Облысқа инвесторлар тартып, өндірістік кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу мақсатында ұйымдастырылған шара нәтижесі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен басқосуда баяндалды. Облыс басшысы бұл бағыттарды жүзеге асыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Жиналыс барысында қытайлық инвесторлар онлайн байланыс арқылы Түркістан облысында бірлескен кәсіпорындарды құру бойынша бірқатар жобаларды талқылады. Облыс әкімі Сайрам, Сауран, Отырар, Қазығұрт, Ордабасы аудандары және Кентау қаласының әкімдерінің есебін тыңдады. 20-дан астам кәсіпкер жаңа жобаларын таныстырды. Бұған дейін дәл осындай іссапар Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал аудандары және Арыс қалалары әкімдерінің қатысуымен ұйымдастырылған.
Нәтижесінде бұрғылау машиналары мен крандарға қажетті жабдықтар шығарумен айналысатын, жылу қазандықтарын шығаратын, тоқыма кластерін дамытып, қағаз өнімдерін шығарумен айналыстын және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын компаниялармен бірлесе жұмыс жүргізу көзделген. Жылыжай өндірісін дамыту, балық шаруашылығы, мал бордақылау кешені, етті терең өңдейтін цех құрылысына қажетті жаңа технологиялардың жабдықтарын шығаратын өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Сондай-ақ азық-түлік консервілеу бойынша аппарат шығарумен айналысатын, жеміс-жидек өнімдерін кептіретін аппарат шығарумен айналысатын, ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналысатын және көмір жағу арқылы электр энергиясын, алюмин, газаблок, кірпіш өндірумен айналысатын компаниялардың тәжірибесін пайдаланып, өңірде жүзеге асыру қолға алынбақ.
Облыс әкімі бастаманың нәтижелі болуы үшін бұл жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуді тапсырды. Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, жүйелі жолға қоюды міндеттеді.
– Босаңсуға еш себеп жоқ. Ел экономикасын дамытып, халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға міндеттіміз. Оның жолдарын көзбен көріп келдіңіздер. Енді осыны тұрақты жолға қою керек. Күнделікті жұмыс істеп, жүзеге асырған жөн. Әлі де нақты жобалар аз. Инвестор өзі келіп, жоба ұсынатын заман жоқ қазір. Олай ойлауды қойыңыздар. Сананы өзгерту керек. Ізденіңіздер. Өңір экономикасы жақсара түсуі үшін инвестиция тартудың маңыздылығы айрықша. Оның үстіне қосымша қаржы көздерін табуымыз қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы барлық әкімдерге инвестициялық ахуалды жақсартуды жүктеді. Бұл мәселеге әр аудан әкімі жеке жауапты екенін ескертті. Кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыт екенін атап өтті.
– Облыс әкімдігі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай көмек керек болса, ол қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, өндіріс орындары ашылуы тиіс. Әрбір жоба бойынша жауапты инвестормен жол картасы жасалады. Біздің тараптан және олардың тарапынан атқарылатын жұмыстардың орындалу мерзімі көрсетіледі. Егер жол картасындағы жоспардан кешіксе және жерді алып, пайдаланбайтын болса, басқа инвесторлармен келіссөз жүреді. Әр жобаның басшысымен жүзбе-жүз кездесіп, талқылап, қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңілдетілген несиелер бойынша да жауапты қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері жер, инфрақұрылым мәселелері бойынша инвесторлармен тұрақты байланыста болыңыздар. Өңірде жаңа жұмыс орындарын көбейту – басты міндет, – деді дархан Сатыбалды.
Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Өзбекстандық «Global Textile» компаниясның директоры Музаффар Разаков кластерді дамытуға қажетті, ал, «Каз-Травертин» ЖШС-нің өкілі Бәйдібек ауданында травертин және қыш өнідірісі жобаларын жүзеге асыруға қажетті жер керек екенін айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселелер жақын арада шешілетін болды. Ал Шардара ауданында салынғанжүгеріні терең өңдеу зауыты бүгіндері жүгері қабылдай бастады.
Сайрам ауданында халықаралық талапқа сай «Gen Group Kazakhstan» жылыжайы жұмыс істеп жатыр. Мұнда көкөніспен қатар банан өсірілмек. 30 адам жұмыспен қамтылған. Сарыағаш ауданындағы «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен мал сою бекетінің де құрылысы жоспарға сай жүруде. Инвестштаб отырысында Түлкібас және Сауран аудандарында құс фабрикасын салу жобалары да талқыланды.
Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқыл өндіру зауыты салынады. Оның жүзеге асу барысы сараланды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандары мен Кентау, Түркістан қаласында жүзеге асатын жобалар, салынатын зауыттар мен өндіріс орындарына қатысты инфрақұрылымдық түйткілдер де тарқатылды. Жалпы отызға жуық жоба қаралып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Олардың арасында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт, киім фабрикасы, қарқынды бау, сусындар шығару, бу-газ станциясы, көкөністі терең өңдеу және өзге де инвестжобалар бар. Ал бір инвестор Түркістанда заманауи аквопарк ашқысы келетінін жеткізді. Әрбір жоба бақылауға алынып, елге тиімділеріне тиісті қолдау көрсетіледі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде.
«Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді. «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды», – деді Дархан Сатыбалды.
Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. 5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат