­ра­ғасы Рысбай Исақов, «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова, белгілі ақындар Нармахан Бегалыұлы мен Ханбибі Есенқараева – алтауының мәмілесі бір жерден табылып, маған: «Біз ертең азанда ақындарды алдын ала жұп­таумен емес, жеребе тартып айтыстыратын болдық. Яғни, ақындар айтысар алдында ғана «Сен пәленшемен, сен түгеншемен айтысасың» деп, жеребе тартылады. Сонда күні бұрын дайындалған «заготовка» жайына қалып, нағыз айтысқа орын беріледі, нағыз суырыпсалмалық білінеді. Сіздердің жұптағандарыңыз дұрыс емес, бүгін олар кіммен айтысатынын біледі де, ертеңге дейін өзара келісіп қояды» – дейді.

Содан кейін мен де: «Айналайындар-ау, нені келісіп қарық қылады олар? Өздері айтыстан шаршап шықты қазір. Міне, кеш түсті. Кіммен жұптасып айтысатынын олар енді естиді. Ертеңгі додаға ас-ауқатын ішіп болғаннан кейін ғана кіріседі ғой. Бір түнде келісіп үлгермейді де. Сондықтан ертеңгі айтыстың сапалы болуы үшін, Түркі дүниесіне жаман атымыз шықпауы үшін «табан астында жеребе тастап, бірден сахнаға шақырып, айтыстырамыз» дегенді қойыңыздар. Ақындарға обал болды. Олардың уақыты зая кетіп жатыр. Қазір айтысқа дайындалып жатуы керек еді. Бәрін әрі-сәрі етіп қойдық. Өткелде ат ауыстыруға болмайды. Біз мынау күллі Түркі дүниесі айтысқа келгенде, ертеңгі күні «Түркістандағы айтыс айтыс болмапты» деген жаман атқа қаламыз. Сондықтан Америка ашпай-ақ қойыңыздар. Ертең айтысты жап-жақсы өткізіп жіберейік. Бәрімізге – абырой. Ал, суырыпсалмалықты айқындау үшін жеребе тарту әдісі пайдалы болса, ендігі айтысқа ақындарды солай дайындайын», – дедім.  

Бір кезде әңгімеге қырғыз әріптесім Рысбай Исақов араласты. Айтуынша, жеребенің айтыс ал­­дында тартылып, тіпті тақырыптың та сол мезгілде айтылатыны көрші Қырғызстанда бұрыннан бар тәжірибе екен. «Қырғыздың айтқанын істейік» дейді Т.Бурмистрова. Шыдамай кетіп: «Қазақстанда бұл айтыс оңбайды екен. Бұл айтыста өмірі әділдік болмайды екен. Жұрт: «Айтысты бір қырғыз бен бір орыс келіп, жөндеп кетті» дейтін шығар» – дедім. «Бәйгеге түсер алдында атты да баптайды. Оның да көзін сипап, үстін сүртіп, құйрық-жалын тарап, әбден әлпештейді. Әй, бұлар біздің сөйтіп шығаратын жүйріктеріміз ғой» десем, оған да көнбейді.  

Сөйтіп, өзімнің көзқарасымды дәлелдеп, қазылар алқасындағы әріптестеріме бір жарым сағат сөйлеппін. Ақырында жалындым, тіпті жыладым. Бір жарым сағаттың ішінде айтпаған сөзім қалмады. Болмай бара жатқасын, ұрысып та айттым. Сөйтсем, алтауы қамал болып бірігіп алған. «Бір жөнін айтса, осы екеуі айтатын шығар» деп Нармахан мен Ханбибіге жалтақ-жалтақ қарасам, екеуінің де пікірі «ТҮРКСОЙ» өкілінің сөзімен үйлесіп тұр. Еш көнбейді. Менің сөзімді сөз екен деп тұрған жоқ. «Мынау неғып жанын салып, шырылдап жатыр? Мұныкі де дұрыс-ау» демейді. Қанша жүйкем жұқарды, қанша жүрегім ауырды. «Айтыс ақындарына жанашырлығы жоқ екен-ау» деп топшыладым.

Өстіп ырыңкезектесіп отырғанда 2 сағатқа жуық уақыт өтті. Болмағасын облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділхановты ақындарға жібердік. Ақындарды жұптауға қатысты қазылардың ұстанымын, болған жайтты түсіндіру үшін. «Қазылар осылай етіп жатыр. Әселхан апаның ұсынысы – мынау. Қалған қазылардыкі – мынау» деген екен, Бекарыс Шойбеков пен Айбек Қалиев және қырғыздың екі ақыны: «Онда қазылар қазір келіп, бізді қалағанынша жұптап кетсін. Ал, олай етпесе, ертең он екіміз де финалға шықпаймыз» – депті. Бұл хабар маған жеткен соң, әріптестеріме тағы бардым. Х.Есенқараева, Б.Тайжан, А.Тұрғанбаев отыр. «Ақындар былай деп жатыр» деп олардың тілегін жеткіздім. Өкінішке қарай, олар ақындарды мұндай қадамға мені итермеледі деп пайымдады. Бекарыс пен Айбек біреудің өйт-бүйт дегеніне көне салатын ақындар емес қой, әрқайсысы – өз пікір-көзқарастары бар азаматтар.

Х.Есенқараева маған «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ», неге көнбейсің? Осыған келіс!» деп ұрысып жүр. Мен аң-таңмын. «Әй, айналайындар-ау, табан астында жұптастырғаннан жөні түзу айтыс шықпайды. Сәл ойлансаңдаршы!» деймін. Көнетін түрі көрінбейді. Ақырында ақындардан әлгіндей талап шықты. Бекарыс пен Айбекке рахмет, солардың пікірімен тіпті қырғыздың екі ақыны да санасып, «сіздер – айтыстың арыстанысыздар, не айтсаңыздар сол болады» депті.

Сонда қазылар алқасының мүшелері не деді десеңізші? «Айтысты финалға шықпайтын 8 ақынмен өткізе саламыз» дейді... Шырылдай-шырылдай шаршадым. Содан ашуландым да «онда өздеріңіз айтысыңыздар!» деп сыртқа шығып кеттім.

Қазылар алқасына мені бекерден-бекер төрайым еткен жоқ қой. Айтыс – менің әлемім. Айтыскер ақындардың барлығы менің бала-шағам, армиям іспетті. Баяғыда Қадыр Мырза Әли осы Бекарыс, Маржандар айтысқа шығып жатқан уақытта айтқан «Әселхан айтысқа әскер қосты» деп. Сол себепті олар үшін жаным шығып бара жатыр.

Не керек, өстіп жүріп ақындардың 6 сағат уақытын алдық. «Финалда кім кіммен айтысады?» деген мәселе не ары, не бері емес. Айтыскерлердің жан дүниесін былайғы жұрттың қалай қабылдайтынын білмеймін, бірақ олар қашан айтысып болғанша, ұстараның жүзінде жүреді. Ондай кезде ас та батпайды. Қалың бұқараның алдына шығып, өнер көрсету оңай деймісіз?! Айтысу деген фонограмма емес қой. Ана жерде отырып олардың жан дүниелерінде қандай аласапыран болып жатқанын мен сезіп отырмын. Өкінішке қарай, өзге қазылар оны сезбейді де, сезгісі де келмейді.

– Білуімізше, айтыстың алғашқы күні де қазылар алқасының әділдігіне айтыссүйер қауымның көңілі толмаған сияқты ғой.

– Жұрттың бәрі жүйрік емес қой. Ақындардың ішінде орташалауы да, нашарлауы да бар. Айтысты тек қана жүйрік ақындармен өткізе алмайсың ғой. Қазақ «Қой ақсағымен мың» дейді. Сол себепті барлығын айтыстырып көресің, деңгейі төмендері өзі-ақ артта қалады да, мықтылары суырылып алға шыға береді. Мұның бәрі – елдің көз алдында болатын процесс. Осыны қазыларға айтсам, кейбіреулері ана жерде бір ақынның сөзі сәл төмендеу шықса «Құрт ананы, құрт мынаны!» дегендей Көпенге ымдайды ғой. Жақсы айтысып жатқанды, нашар айтысып жатқанды да кері тартады.

