Super User

Super User

Облыста ҚР ІІМ Академиясының семинар-тренингі өтті

Түркістан облысы Полиция департаментінде ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Академиясымен бірлесіп ұйымдастырылған "Ішкі істер органдарын басқарудың тиімді жүйесін құру және полиция қызметінің негізгі міндеттерін жандандыру" тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шарағаТүркістан облысы ПД-нің барлық қалалық және аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің  басшылары қатысты.

Тәртіп сақшыларына арналған оқыту семинарын ҚР ІІМ М.Есболатов академиясының өкілдері өткізді. Дәріс өткізген білікті мамандар қатарында: ҚР ІІМ Академиясы бастығының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, полиция полковнигі Ержан Бимолданов, аға ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Лейла Құлтемірова және ІІО басшы құрамын даярлау факультетінің жоғары академиялық курстарының әдіскері, педагогика ғылымдарының кандидаты Талғат Туркеновтер бар.

Аталмыш Алматы академиясы Қазақстан Республикасында полиция кадрларын кәсіби даярлау, олардың сапасын арттыру бойынша ҚР Ішкі істер Министрінің тапсырмасын орындау мақсатында "Мобильді Академия" пилоттық жобасын әзірлеген, сондай-ақ оны таныстыру мақсатында Түркістан облысында алғашқы сабақ өткізді. Бұл жобаның мәні академияның мамандар тобы тікелей полиция департаменттеріне арнайы келіп, онда Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерінің, атап айтқанда орта басшы буынының кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыру шеңберінде тренинг-оқытуды жүзеге асырады.

Үш күнге созылған, яғни 13-16 маусым аралығында Түркістан қаласында өткен семинар кезінде полиция жұмысын жетілдіру және тиімділігін арттыруға қатысты мәселелер, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметін жобалық басқару, Стратегиялық менеджмент, түрлі модельдер мен тәсілдерді енгізу сияқты бағыттарды іске асырумен байланысты өзекті де заманауи әдістемелер қаралды. Академия өкілдері оқыту барысында бейнероликтер көрсетіп, түрлі көрнекіліктермен сүйемелдеді.

ҚР ІІМ Академиясы бастығының орынбасары Ержан Бимолданов өз сұхбатында: "Пилоттық жоба" тыңдаушыларға басқарушылық қызмет тұрғысынан қажетті дағдылар береді. Неліктен ІІО аумақтық бөлімшелерінің орта буын басшыларының осы санатына баса назар аударылады? Өйткені дәл осы менеджерлер халықпен тікелей байланыста болады. Бұл қызметкерлерге тұрғындармен алғашқы өзара әрекеттесу өкілеттіктері жүктелген. Болашақта "пилоттық жобаны" барлық аумақтық полиция департаменттерінде іске асыру жоспарлануда."- деп атап өтті.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Жетісайда түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Ағымдағы жылдың маусым айының 13-21 күндері аралығында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты республикалық акция барлық полицейлердің ұйымдастыруымен әр ауданда жүргізілуде.

  Мәселен, Жетісай аудандық полиция бөлімінің полиция майоры Жанна Шалбекова,  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында тұрғындар көп шоғырланатын орындарға барды. Онда зорлық-зомбылық бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жұртшылыққа хабарлап, азаматтардың полиция органдарына деген сенімін арттыру мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әр тұрғынмен жеке сөйлесіп, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар әйелдердің құқығы заңмен қорғалатынын қандай жағдайға тап болғанда полиция қызметкерлеріне хабарласу керектігі жайлы айтты.

Полиция қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын орындарға зорлық-зомбылық бойынша қабылданып жатқан шаралар жайлы 10-ға жуық плакаттар іліп, 100-ге тарта жаднамалар мен буклеттер таратты. Іс-шараға қатысқандар өздерінің тұрмысқа қатысты туындаған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Арыста «Шабуыл» оқу-жаттығуы өтпек

2022 жылдың 17 маусымында Арыс ауданы, Шөгірлі елдімекенінде орналасқан «Көксарай су реттегіші» объектісінде  Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және Арыс аудандық полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлері бірлесе отырып, «Шабуыл» жедел-тактикалық оқу-жаттығуын өткізеді.

«Шабуыл» жедел-тактикалық оқу-жаттығуына полиция кешенді күш жасақтары, кезекші жедел тергеу топтары мен кезекші бөлімдері, жедел жәрдем қызметкерлері, өрт сөндіру бөлімі, Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының саптық бөлімшелері қатысады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Төлебилік тұрғынның үйінен есірткі заты тәркіленді

Төлеби аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғындарының бірінен хабарлама келіп түскен.  Әйел адам онда өз танысының есірткіге ұқсас өсімдік өсіретіндігі туралы айтқан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері  ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеуге алды.

Осы жайтқа байланысты аудандық полиция қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды. Олар күдікке ілінген азаматтың жеке басын анықтап, тұрғылықты мекенжайына шықты. Полицейлер оның үйін тінту кезінде ауласында өсіп тұрған есірткіге ұқсас өсімдікті тапты. Полицейлер оны айғақты зат ретінде тәркілеп, сараптамаға жолдады. Сараптама қорытындысына сәйкес аталған өсімдіктер  «сора» есірткі заты деп анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.  Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз есірткі затын өсіру, баптау, тасымалмен айналысу қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді. Бұндай өсімдіктер адам денсаулығына аса зиян келтіретіндігін еске салады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Осы RSS каналға жазылу