Дүйсенбі, 16 Қазан 2023 15:23

«Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол толық қайта жөндеуден өткізіліп жатыр

Түркістан облысы құрылғалы өңірдегі күре жолдардың барлығы жөндеуден өткізіліп жатыр. Соның ішінде маңызды жобалардың бірі – «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол. Жалпы ұзындығы 64 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолы бүгінде толық қайта жөндеуден өтуде.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев аталған нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысты. Сапар барысында жолдың сапасына баса көңіл бөлу керектігін ескертіп, құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау қажеттігін тапсырды.

Нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары 4 учаскіге бөлініп, кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Атап айтсақ, Түркістан-Шәуілдір I учаскі (11,4 шқ), Түркістан-Шәуілдір II учаскі ( 17,7 шқ), Түркістан-Шәуілдір III учаскі (17,6 шқ), Түркістан-Шәуілдір IV учаскі (17,4 шқ). Бүгінгі таңда, Шәуілдір елдімекенінен Түркістан қаласы бағытына қарай 35 шақырым (III-IV учаскі) аралықта жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, жөндеу барысында жол бойындағы су өткізгіш құбырлар және көпірлер қайта құрудан өтіп, жолдың ені 2 жолақтыдан 4 жолақтыға дейін кеңейтілуде. Яғни, жолдың ені 8 метрден 15 метрге дейін ұлғайтылған. Қайта құру жұмыстарын III учаскіде мердігер мекеме «АлемТрансЖол» ЖШС-і және IV учаскіде «Отау-Строй» ЖШС-і тарапынан іске асырылуда. Нысанды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда, Шәуілдір елдімекенінен Түркістан қаласы бағытына қарай 35 шақырым аралықта жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жол бойындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлер қайта жөндеуден өтіп, жолдың ені 2 жолақтыдан 4 жолақтыға дейін кеңейтілуде. Яғни, жолдың ені 8 метрден 15 метрге дейін ұлғайтылған.Қайта құру жұмыстарын «АлемТрансЖол» ЖШС және «Отау-Строй» ЖШС мердігер мекемелері жүргізіп жатыр. Аталған жолды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Сондай-ақ, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Бәйдібек ауданындағы жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-122 «Таңатар елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Сметалық құжаттамаға сәйкес, 3,4 шақырым жолдың ескі асфальт қабаты толығымен жаңартылатын болады. Сондай-ақ елді мекен ішіне аяқжол, заманауи үлгідегі диодты жарықтандыру шамдары қарастырылған. Нысан ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесулерінде жол бойынша көтерілген мәселелері назарға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Биыл Бәйдібек ауданының автомобиль жолдары саласын дамытуға қажетті қаржы бөлініп, 56,6 шақырымды құрайтын 37 нысанға жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде: облыстық маңызы бар 3,4 шақырымды құрайтын 1 нысан орташа жөндеуден өтсе, 9,5 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар 2 жол және елді мекендерде 43,7 шақырым көше орташа жөндеумен қамтылуда.

Биыл Жетісай ауданында жалпы саны 104 көше сапалы жөндеуден өтпек. Аудан тұрғындары мен қонақтардың жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастыра отырып жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға қаралған қаржылар көлемі жылдан-жылға артып, атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы да ұлғайып келеді. Жалпы ұзындығы 918 шақырымды құрайтын Жетісай ауданындағы 1200 ішкі көшенің жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 60 пайыздан 100 пайызға жеткізу бойынша арнайы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 1 млрд 418 млн теңгеге жалпы ұзындығы 65,7 шақырымды құрайтын 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 1 млрд 735 млн теңгеге жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1 млрд 111 млн теңгеге Атамекен, Қызылқұм, Арай, Сұлу бұлақ, Жылы су ауылдық округінің Сейфуллин елді мекендерінде жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 61 көшеге, жергілікті бюджет пен субвенция есебінен 624 млн теңгеге жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайтын 43 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, 55,1 млн теңгеге жалпы ұзындығы 4,85 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы жөндеу (тас төсеу), аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген 30 млн теңгеге ішкі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 17 мекен-жайға стандартқа сай 150 метр жасанды жол кедергілері мен 80 жол белгілері орнатылатын болады. Оған қоса, 23 мекен-жайға жаяу жүргінші өткелдері мен 18,1 шақырым қарама-қарсы бағытты айқындайтын жол сызбаларын таңбалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы орайда Түркістан қаласына қарасты шағын елді мекендердегі жалпы саны 50-тарта көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетінін де айта кеткен жөн. Түркістан қаласында былтыр 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде атқарылады. Қала басшысы Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, өткен  жылы Түркістан қаласында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 39,5%-ды (333,6 шқ.) құраса, биыл жыл қорытындысымен 47,2%-ға (399,34 шқ) жетпек. «Өткен жылы 4 нысанның құрылысы бастау алған. Олар: Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді», — дейді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Соңғы жылдары Түркістан облысында елдімекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндай игілікті істерден Жетісай ауданы да қалыс қалмаған.Аудан әкімі Серік Мамытовтың әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпелерге сәйкес берген тапсырмасына сәйкес жол жөндеу жұмыстарына бақылау жүргізу ісі қолға алынды.

Бірінші кезекте Қазақстан Республикасының «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы мен Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының, жергілікті тұрғындардың қатысуымен жасақталған бақылаушылар тобы ішкі жолдарға төселіп жатқан асфальттардың сапасын, төселген тастар мен асфальттардың құрамын, қалыңдығы мен енінің ұзындығын, нығыздалу коэфициентін назарға алды. «Жолдың сапасын назарға алып, тексеру жұмыстарын жүргізу – ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ішкі жолдарда жол көлік апаттарының алдын алады. Бұл жұмыстар тек бүгінмен тоқтап қалмайды, алдағы уақыттарда да жалғасын табатын болады», — дейді аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов.

Айта кетсек биыл Түркістан облысында 750 шақырымға тарта жол жөндеуден өтеді. Жалпы  2023 жылы 743,6 шақырымдық жол мен көшеге, сондай-ақ 6 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған бюджеттен 28,4 млрд.теңге бөлініп отыр. Яғни биыл облыстық маңызы бар 424,6 шақырым жол мен 2 көпір, аудандық маңызы бар 94,4 шақырым жол мен 3 көпір, сондай-ақ елдімекендердегі 220 көше мен 1 көпір жөндеуден өтеді. Жалпы Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің ұзындығы — 17 487,8 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар 723,1 шақырым жолдың 94,8% — жақсы және қанағатты жағдайда, жергілікті маңызы бар 5 755,1 шақырым жолдың 89% — жақсы және қанағатты жағдайда, елдімекендердегі 11 009,6 шақырым жолдың 62% — жақсы және қанағатты жағдайда.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 261 рет