Мысалы, айтыстың бірінші күні алғашқы жұп болып Жарқынбек Наушабеков пен Сара Тоқтамысова шықты. Екеуі де керемет айтысты. Екеуіне де мен 10 балл көтердім. Сөйтсем, өзгелері Жарқынбекке 10 қойды да, Сараға 9 берді. Соған Түркістан қаласының құрметті азаматы, ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «ей, сендер қандай әділ қазысыңдар? Сараға неге кем бердіңдер? Әділ болмайсыңдар ма?!» деп қасымызға айқайлап келді. Сөйтіп еді, барлығы «9-ды бердік. Ал қайтесің?» дегендей қылды. Әй, Ж.Әзіретбергенов жай шал емес қой. Керек болса, залға жиналған Түркістанның бүкіл халқын ертіп кете ме деп қорықтым. Ол – соңына жұртшылықты ерте алатын азамат. Сонымен, ол кісі «онда мен кеттім. Мұндай қазылар төрелік ететін айтысты көрмеймін» деді дағы, орнынан тұрып, шығып кетті. Және оған қосылып біраз қариялар залдан шығып жүре берді. Бұл – бірінші күнгі көрініс.

– Финалдың жайы немен тынды сонымен?

– Өстіп жүргенде түнгі сағат 12 болды. Көпшілік таңертең финалды күтіп отыр. Қалайда ақындарды жұптап келмесек, болмайды ғой. Сонымен, айтыстың жүргізушісі Көпен Әмірбек екі ортада елші болды. «Әй, ертең мен жұртқа күлкі боламын ғой. Сендердің не ойлап отырғандарыңды білмеймін. Көпен – жүргізуші, Әселхан төрайым болған айтысты құрту ма мақсаттарың?» деді күйіп кетіп. Бір қызығы, «ертең айтыс болмай қалса, қайтеміз?» десе, базбір әріптестерім «болмаса, болмай-ақ қойсын! Ертең қайтамыз» деп жауап қатыпты. Сонда халықтың, елдің намысы деген қайда? «Әселхан – айтыстың әбден ащы-тұщысын татқан, ыстық-суығына төзген адам. Бәлкім, бұл кісінің айтып отырғаны – жөн сөз, біздікі дұрыс емес шығар» деп біреуі айтпады ғой. Я кәрісі, я жасы.

Содан «ТҮРКСОЙ-дың» өкіліне «айналайын, бәрін бастаған сенсің ғой, жүр, екеуміз барып, жұптап келейік. Әйтпесе ертең айтыс өтпейді» деді де, Көпеннің тілі бар ғой, оны көндіріп, алып кетті. Барған бойда оны ақындар тарпа бас салыпты. «Әселхан апамыздың айтып отырғаны дұрыс, сіздер не істеп отырсыздар? Ертең айтыс шықпайды» деп.               

Сөйтіп, ақырында ақындар «шықпаймыз» деп үзілді-кесілді бас тартқасын, амал жоқ, сол жерде жеребе тастапты. Менің жұптағандарымнан сәл ғана ауысты. Жеребенің бір ыңғайсыз жағы, кейде бір өңірдің ақындары жұптасып қалады. Мәселен, бұл жолы сарыағаштық екі ақын Жарқынбек Наушабеков пен Нұрғали Әнапия бірге шығып қалды.

Негізі, мен арыз айтатын адам емеспін, бәрін ішіме жұта беретінмін. Осы жолы жұта алмай қалдым. Кеше ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке телефон соқтым. «Әй, Ұласбек, мына жағдайды біліп, естіп жатсың ба? Мен осындай жағдайға ұшырадым. Мен жараландым, қаным қызып, жүрегім ауырды» деп едім, «апа, енді ойланамыз, бұдан кейін ондай болмайды» деп, мені сылап-сипап, кішкене жұбатқан болды. 

Ақындардан кемшілік кетіп жатса, айтысқанына риза болмай жатса, оны жақсы бағаламай жатса, сонда талассақ, ұрыссақ мейлі ғой, ал енді бұлардың мұнысы... Айтыс ақындарына бітіспес өшпенділігі бар сияқты. «Бұлардың бәйгесін бермеңдер. Мастанып кеткен» деген әңгімені де құлағым шалды.

Ал, түнімен ұйықтамаған ақындар көздері кіртиіп, терін төгіп, жақсы айтыс өткізді. Олардың да қайбір денсаулығы бар: біреуінің ана жері ауырады, біреуінің мына жері. Жүлде беруде де ешқандай талас болмады. Бірақ Бекарыс төмендеп қалды. Оның балын түсіріп тастады. Ол жақсы айтысып, Сараға жолын беріп кетті. Тым болмаса сол мәрттігі үшін 2-орынға ілуге болатын еді. Мен ілейін десем, балы жетпейді. «Алынбайтын алты қамал» балды тартып қойып отыр. Бұған не дейсің? Бұл жағдайды Мұхтар Ниязовтар «Фейсбукте» жазды. «Неге Бекарысты әділ бағаламадыңыздар? Оның айтысқа сіңірген еңбегі үшін жүлде беруге болар еді ғой» деп.      

– Бірақ «ТҮРКСОЙ-дың» сыйлығына ілікті емес пе?

– Бас бәйгені – мен, 1-орынды – Ханбибі, 2-орынды Нармахан тапсырды. Қалғандары да солай жүлделерді табыстады. 4-ші, 5-орын алған ақындарға берілген мөлшерде – 500 мың теңге көлемінде «ТҮРКСОЙ» да айтыстың жүлде қорына үлес қосқан екен. Көпен айқайлап «Соның сыйлығын Бекарыс Шойбековке тапсыру үшін Асқар Тұрғанбаевты ортаға шақырамыз» деп еді, Бекарыс шықпай қойды. Анау жүлдесін ұстап тұрып, қызарақтап сахнадан қайтып түсті.

Бір күн бұрынғы түнгі «айтыста» оған «айтыстың маңына жолататын адам емес екенсің» деп ұрысып тастағаным бар-тын. Сөйтсем, «Мен айтысқанмын, айтысты зерттегенмін» дейді...

Өзі жүрісінен жаңылмайтын дәстүрге сәйкес, айтыстан кейін банкет жасалады. Дастарқан басында бәрі жапа-тармағай сөз сөйлеп, А.Тұрғанбаевты қошеметтеп жатыр. Жиіркеніп кеттім. «Әй, кімнің арқасында осылай ойнап-күліп, тамақ ішіп отырсыңдар? Мақтасаңдар, айтыс ақындарын мақтаңдар!» дедім. Үндемей қалды. Алдында ғана Көпен «жеті жюри – жеті қазына» деп отырған. «Жеті қазына емес, жеті қазымырмыз» дедім. Өстіп тілім шығып кетті. Әйтпесе өмірі ешбір айтыста бүйтіп теріс сөзге келмейтін едім. Осы жолы мені қатты шаршатты. Шынын айтқанда, айтыс болмай қалып, Оңтүстіктің абыройы төгіле жаздады. Бірақ тілі бар, беделі бар, Көпен елші болып жүріп аяқ жағын оңдады, әйтеуір. Ал мен өзімді қазылар алқасының төрайымы емес, ең соңғы адамындай сезіндім.

– Айтыскердің жан дүниесін айтыскерден артық кім түсінеді?! Әділ қазы етіп Маржан Есжанованы неге қоюға болмайды?

– Оны айтқанмын. Бірақ ұйымдастырушылар бір кісілерден тайсақтапты. Бірдеңе дейді деп. Осы күнге дейін жазба ақындардың қанша мүшайрасы өтсе де, әншілердің қандай байқауы ұйымдастырылса да, айтыс ақындарының оған қазылық жасауға таласып-тармасқанын естімеппін. Неміз бар ол салаларда?! Таласпаймын да. Ал, айтыс менің өз әлемім ғой... 

Әлгі 12 ақынның менің шырылдап жатқанымды біліп, Бекарыстың мінез көрсетуі тегін емес. Әйтпесе мен оларға телефон соғып, «былай боп жатыр» деп айтпадым да. Оның үстіне Бекарыс мұндай айтысты бұрын көрген екен. Д.Қонаевты еске алуға арналған үлкен айтысқа 40 ақын қатысып, біреулер тура өстіп айтыстырамыз деп, «Америка ашқан» екен. «Сонда мен ең соңында айтыстым, жүйкемнің тозғанынан жынданып кете жаздадым. Қырық ақынның екеуі айтысқа шыққанда, 38 ақын үшін ойландым. Одан кейін 36 ақын үшін ойландым» дейді. Осы оңай ма? Кейін сол айтыс телеарнадан көрсетуге жарамай қалды ғой.

