Super User

Super User

Отырарда кеурек өсімдігін қазған 51 шетелдік ұсталды

Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын-алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес.

Осындай шара кезінде Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты далалық алқаптарда кеурек өсімдігін жинап жүрген 51 шетел азаматын анықтады. Олардың 31-і Өзбекстан, 17-сі Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты. Тәртіп сақшылары анықталған азаматтарды дереу полиция бөліміне жеткізіп, шетелдіктерге ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша шара көріп, ел аумағынан аластатты. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тек орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ бұл бағыттағы тексеру жұмыстары ары қарай жалғаса бермек.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: Спортшылар әулетінен шыққан полицей

Құқық қорғау саласында қызмет ету нағыз батырларға тән екенін полиция қызметкерлері барынша дәлелдеп бағуда. Ал біздің тақырыбымызға арқау болған сондай азаматтың  бірі Түркістан облысы ПД Оқу-жаттығу взводының инспекторы полиция капитаны Жәнібек Жақыпбекұлы Айдарбеков. Ол биыл 28 сәуір күні 28 жасқа толды. Ширек ғасырдан астам уақытында Жәнібек ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Оның алда бұдан да биік белестерді бағындырары анық. Полиция капитаны жақында ғана Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында «Әмбебап жекпе-жек» спорт түрінен өткен әлем чемпионатында 700 үміткердің арасынан топ жарып, күміс жүлдені еншілеген болатын. Жеңіспен оралған әмбебап спортшы араға апта салмай Түркітілдес халықтар арасында «Грэпплинг» сайысынан   Халықаралық турнирге  қатысып, алтын медалді қоржынға салды. Ең алдымен Айдарбектің немересін осы жеңістерімен шын жүректен құттықтағымыз келіп отыр. Отбасында әкесі және  бірге туған ағалары спорт саласының үздіктері болғандықтан болашақ полицей 7 жасынан бастап, физикалық  тұрғыдан шыңдалып, спорттық жарыстарда бала кезінен  жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Оның самбо күресінен Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанында айта кеткеніміз жөн. Ал құралайды көзге атқан мергендігі өз алдына бөлек әңгіме.

 -Менің отбасымда бәрі спортпен айналысты. Себебі жаттықтырушы  әкеміз. Ол біздің ержүрек болып өсіп, елге пайдасы тиер азамат болғанымызды қалады. Алғаш құқық қорғау органына қызмет етем дегенімде әкем қатты қолдау білдірді. Оқу-жаттығу взводы арнайы операциямен жұмыс жасайтындықтан шапшаңдық пен дәлдікті қажет етеді. Мұндай қауіпті де жауапты қызметте ержүрек азаматтар қызмет етуі керек деп, құқық қорғау  органындағы еңбек жолымды Ақтау қаласында бастадым. Спорт-менің сенімді серігім. Қызмет барысында тез шешім қабылдап, әркез сақадай сай жүруім, спорттан алған тәлім мен тәрбиенің жемісі. Сонымен қатар осындай әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуім маған үнемі қолдау білдіріп отыратын Оқу-жаттығу взводының командирі Дәурен Ахметовтің  арқасы. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Полицейдің физикалық, моралдық тұрғыдан мықты болуына аса мән беретін командир қол астындағы қызметкерлердің  әлемдік жарыстардан жүлделі орын иеленгеніне шын қуанып, дайындықтарына дейін өзі қадағалап, барынша жағдай жасап жүреді.

 Мінеки полицей саласында тек ержүрек азаматтар қызмет етеді деп түсінетін Жәнібек 6 жылдан бері құқық қорғау саласында қарымды еңбек етіп жүр. Спортшыға тән намысшылдығымен және полицейге тән патриоттығымен көзге түсіп жүрген полиция капитанының қай салада болмасын тек жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: Мектепке жұмысқа тұрғызып беремін депті...

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, танысы «мұғалім етіп жұмысқа тұрғызып беремін» - деп, 500 000 теңге ақшасын алған. Арада 2 жылға жуық уақыт өтсе де не ақшасын қайтармай, не берген уәдесін орындамаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. 

Тәжірибелі тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай ол бұрын мектепте мұғалім болып жұмыс жасаған. Сезікті ер адам сол уақыт аралығында жұмысқа кіргіземін деп уәде берген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтықтың құрбаны болу әп-сәтте екендігін еске салады. Сондықтан күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болуға, оларға жеке есепшоттар мен жеке куәлік нөмірін бермеуге кеңес береді. Егер  де, сіз, алаяқтық жайтына куә болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ОРДАБАСЫДА ҚАЗАН ҚОЛДЫ БОЛДЫ

Ордабасы аудандық полиция бөліміне әйел тұрғын арызданды. Оның айтуынша, үйінен құны 50 000 теңге тұратын қазанын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. 

Хабарлама түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келді. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде ұрлық жасаған күдікті Шымкент қаласының тұрғыны екендігі белгілі болды. 

Анықталғандай күдікті жәбірленушінің тұрғын үйіне жақын маңдағы досының үйіне көмектесуге  асарға барған. Содан ауланың сыртында тұрған қазанға көзі түсіп, оңай жолмен олжалы болуды көздейді. Күдікті қазанды ұрлап, арнайы темір қабылдайтын орынға алып барып өткізіп, ақысына ішімдік ішкен. Қазіргі таңда тұрғынға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға тұрғын үйлеріңізге, дүкендерге, ғимараттарға бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Өз мүліктеріңізге сақ болыңыздар.

 

                                                                                                                                                                     «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Осы RSS каналға жазылу