Кеше Бекарыспен телефонмен сөйлестім. «Балам, өкпең жазылды ма? Сен кетіп қалдың. Анау «ТҮРКСОЙ-дың»  өкілі жүлдесін қалтасына қайта салып, сахнадан қызарып түсті» деп. «Өкпелеуге тұрмайтын адамдар ғой олар. Апа, сіздің ұстанымыңыз дұрыс. Қонаевтың айтысында 40 ақынды табан астында жұптастырып айтыстырудың ақыры немен тынғанын білеміз» деді.

Меніңше, айтыс ақындары кіммен айтысатынын 2 сағат бұрын болса да, алдын ала біліп, сөзін саптап, ойын қорытуы керек қой. Айтысу фонограмма емес. Көптің алдына аузын жыбырлатып шыға салатын.     

Оның үстіне Жүрсін Ерманов бұл айтысты «шоу қыламын, мықты етіп көрсетемін» деп жұрттың бәрін келістіріп, айтыстың табиғатын бұзып жіберді.  Мен оған қарсымын. Оны айтып та жүрмін талай жерде. Сондықтан Жүрсін мен шақырмайды ешбір айтысқа. Шақырмаса, шақырмай-ақ қойсын. Айтқаным – айтқаным. Ақындар «сен не айтасың, мен не айтамын?» деп, келісіп алғанға үйреніп қалды. Олардың айтысы үтіктегендей болып шығады. Біздің айтысымызды халық не үшін жақсы көрді? Үтіктегендей болып шықпайтын, «ә» десе, «мә» деп жауап береміз. Кейде жауап табамыз, кейде қызарақтауға тура келеді. Ал, қазіргі айтыс туралы Балғынбек «бұрын қарсыласым не айтып қояды деп қорқатын едік, қазір не айтпай қалады деп қорқамыз» деп айтты ғой. Анау айтпай қалса, мынаның саптап отырған сөзі шықпай қалады да. Міне, осылай айтыстың құнын түсіріп жіберді. Ешкім айтысты көрмейтіндей болды. Ойда-қырда осы күнде қазақтың айтысын құртып тындық.

– «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кері десеңізші.

– Бұзып кетті. Ал, енді осыларды жаңағыдай айтысқа салсақ, не болады? «Оңтүстіктің абыройы төгілсін» деп отыр ма? Бұлардың пиғылын түсінбедім. Кешегі айтыстың дұрыс өтуі – әуелі Құдайдың, кейін Көпеннің арқасы. Кешегі айтыс өтпей қалғанда анық шу сонда болар еді. Осыларды ойлап, әлі қан құрамымдағы қантымның деңгейі көтеріліп, қан қысымым көтеріліп жатыр.

– Ештеңені бүгіп, бүркемелемей, ойыңызды ашық айтқаныңыз үшін рахмет! Сізге де, қазақтың айтыс өнеріне де баянды ғұмыр тілейміз!

Сұхбаттасқан Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Тоқалдың «қызығын» байлар көреді

Соңғы кездері тоқал алғанын мақтаныш етіп, қос қатынды басқарып отырғанын лепіре әңгімелеген кәсіпкерлер мен танымал адамдар туралы материалдар жиілеп кетті. Олардың бұл әрекетінен пиардан бұрын, жалпы көпшілікке, оның ішінде өзі қатарлас ер-азаматтарға бағытталған «көрдің бе, менің ақшамның көптігін тоқал алғанымнан біле берсейші» деген зымиян ниет-пиғылды аңғармау мүмкін емес.


Бұл тақырып күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Күнделікті тіршілікте болсын, әлеуметтік желіде болсын – тоқал туралы сөз шыға қалса, оны жалғастырып әкетіп, таласып-тартысып жатқан «шешендер» мен «көсемдерді» жиі кездестіруге болады. Және бұл даудың бейбіт аяқталғаны есімізде жоқ. Әрқашан әркім өз пікірінде қалады. Қазақтың әйелі де, еркегі де бұл тақырыпта бір диссертация қорғап тастайтындай мол ақпаратқа қанық. Алланың берген рұқсатынан да хабардар. Алайда, біздегі бүгінгі шынайы ахуал мен шариғат талаптарының бір-біріне дөп келмеуінің салдарынан бұл мәселені өз қолымызбен ушықтырып алғанға ұқсаймыз.

Әлбетте, бұл жерде тоқал алудың шариғат рұқсат берген, Алла тағаланың ризашылығымен іске асатын рәсім екеніне күмән келтіріп, қарсы айтар уәжіміз жоқ. Тек оның еріккеннің ермегі емес екенін еске салғымыз келеді. Қос-қостан қатын алудың өз шарттары, Алланың алдында жауапкершілігі бар. Бұл орайда дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікіріне құлақ асайық:

«Көп әйел алудың ислам дініндегі үкімі – парыз не уәжіп емес. Тек рұқсат. Яғни, әрбір мұсылман ер кісі көп әйел алуға міндетті емес. Бұған қоса көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен талаптары бар. Мысалы, екі әйел алғысы келетін кісінің ең әуелі оларды бағып-қарайтындай жағдайы болуы тиіс. Мұнымен қоса, әйелдерінің арасында қара қылды қақ жарардай әділдік, тең қарым-қатынас құруы керек. Яғни, біреуіне жылышырай танытып, екіншісімен суық қарым-қатынас жасау, біреуінің жанында көп болып, екіншісінікінде аз уақыт қана болу секілді көңілдеріне кірбің салар әділетсіз араластықта болу дұрыс емес. Біреуіне жағдай жасаса, екіншісіне де жағдай жасауы керек. Ал мұндай талаптарды орындай алатындардың саны өте аз екені айтпаса да түсінікті. Ислам дінінің көп әйел алуға рұқсат етуінің өзіндік бірқатар себептері бар. Ер адамдардың саны әйел адамдарға қарағанда әжептеуір аз. Оның себебі, ер адамдардың қазалы оқиғаларға көптеп душар болуында. Қаза тапқан ер кісілердің артында көзі жәутеңдеген бірнеше баласымен аңыраған жас әйелдері жесір қалды. Осы жесір қалған әйелдерге үйленіп, отбасы құратын ер адамның, жас бүлдіршіндеріне қамқорлық көрсетер әкенің қажет екені сөзсіз. Бұлардан да жиі кездесетін бір жағдай – ер адамның екі әйел алуға мәжбүр болуы. Перзент сүйгісі келетін ер азамат некелескен әйелі дүниеге бала алып келе алмайтын бедеу болған жағдайда не істейді? Бірінші әйелімен ажырасып, басқамен үйлене ме?

Яғни, сәби дүниеге әкеле алмағандығы үшін онсыз да жарым көңіл жүрген әйеліне опасыздық жасап, оны талақ етіп, басқа біреумен қол ұстасып кете бармақ па? Жоқ әлде әйелін де далаға тастамай, оған күйеу әрі сүйеу болып екінші бір әйелмен некелесе ме? Әрине, бұл тұста ақылға да, ар-ожданға да қонымдысы екінші таңдау екені сөзсіз».

Егер еркек расымен де көбірек перзент сүю үшін жесір немесе «отырып» қалған қыз-келіншекке үйленіп, екі отбасына тең қарап, екі әйелді де бақытты етіп, қазақтың санын көбейтіп отырса, ондай азаматтан садаға кетпейміз бе. Қос әулетті ым-жымын білдірмей шеберлікпен басқарып, балаларына қамқор әке, әйелдеріне сенімді күйеу болып жүргендерге рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Алайда, біздің тоқал алғыштар кімдер?

Осындайда көзімізге бірінші болып түскен топ – бай-бизнесмендер. Мысалы, Тараз қаласындағы белді базарлардың бірінің қожайынында 5 әйел бар. Шымкенттегі белді қонақ үйдің 63 жасар иесінің 3 әйелі бар. Бәйбішенің жасы 58-де болса, ең кіші тоқалдыкі – 23-те. Қатындарының ішінде қазағы да, орысы да бар. Жағдайы жеткен соң алсын дейсің. Біреудің дүниесін қызғанасың ба? Алайда, олардыкі – діннің атын жамылып, өз нәпсісін қанағаттандыру ғана. Өйткені, әйелдері бірінен-бірі өткен жас, сұлу. Заманға сай көк қағаздың соңына түскен сылқымдар. Және ол бизнесмендер әйелдерін тең көреді деп те айта алмайсың. Мұндайлар арамызда көп. Тіпті, олардың арасында тоқалдың саны, неғұрлым жас, сұлу болуы – қаншалықты бай екенін «паш етудің» жолы. Былайша айтқанда – «Тоқал-рейтинг»!

Әрине, әркім өзі біледі, бірақ ондайлар айналасындағы қауымға өз үлгісі арқылы кері әсер етіп жүргенін түсінсе дейсің. Өйткені, оған басқалардың көзі қызбайды деймісіз? Тоқал алғанның жөні осы екен деп, бәйбішемен ақылдаспай, шамасына қарамай жап-жас қызды қатындыққа алатын кей азаматтар осындай байлардан үлгі алып отыр ғой. «Өзбек байыса – там салады, қазақ байыса – қатын алады» деп ата-бабам қалай біліп айтқан десеңші.

Қатын алғыштардың тағы бір тобы – өздерін сәлафи санап жүрген шолақ балақ, селдір сақалдылар. Олар өзіндік дүниетанымы қалып-таспаған шаласауатты қыздарды Алланың қаһарымен қорқытып, үйленіп алады да, неке қызығы тарқаған соң «талақты» үш рет айтып, тастап жүре береді. Өзі тастаған әйелді досына беріп кететін кездері де болады. Жиырмадан жаңа асқан, қара мата жамылған келіншектердің осы күнге дейін он-он бес рет некеде болған десе, сене алмайсың. Алайда, ол шындық. Нәпсінің қалауынан аса алмаған бейшараларды мұсылман деуге аузың бармайды.

Әрине, ата-бабамызды мысалға келтіріп, шариғат жайын әңгімелеп, тағы да ұзақ дауласуға болады. Біздің де атамыз 2 әйел алған. Бірақ оның үлкен себебі бар – өмір бойы бір перзент сүйсем деп армандапты. Сондай-ақ, өзі үйір-үйір жылқысы бар бай еді. Ол заман мен бүгінгі күнді салыстыру мүмкін емес. Дегенмен, екі заманға ортақ бір нәрсе бар – көп әйелді иманы мен шамасы жеткені ғана алған. Сол жағын ойлау керек. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Екі әйелі бар кісі әйелдерінің біреуімен артығырақ қарым-қатынас жасап, әділетсіздікке жол беретін болса, ондай адам ақырет күні бір иығы төмен салбыраған күйде келеді»- деген. Сол. Қатынсыраймын деп ақырет күні иықсыз қалып жүрмеңдер.

 Жан КЕНЖЕ

ТҮРКІСТАННЫҢ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАТЫНЫ РАС ПА?

Бұл сөздің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Бірақ, нақты шешім шыққан емес. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, желдің қай тұстан шығып жүргенін қайдам, бірақ анау-мынау қауесетті он орап алатын бұл әңгіменің ара-тұра айтылып қалатыны рас. Жалпы, Түркістанды облыс орталығы еткісі келетіндер мен алақандай ауданға ондай мәртебені қимайтындардың қайшыласқан пікірі қай кезде де қатар жүретіні – заңдылық. Бірі екі дүние есігі, ер түріктің бесігі саналатын киелі қаланы «облыс орталығы болуға лайық» деп санаса, енді бірі оның өңір орталығында емес екенін алға тартып, шалғайдағы аудандар одан сайын алыстап кететінін айтады. Бүгін-ертең облыс орталығын көшірейін деп жатқан ешкім жоқ, десек те осы бір қызу пікірталасқа сұранып тұрған тақырып төңірегінде айтылатын әралуан сөздерді реті келгенде біз де салмақтап көруге тырыстық.


Рас, күллі мұсылман халқы үшін киелі саналатын Түркістанның танымалдығына талас жоқ. Көне қалаға алыс-жақыннан ат шалдырып келетіндер де аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, егер Түркістанды облыс орталығы етер болсақ, оның көркейіп-көріктенуіне де кең жол ашылар еді. Бұл – бір. Екіншіден, қанша дегенмен облыс орталығы деген статус берілсе, көптеген мемлекеттік мекемелерді орналастыратын жаңа ғимараттар бой көтеріп, заманауи құрылыстар да қарқын алар еді. Білетіндер бұған дейін төбесі көк тіреген зәулім үйлердің Түркістанда салынбауын қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен биік тұратын ешқандай нысан болмауы керек деген пікірмен түсіндіреді. Кім білсін, бірақ ел экономикасы еңсе тіктеген кешегі күнге дейін басқа қалаларда да көп қабатты үйлер сирек салынды емес пе? Биіктігі аспанмен таласып тұратын 9-10 қабатты үйлер тек ел астанасы сияқты үлкен қалаларда болмаса, шағын қалалардағы жаңадан салынып жатқан үйлердің барлығы дерлік төрт-бес қабатпен шектелетін. Енді, міне, Түркістанның өзінен төбесі көк тіреген 9 қабатты екі үй салынып, таяуда тұрғын үй ретінде пайдалануға берілді. Әрине, Түркістан үшін қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің орны бөлек. Яғни, ол екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Сол себепті де қасиетті қаланың төрінде Әзірет Сұлтан мұражайы тұр.

Ал, жаңадан салынып жатқан үйлер қаланың кіреберісіндегі мөлтекаудандардан бой көтеруде. Бәрі де бүгінгі архитектуралық талап үдесінен шығатындай өзара үндесіп жатыр.

Бастапқы тақырыпқа қайта оралатын болсақ, Орта Азияның кіндігінде жатқан Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, ел астанасы етуге де лайық көретіндер бар. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ел астанасын көшіру туралы Елбасымыз Н.Назарбаев бастама көтергенде қазақ елінің Ордасы болуға лайық қалалардың бірі ретінде Түркістанның да аты еміс-еміс естіліп қалғаны жасырын емес. Алайда, қазақ елінің Астанасы орталықта болуы керек екенін және де басқа да саяси-стратегиялық себептерді ескерген Елбасы ақыры Ақмола қаласын таңдады. Онысы өте дұрыс шешім болғанын бүгінде ел айтып жүр. Есіл өзенінің бойынан бүкіл ел тамсанып қарайтындай қала салынады дегенге кім сенген...

Түркістанды облыс орталығы еткісі келетіндердің тағы бір алға тартатын тұсы – оның сауда-саттық орталығы ретінде жақсы жолға қойылғандығы. Ар жағындағы Қызылорда, Жезқазғанның халқы негізінен осы Түркістанға келіп сауда жасайды. Күні-түні үзіліссіз жұмыс істейтін базары бар. Яғни, келім-кетім көп. Барыс-келіс пен алыс-беріс бар жерде қала өздігінен дами беретіні белгілі. Оған облыс орталығы деген мәртебе берсек, онсыз да тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан рухани астананың әлеуеті артып, аз уақыттың ішінде адам танымастай болып дамитын ба еді...

Ал, енді әр нәрсенің жақсы жағымен бірге жаман тұстары да қатар жүреді дегенді ескерсек, бұл бастамадан анау айтқандай зиян шегетіндер көрініп тұрған жоқ. Егер Шымкент облыс орталығы деген аттан айырылып қалса, қолы біраз қысқарып, келім-кетімі де әжептәуір азайып қалады деп алаңдайтындар болса, оған бола сары уайымға салынудың жөні жоқ. Айталық, Алматы қаласы облыс орталығы болмаса да, жыл өткен сайын көркейіп, үлкен мегаполис ретінде танылып келеді. Сол сияқты Шымкент те өз алдына енші алып шықса, бүгінгідей шым-шытырық мәселеден біраз арылып, өз бетінше дамып, елдегі үшінші қала ретінде еңсе тіктеуіне жол ашылады емес пе?! Қайта көшедегі көлік кептелістері де азайған болар еді. Сондай-ақ, «облыстық» деген аты бар басқармалар мен департаменттер, түрлі мекемелер көшіріліп, қала тынысы кеңейіп қалады. Көшіріліп демекші, аталмыш басқарма-департаменттермен бірге мүйізі қарағайдан біраз басшы-шенеуніктер де өкше көтеруге мәжбүр болады. Бұл, әрине, оларға ұнамаса керек. Кім жасыл-желекті қаладан ірге үзгісі келеді дейсіз? Оның үстіне әбден бауыр басып қалған қаласын көзі қиып кете қоюуы да қиын-ау. Осы тұста Елорданың Алматыдан Ақмолаға көшірілген жылдары еріксіз еске түседі. Сол жылдары да біраз шенеунік әсем Алматыны қимай қиналған еді. «Талай қазақ көшіп барады Ақмолаға, Ақмолада басыңа бақ қона ма?» дегендей, қоғамдағы қозғалыс әр нәрсені жүрегімен қабылдайтын ақын-жазушылардың қаламы арқылы өлең болып өріліп жатты. Бірақ бүгін бәрі басқаша. Масасы маза бермейтін Ақмолаға да үйренді.

Егер алда-жалда айтқанымыз келіп, облыс орталығы Түркістанға көшірілетін болса, онда оның «минус» жағы тек осынау ақ жағалылырға ғана жағымсыз әсер етуі мүмкін. Онда да уақытша...

Айдын СӘТЖАН

Шәмшабану ХАМЗАҚЫЗЫ, ақын, ағартушы: «ҚЫТАЙ ҮКІМЕТІ БІЗДІ «ШЕТТІҢ ШЕГЕСІ» ДЕП, БАҚЫЛАУДА ҰСТАДЫ»

Адамның тұлға ретінде қалыптасуында оның туып-өскен ортасы ерекше рөл ойнайтыны анық. Немесе «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейміз қысқа қайырып. Әңгімемізді алдымен өзіңіздің түп-төркініңізден тарқатсақ...

– Ата-бабамның түп-төркіні, кіндік кесіп, кірін жуған атамекені – аты әлемге әйгілі Семей. Самты, Самтырбай, Қасымбай деген арғы аталарымыз сол Семей өңірінен кезінде Шәуешекке барған екен. Самтының қыстауы, Барлықтың күнгейі – Қарашағылда (Шағантоғай елінің малы қыстайды). Қазақстанмен шекаралас. Атамыз Жарқынбайдың Ойжайлау, Балажайлау, Маңдайша, Қазықты жайлаулары да Қазақстан шекарасымен шектесіп жатады. Байырғы заманда қойы қоралас, ауылы аралас болған ел ғой. Шекараны екіге бөлді де, бірі – Қытайға, бірі орысқа бодан болып шыға келмеді ме?! Қазір, Құдайға шүкір, Қазақстан деген еңсесін тіктеген, тәуелсіз еліміз бар...

Тарихта аты мәлім талай-талай өнер тарландарының алтын ұясы Тарбағатайдың (Шәуешек) Ақсуеміл деген жерінде 1940 жылы қазан айында Бөленді Үкірдайдың ауылында дүниеге келіппін. Жалпы, қазақ текті халық қой: «Батыр халық, ақын халық дәл атың, кең жайылған қанатың» деп, ақын Қадыр айтқандай, әр қазақтың түбі батыр, шешен-шежіре, би-болыс емес пе?! Менің де түп-төркінім сол тұнық қайнар бұлақтан таралған.

Ал, ақындық өнер қай жұртыңыздан дарыған? Әр өнердің де сондай бір тегі болады ғой.

– Ақындық менің анам Сақыпжамал Рақышқызынан маған қонды. (Ауылдағылар Сақанай атап кеткен). Сол анам марқұм қаршадай кезімнен жер, су, жалпы табиғат дүниесі туралы өлеңдерді менің құлағыма құйып отыратын. (Жұмбақ өлең, тау өлең, балық өлең). Жарықтық шешем былай шырқаушы еді:

Көрінген бұдан былай Тарбағатай,

Кетпейді жауған қары, жазың алты ай.

Жер-судың атын білген өлең қылсам,

Қоймайды бөденесін қу жағалтай.

Көрінген бұдан былай Орқашарды,

Бауырынан айтақтасаң аң қашады.

Жер-судың атын білген өлең айтсам,

Қорымсу Маралсумен айқасады.

Көрінген бұдан былай Сауыр-Сайқан.

Кергентас, Шағаноба, Қобық қайқаң.

Жер-судың атын білген өлең қылсам,

Өзім көрген Майлы мен Жайырды айтам.

Көрінген бұдан былай Толы дейді.

Кәпірдің даңғылдаған жолы дейді...

Ендеше, емен, емен, емен екен.

Сұрасаң, Емен жолы төмен екен.

Алдыңа ақын болсаң, сала айтайын,

Қырықемшек құстың аты немене екен?

Ендеше, қызыл қия, қызыл қия,

Бітеді қарағайға қалың мия.

Әкем ақын, сен білмесең, мен айтайын,

Қырықемшек құстың аты – Інжурия...

Біздер, қарғам, осындай ауыз әңгіме-өлеңмен ауыздандық. Содан нәр алдық. Сондай қиялымыз қиырды кезіп, ойымыз шынардай бой тартты. Өзінің ауыз әдебиетін жастайынан жаттап өскен адамның санасына қоғамның салмағы түспейді. Салындыны арнаның шетіне шығарып тастайтын асау ағысты өзендердей сананы сарғайтатын әрқандай көлденең көк аттылардың көмескі пиғылдарын ақыл арнасының маңына да жуытпайды. Адамды – адам, ұлтты ұлт ететін – діні, тілі, салт-дәстүрі, қайнарлы, қазыналы ауыз әдебиеті.

Біздің Үшқұлыстай ежелден өлең-жырдың ұясы емес пе?! Сол ұя мәпелеп ұшырды. Алғашқы өлеңдерім мектеп қабырғасынан басталды. Біздер бүгінде қоршаған ортаны қорғау деген ұрандарды жастарға ұғындыра алмай келеміз. Табиғат желегін өз қолымызбен жыртып, оның тәнін жалаңаштап, арқа етін арша, борбай етін борша қылдық. Осы күнде аурудың түрі көп-ақ. Соның бәрі – өз қолымызбен қорлаған табиғаттан. Адамның жаны – табиғатпен егіз. Осындайда есіме түседі анам марқұмның:

Торғай деген атым бар,

Бір кішкентай етім бар.

Маған тиген баланың

Әкесі өліп жетім қал!.. – деп өлеңдетіп отыратыны күні бүгін құлағымның түбінде құйқылжып тұрады. Ар-ұждан деген алтын сарайдың төрінен орын алған оны ешқандай күш орнынан жылжыта алмайды. Халқымыздың «Тәрбие – тал бесіктен» дегені, міне, осы.

Сіздердің тұстарыңызда жоғары оқу орнына түсу өте машақатты, тіпті қыз баланың ауылдан алыстап, алыс қалаларға барып оқуы сол кездің таным-түсінігіне де жат еді ғой...

– Әкемнің көкірек көзі ашық адам еді. Қисса-дастандарды көп тыңдайтын. Оның үстіне ата-анам ақынжанды кісілер-тін. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын, саналарына жаратушы сәулесін сыйлаған жандар еді. 6-сыныпты бітірген соң, менімен бірге оқитын Қаман, Дәмелқан, Камелқан, Нәзипа, Қажыр сынды құрбыларым жұмыс істеуге бел буды да, бәрі еңбекке араласып кетті... Әкем де менің әлгі балаларға ұқсап жұмысқа шыққанымды қаласа керек, бір күні мұғалімім Мәкен апайға: «Балам жұмысқа тұрса деймін!» – деді. Ұстазым: «Біріншіден, балаңыздың жасы олардан кіші. Екіншіден, Үрімжіден келген мұғалімдер 10-сыныпқа қабылдағалы жатыр, соған дайындаймыз» – деп жауап қатты. Әкем бұған қарсы болмады. Ол кезде 7-сыныпты бітіргендер әжептәуір білімді адамдар санатына қосылатын.

Сөйтіп, мен жетінші класты бітіріп, жоғары оқу орнына – осы күнгі Шыңжаң университетінің қазақ тілі-әдебиет факультетіне (филология) оқуға түстім. Мұндай оқу орындарында қазақтың ұл-қыздары үркердей ғана болатын. Бейтаныс қала, бейсауат адамдар. Ол кезде мұндай қатынас құралдары, алып ұшқан автобус, жер тарпыған такси қайдан болсын. Ауылды, ата-ананы, бауырды – бәрін де сағынамыз. Қазақ тіліндегі оқулық та жоқ. Дәріс қытай, ұйғыр тілдерінде өтіледі. Шамасы, қазақ тіліндегі оқулықтарды дайындайтын маман да тапшы болса керек. Қасенов деген ұстазымыз болды. Психология, педагогикадан сабақ берді. Қазақстанның азаматы-тын. «Қызыл бина» атанған кітапханамыз бар еді. Сонда Қазақстан кітаптары бар болатын. Мұғаліміміз сезім-түйсік деген сөздің орысшасын айтып, біз оны түсінбей, Қазақстан кітаптарынан жауап таптық. Қасенов бізге шетел әдебиеті, орыс тілі, ұйғыр тілінен сабақ берді. Осы күнде қазақ әдебиетінің заңғарлары саналатын (қытай-қазақ әдебиетінің өкілдері) Омарғазы Айтанұлы, Серік Қапшықбайұлы да дәріс оқыды. 1950 жылдардың соңын ала Қытайдың «қызыл желі» құтырына соға бастады. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойған кез... Алайда, жас адам өмірдің ондай кездеріне ойланып, толғанып жүрсін бе?! Ауылда кілең қазақ тілінде білім алған балалар бұрын естіп көрмеген ұйғырша оқуға қиналды. «Біз сабақты қазақ тілінде оқимыз!» деген үндеу тастағандары үшін біразы сотталып, Тарым түрмесінен бір-ақ шықпасы бар ма. Иә, жалындаған жастық адамның басын қайда сүйремейді?!

– Ақындық Сізге ата-анаңыздан дарыпты. Ол – сіздің мәйегіңіз. Ары қарай оның үлкен арнаға түсуіне не әсер етті?

– Атаның күшінен, ананың сүтінен дарыған өнерді ары қарай асқақтатып, аспандататын мектеп, ол – өмір. Қазақ әдебиет әлеміндегі Абай мен Мұхтарды, Қасым Аманжолов мен Мариям Хакімжанованы, Хамит Ерғалиды, т.б. жатқа оқыдық.

1957 жылы Сәбит Мұқанов Қытайға ресми іссапармен барды. Үрімжі шаһарында ақын-жазушылар Сәкеңмен кездесті. Ол кісі «Ботакөз» романының жазу барысын университетте оқитын 13 қазақ баласына әңгімелеп берді. Сабақты ұйғыр тілінде оқып жүрген мен үшін Сәбит Мұқанов бір мектеп болды. «Абай жолы», «Қазақ солдаты», «Шығанақ», «Көтерілген тың», «Қарағанды», Абай аударған Лермонтовтың өлеңдері біздерді желпіндірді, серпілтті. Талабымызды тасытып, таразымызды дұрыстады. Сол кездегі Қытай қазақтарынан Қаусылқан Қозыбай, Қызырбек Оралов, Мағаз Разданұлы, Дутан Сәкейұлы, Әзілбек Кінәзбек, Құмарбек Сахарин, Жақсылық Сәмит сынды қаламгерлер болды. Ал, Жамалқан Қарабатырқызы, Ұлхан Сұлтан, Қапия Жапанқызы, Заһара Нұраділқызы, Нұрила Қызықанқызы секілді ақындардың өлеңдерін оқығанда, бір жасап қалатынбыз.

«Жондары жолбарыстың жотасындай» Омарғазы Айтанұлы мен Серік Қапшықбайұлы менің ұстаздарым еді. Олардың шығармаларына бала кезімнен табындым. Оларға тәңір ғажайып талант сыйлаған. Рахметолла Әпшеұлы, Асқар Татанаев, Ғани Саржан, Жұмабай Біләл, Ғаппар Біләл, Оразбек Әбділ – бұларды бастарын бұлт бүркеген мұнар шың дер едім.

Біздің айналамыздағы қаламгерлердің ішінде өз мұратына жеткен жазушы – Жақсылық Сәмитұлы. «Гүлсара», «Атамекен», «Қамашпен қайта кездесу», т.б. туындылары арқылы ол бір кездері Қытай қазақтары арасында резонанс тудырған жазушы атанды. Қытай қазақтарының 1930-1940 жылдардағы ұлт-азаттық күресін ту еткен «Қаһарлы алтай» атты 3 томдық романын сәтті жазып, жұрттың ықыласына бөленді. Шерхан Мұртаза, Ысқақ Маралбай бастаған жазушылар бұл кітап жөнінде өзекжарды ойларын ортаға салды. Жалпы, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі бізді қуантатын бірден-бір сүрлеуі басқа, сүйекті шығарма – «Көк бөрілердің көз жасы». Авторы – Тұрсынхан Зәкенұлы. Ол осы романы арқылы әдебиеттің хас шебері, таңғажайып талант иесі екенін біздерге еріксіз мойындатты. Лайым, осындай жастар көбейе берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Біздер Тәуелсіздіктің қадіріне шынымен жете алдық па? Кей кездері Тәуелсіздікті кенеттен аспаннан түскен сыйлықтай сезінетін пиғылдарды аңғарып қаламыз.

– Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы үшін Тәуелсіздіктен артық ешқандай бақыт жоқ. Кешегі әулие ата-бабаларымыздың ақ тілектері Алланың құлағына шалынып, Жаратқанның рахметімен жеткен шексіз байлық – осы Тәуелсіз Қазақстан. Қазақ елі – жер бетіндегі жалпы қазақтың темір қазығы. Бақ қонып, қыдыр дарыған алтын ұясы, қасиетті қара шаңырағы. Осы егемендік болмаса, Абылайханның оң қолы болған көк бөрілі ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойы өтер ме еді?! Ұлт тәуелсіздігі жолында жанын қиған Оспан батырдың 100 жылдығы, қаһарман Қалибектің 100 жылдығы тойланар ма еді?! Майра, Шұғылалар әлем сахнасына көтерілер ме еді?! Дүние жүзіндегі қазақтар Қазақстаннан әр сала бойынша өсті, өркендеді. Сол қоныс тепкен бауырларымыз қазақ еліне жаңа леп, үлкен серпін әкелді.

Қара шаңырақ Қазақ еліндегі рухани қарым-қатынас жағы қалай? Шеттегі ақын-жазушылар мен қазақстандықтардың қарым-қатынасын айтып отырмыз.

– Кез келген елдің бүгіні мен ертеңін ақын-жазушыларсыз елестету мүмкін емес. Қазақ мемлекетінің іргетасын қалап, дәл қазіргі деңгейге жеткізуде аталмыш жұрттың еңбегі ерен дер едім... Данышпан Қадыр Мырзәлінің «Мен әуелі бірдеңе жазар кезде, халық болып алдымен ойлап алам» дегеніндей, Жаратушы осы қасиетті елге халық болып ойлап, халық болып тереңге бойлап, халық болып қуанып, халық болып жылайтын қанатты сөз, көреген көз берген.

Қазақстан деген тарихи отанымыз тұрғанда, біздің рухани ордамыз – Жазушылар одағы. Шетелдегі ақын-жазушылардың асқар белі, үлгі-өнегесі, қамал-қорғаны. Өздеріңіз куә болдыңыздар, «Зейнолла Сәнік – қаламгер, этнограф, тарихшы, ғалым» деген айдармен Қазақстан жазушылар одағының үйінде ғылыми конференция өтті. Оған күш салып, күйініп, сол жиынды өткізген Жазушылар одағы мен Мұхтар Әуезов атындағы өнер институтының басшылары мен талантты ғалымдардың еткен еңбектерінің жемісі еді. Қамқор болған қара ормандай сол қауымға аналық, ақындық жүрегіммен таудай рахметімді айтамын. Құдайға мың шүкір, атажұрттың төрінде қасқайып отырмыз. Осындай сәтте жүрегіңнен жыр өріледі:

Мынау бір киелі орда құт дарыған,

Ұшатын жыр аспандап.

Жұпталып ән...

Осында мәңгілікке үлгі қалған,

Қазақтың Абайынан, Мұхтарынан...

Қазақтың белгілі қаламгері, сіздің жұбайыңыз – Зейнолла Сәнік ағамыз туралы не сыр шертер едіңіз?

– Ағаларыңыз өте қарапайым, еңбекшіл, туыс-туғанға бауырмал болды. Ел-жұрттың алдында сыйлы, сыпайы қария қалпында дүниеден озды. Бәрі де көрген түстей бір күн сияқты, өтті де кетті. Балажан адам еді. Немереміз Ерасыл дүниеге келгенде, қуаныштан дімкәс жүрегі жазылып сала берді. Әкесі Мүбәрак қорасында 20-30-дай ғана қойы бар кедей шаруа болса да, Зекең мәдениеттің зор төңкерісінде көрмеген қорлықты көрді. Құдайдың берген қуатында жігерім мұқалып, жүнім жығылып көрген жан емеспін. Сондай қиын күнде шынайы жансерік бола білдім. Менің ер мінезім оған қайтпас қайрат сыйлағандай... Үрімжіде пәле-жаланың қазаны қайнап тұрған шақ. Ол екеуміздің де туыстарымыз Қазақстанға 1962 жылы өтіп кеткен. Сондықтан, Қытай үкіметі бізді «шеттің шегесі» деп, бақылауда ұстады. Сары ізімізге шөп салды... Бұратала облысында Зекеңнің апайы тұратын. Үрімжіден де, Шәуешектен де аулақ сол ортаны мекен қылдық. Мен мектепте мұғалім болып жұмыс атқардым. Қытай қоғамы жылымық күнге жетіп, сең бұзылғанда, Зейнолла да ел қатарлы ақталды. Негізі, ол Бейжіңдегі ең мықты жоғары оқу орындарында білім алған, Қытайдың билік басына дайындаған болашақ кадры-тын. Амал қанша, Қазақстанда жақын туыстарымыз болғандықтан, билік тұрмақ жан олжа болмады ма ол кезде. Иә, Зекеңнің басынан жала тұманы сейілгенде, Жаннат қызым дүниеге келді. Қуанғанымнан «Ақжолтайым – Жаннатым» деген өлең туды. Ол кісі «өткенге салауат» айтып, қалған күннің қайырын тіледі. Қаламын қолына алып, таңды таңға ұластырып еңбек етті. Көне көз қарттардан сұрастырып, ізденіп, Қытай архивтерін ақтарумен болды. Соның нәтижесінде Қабанбай батыр туралы ешкімде жоқ, көлемді материалдарды Қазақстанға ұсынды. Соның арқасында батыр атамыз туралы деректердің көзі күн санап ашыла бастады.

Ол проза жанрында, зерттеу және аударма саласында еңбек етті. Артына том-том кітаптар қалдырды. Ал, оны зерттеп, ертеңгі ұрпақтар кәдесіне жарату бүгінгі қаламгер бауырларының парызы деп ойлаймын. Зейнолла Мүбәракұлы текті атаның ұрпағы еді. Кез келген ақын-жазушының немесе зиялы қауымның, билікте жүрген азаматтардың түп тегінде тектілік болады. Осыдан мына бір өлең жолдары есіме түседі:

Тектіден текті туады,

Тектінің дарып шуағы.

Өмірден соны байқадық –

Тектілік ата қуады.

Тектіге, сірә, жете алмас,

Тексіздің небір жуаны...

Қазақ – текті халық. Біз – соның ұрпағымыз. Бұдан асқан қандай бақыт бар!!!

Сұхбаттасқан Нұрхан НҰРҒАБДУЛЛИН.

ТҮРКІСТАНҒА ТОҚАЛЫН ЕРТЕ КЕЛІПТІ

Биыл Ұлыстың ұлы күні ОҚО-да ерекше сипатта тойланды. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасы қатар өтті. Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен меймандар арнайы шақырылыпты. Арасында кімдер жоқ дейсіз?! Кілең ығай мен сығайлар. Қазақтың мүйізі қарағайдай зиялы қауымына жататын азаматтарды да көзіміз шалды. Жөн-ақ, орайы келіп тұрса, небір жақсылар мен жайсаңдардың мәңгілік мекеніне айналған рухани орданың топырағына табан тигізіп, неге зиярат жасамасқа?!

Алайда майын тамызып сөйлегенде ауыздыға – сөз, аяқтыға жол бермейтін, елдің идеологиясын жасауға бір кісідей-ақ атсалысып жүрген көкеміз біраз жасқа келсе де, Түркістанның киелі жер екенін білмейді-ау. Төрінен көрі жақын шақта өзімен бірге тоқалын ба, ойнасын ба, ерте келген дей ме, бірдеңе.

Оны көрген күнгей облыстың жас идеологтарының бірі «Шіркін-ай, бізде де мұндай «сұлу» бар еді ғой. Өстіп қасымда жайраңдап жүрер еді, тойды тамашалап. Мен де неғып әкеле салмадым-ей!» деп, іс-шара біткенше әжептәуір өкініп, «Мөлдір де мөлдір, мөлдір мұң!..» деп, ыңылдап әндетіп жүріпті-міс. 

«ӨЛГІСІ» КЕП ЖҮРГЕН АҚЫНДАРДЫҢ БЕТІН ҚАЛАЙ БЕРІ ҚАРАТАМЫЗ?

Қазіргі ақындардың көпшілігі оқырманның жүрегіне от жағып, дем беріп немесе қиналғанында басу айтудың, өмірге құштар етудің орнына оқырман оның өзін аяйтын, мүсіркейтін жағдайға жетті. Қоғамның, нарықтың, ең дұрысы адамдардың қаталданып, жаннан гөрі тән қалауын іздейтіндердің көбейгеніне қапа болғаннан ба, әлде жолының болмай, біткен жерім, жеткен жерім осы дей ме, әйтеуір қазаққа біткен жас ақындардың дені көп «жылайтынды» шығарды. Жылап, сықтап басыла қойса мейлі ғой, өзімен қоса елді де жылататынын қайтерсіз. Қойшы, кім жыламай жүр мына өмірде дейсің кейде. Осылайша ақындарды ақтап алғымыз келеді. Алайда...

«Жыласын, еңіресін, зарласын. Бірақ, айналайын-ау, «өлгім келеді», «мені ертерек ана жаққа алып кетшісі несі?» - дейді ауылдағы кітапқұмар, жырқұмар бір жеңгей. Өмір сүруге ұмтылыс, сезімге батылдық, бұ дүниеге деген махаббат бере ме десем, мынауың барып тұрған «жылауық» қой деп бұлқан-талқан. Оу, жеңгей, жыласа бірдеңеге қапа болған шығар, өлгісі келсе өз өмірі, тірі жанға бір өлім хақ деп басып әуремін. Дей тұра өзім де ойланып қалдым. Расымен неге жылай береді екен деп. Сөйттім де өлімді аңсап, өмірден баз кешкен ақындарды іздей бастадым. Сөйтсем көп екен. Жасы да, жасамысы да түгел «жылап» жүр. Өлгісі кеп жүр. Мына өмірден шаршапты. Бірінің құрғыр жігіті алдап кеткен бе, енді біреуінің қызға қолы жетпей, онысы өзге біреудің құшағында кете барған. Ішқұса болған «бейшаралар» ақыры өлімге қамдана бастаған. Бәрі «шөпжелкелердің кесірі».

Сонымен ақын не деп жылайды, не үшін өлгісі келеді? Мына жалғаннан соншама түңілуінің сыры неде? Абайша айтсақ, шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалу – бұл өзі бір антұрғандық емес пе?
Ақынға кенде емес халықпыз ғой. Соңғы оншақты жылда қазақ поэзиясы жаңа толқын жас ақындар легімен толыға бастады. Сөзі оқтай, жанары шоқтай, жалындаған жүзіне қарап-ақ «болайын» деп тұрғандары да, ауызынан Алласы түспейтін, сөзінен қайғы сорғалаған зарлысы да бар ішінде. Жоғарыда айтқанымыздай жылауық, өлім аңсайтындары өз алдына бір төбе.

Қайсыбірінің шығармашылығын ақтарып жіберсеңіз, ішінен міндетті түрде әлгіндей «өлгім келеді» дейтін өлең жолдарын кезіктіресіз. Бұл сонда не? Ақындардың өресі, тақырыптық аясының тарыла бастағаны ма, әлде бір түскен сезім отына байланып шыға алмай, өмір бақи жылап өту миссиясына алаңсыз кіріскен бе? Қалай десек те бұл тенденция қазақ поэзиясын ұшпаққа шығарып, жас ақындардың шығармаларын әлем поэзиясының жауһарларына айналдырып жібереді деу қиын. Меніңше, бұл ақындық өнердің ең бастапқы сатысы болуы керек. Және сол сатыда қалып қойып, жоғары шықпаса өмір бойы «жылап» өтері хақ.

Бір шетінен ақындарға да өкпе артуға болмайды. Рухани сұраныстың төмендеуі, прагматик, материалистердің көбеюі, техногенді дәуірдің әсері – осының бәрі ақынға деген сұранысты азайтып жіберді. Қазір белгілі бір салада жүргендер болмаса өлеңді де, том-том кітапты да оқуға елдің уақыты жоқ. Тіпті кітап деген сөз көпшіліктің санасынан өшіп кеткен. Оған ақынды кінәлай алмайсың. Ақшаға байланған заманның, дегуманизацияның кесірі бұл. Сұраныс болмаған соң ақындар да өздеріне жоғары талап қоюды ұмытады. Ақындар ренжи қоймас, бұл біраздан бері айтылып жүрген пікір.

Бұл заман – өрекпіген одашылар мен өтірікті судай сапыратын жыраулардың заманы болып тұр. Соларға деген сұраныс сұмдық. Сорақысы сол – монополияланып, белгілі бір топтың идеологиясына айналып бара жатқан суырып салма ақындық айтыс өнеріне де ода айтушылық сыналап кіріп алды. Сақал-сақал жас ақындардан аяқ алып жүре алмайсың. Не шариғатты айтып қорқытады, не «үкілеп» әкелген ағаларын мақтайды. Тіпті, Бекарыс сияқты ел сүйген ақындар ресми жиындарда дәл сол айтпауы тиіс мадақ жырларды айтып кетті. Бәрі сол есептің кесірі. Идеология тықпалаудың айласы. 

Бірді айтып, бірге кетіп қалдық, жаңағы «жылап-сықтаудан» өзгені білмейтін жас ақындардың өлеңдерінде баяндау бар да, өз ойларын көркемдік кес-телермен жеткізу, теңеу, эпитет, метафора, балау, әсерлеп суреттеулердің кемшін соғып жатқаны шындық. Тың әсерлі тіркестер, мықты түйіндер өте аз. Осыларды назарға алып, ақындар өздерін сын тезіне алуы керек. Баспалдақтың бір тасында қалып қоймауды ойлағандары жөн. «Жылаудың» да реті бар. Ақын тек жылай бермеуі керек, ақын адамның көркем ойлау жүйесін қалыптастыратын рухани дәрігері болуы тиіс.

Сөз соңын Әмірхан Балқыбектің мына бір жазбасымен қорытқым келіп отыр. Марқұм бауырымыз былай деген екен: «Екiнiң бiрi iшкiш болған деп бiлетiн Есенин табиғатында шымыр денелi жiгiт болған. Америкаға барғанда ондағылар оған спортшы болатын-ақ жан екенсiз деп тамсаныпты. Сол Есенин келбеттi де жiгiт екен. Бет әлпетi бiр қарағанда бейкүнә перiштедей көрiнетiн болса керек. Алғаш кездескендер анадай тентек өлеңдер мұның қай жерiнен шығады екен деп те ойлайды екен. Сол Есениндi өлең оқып тұрған кезiнде көрген бiреу: «Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса адамды да өлтiре алады»,-депті. Бiзге де сондай ақындар керек. Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Аманжоловтай. Жылауықтар емес!».

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

 

ЗӘУЛІМ САРАЙ МЕН ҚОС-ҚОС КӨЛІКТІ ҚАЙ АҚШАҢА АЛДЫҢ, ШЕНЕУНІК?

Бұрындары парақорлықпен қолға түскен шенеуніктерге жұрт жиіркенішпен қарайтын. Бүгінде аяушылық білдіретін болды. Бейне бір бойын дерт дендеген сырқат қоғамның құрбандығы деп қарайтындай. Әуелгілер «ала жіпті аттама», «біреудің ақысын жеме» дегенді жиі айтатын болса, бүгінгілер «бара бергенше пара бер» дейтін болды. «Пара алып ұсталып, пара беріп құтылып кетіпті» дегенді де әзілге балап, әжуалап айтатын болдық. Дерттің дендеп кеткенінің белгісі бұл.


Бірақ, бір қызығы парақорлық та борсық сияқты: ұрған сайын «семіріп» барады. Баланы бақтың-қақтың, оқыттың-шоқыттың, жол көрсетіп, жұмысқа тұрғыздың... Бір баланың жетіліп-жетісуі үшін қаншама тер төгілді, пейнет кетті. Енді қызығын көремін дегеніңде жемсауына шоқ түскір жемқор қоғамның құрбандығына айналды да кете барды. Тереңірек үңіліп қарайтын болсаң, бүгінгі сыбайластықпен сотты болып жатқан да, жемқорлықпен жалалы болып жүрген де, парақорлық деген пәлекеттің құрбандығына шалынып жатқан да бөтен емес, осы елдің бір баласы, осы қоғамның бір мүшесі. Сайып келгенде тұла бойын жемқорлық деген індет жайлаған қоғамның кесірінен қаншама жастар жалалы болып, түрмеге жабылып жатыр. Елде жүргізілген әлеуметтік зерттеу бойынша, Қазақстан азаматтарының үштен бірі пара алады екен. Ал, енді елімізде жемқорлық қай салада көбірек кездесетініне келсек, параның көлемі жағынан көш басында мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті басқару органдары тұр. Және олардың кейбірі әрбір іс-әрекеті үшін қомақты сыйақы дәмететін көрінеді. Одан кейінгі орында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыратындар тіркелген. Олардың да «қаламақысы» алдыңғы екеуінен аз түспейді екен. Сондай-ақ, істі оңтайлы шешіп беру үшін сот, тергеу сияқты органдарда да пара дәметіп, істі болатындар жиі тіркеледі. Ал, медицина, жол полициясы сияқты мекемелерде жұмыс істейтіндер жиі пара дәметкенімен, олардың «ставкасы» анау айтқандай көп емес. «Сыйақыларының» көлемі онша көп болмаса да алу жиілігі жағынан көш басын ешкімге бермейтін көрінеді. Респонденттердің басым бөлігі «Мемлекеттік шенеуніктердің жартысынан астамы пара алады» деген тұжырым жасаған болса, оның ішінде мемлекет қазынасына қол салғандар саны көп. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда жемқорлықтың «мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсау» деген негізгі түрі кейінгі кезде ең көп тіркелгендігімен ерекшеленеді. Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқандардың 19 пайызы – «бұл мемлекет қызметін пайдаланудың жалғыз жолы» десе, 33 пайызы – «істі тезірек бітіру үшін», 8 пайызы – «арзандату үшін», 39 пайызы «алғыс ретінде» беретінін айтады. 

Жоғарыда айттық, үлкенді-кішілі шенеуніктердің үштен екісі пара алады деп. Яғни, жемқорлық жайлаған қоғамда жоғары лауазымды қызмет істеу де қауіпті болып тұр. Бірақ, сонысына қарамай, кейінгі жастардың арасынан шіренген шенеунік болғысы келетіндер көп. Неге?

Елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келетінін дәлелдеген. Өйткені, біздің жастар баюдың төте жолы – мемлекеттік қызмет деп біледі. Жеткіншектердің санасында қалыптасқан осы психологияға, осы тенденция бізді қайда апарады? Рас, жақсы өмір сүрудің жолын басқадан іздейтіндер де жоқ емес, дегенмен жеке кәсіпкерлердің өзі бизнесін өркендету үшін билік өкілдерімен бірлесе жұмыс істеген жөн екенін біледі. Бизнес арқылы билікке барғысы келетіндер де, есесіне билік арқылы бизнесін өркендеткісі келетіндер де бар. Бірақ, ешкім ғарышкер болғысы келмейді. Өйткені ғарыш айлағын игеру қазақ үшін – мифология сияқты. Аңызбен арбалып, ертегіге еліту нарықтық қоғамда мүмкін емес. Содан болар, жастарымыздың дені болашақтың үміт жібін мемлекеттік қызметтің мойнына байлағысы келеді. Бұл арман екінің бірінің басына қона салмасы тағы белгілі. Сондықтан да күн санап жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біріншіден, еліміздегі 3 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр екен. Сол 3 миллионның 700 мыңы - жастар. Яғни 700 мың жасымыз такси айдап, әрбір жерде жалданып, түрлі бейресми жұмыс жасап жүр деген сөз. Екіншіден, мұның сыртында 30 мың жұмыссыз ұл-қызымыз бар. Үшіншіден, елімізде жыл сайын 60-70 мыңдай түлек ЖОО-ын бітіріп шығады. Оның бәрі жұмыспен қамтылып жатпағанын ескерсек, жұмыссыздар саны еселене түсетінін тағы рас. 

Міне, осындай жұмыссыздық пен жемқорлық жайлаған қоғамда жастардың бірден мемлекеттік қызметке ұмтылуының да бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазір кез келген азаматтың карьералық тұрғыдан өсуі, яғни әлеуметтік сатыға көтерілуі тек қана шенеуніктіктің аясында қалыптасып отыр. Екіншіден, қазір еліміздегі кез келген өндірістік саладағы тұрақтылық деңгейі төмен. Жастарымыз әр өндірістік сала біреудің жекеменшігі екенін біледі. Ал, біреудің бизнесіне барып басшы болу – екінің біріне бұйыра бермейтіні және рас. Сол себепті, мемлекеттік органдарды қанша жерден жемқорлық жайлап алғанымен, олар өсу үшін, өздерінің карьерасын қалыптастыру үшін қалайда мемқызметке қол жеткізіп алуды көздейді. Әрине, жастардың жүйрік қиялына, алаулаған арманына шек қоюға болмас, дегенмен, осындай жалын жүрек жастарымызды қоғамның жегір құрты – жемқорлықтың жез тырнағы тіліп түсірмесе екен дейсің.

Айдын СӘТЖАН