Дүйсенбі, 13 Қараша 2023 18:53

Түркістан: Дархан Сатыбалды кәсіпкерлік нысандарын аралады

Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекеттік қолдаудан бөлек, облыс басшысы жергілікті кәсіпкелермен жиі кездесіп, ашық диалог орнатып тұрады.

Осы орайда, Дархан Сатыбалды Түркістандағы орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып келе жатқан өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жұмыс барысымен танысып, кәсіпке кедергі келтіретін факторларды талқылады.

Қолөнер бұйымдарына сұраныс көп, тұтынушы талғамы да артқан. Кәдесыйлар жасап шығаратын жергілікті кәсіпкерлер Түркістан қолөнерін дамытуға үлес қосып келеді. Мұнда жылына 1000 дана бұйым шығарылады. Кәсіпкерлер соңғы уақытта қазақи нақыштағы ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келе жатқанын, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуды жоспарлап жатқандарын тілге тиек етті. Кәсіпкер тек жастар арасында бұл кәсіппен айналысуға деген қызығушылық аз екенін айтты.

Дархан Сатыбалды өз үйінің ауласында кәсібін дөңгелетіп отырған түркістандықтармен кездесті. «Қанібекова» ЖК-гі темір және ағаш есік шығарумен айналысатын цех жылына 6000 дана есік жасап шығарады. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тапсырыс тұрақты түсіп отырады.Бұдан бөлек, облыс әкімі «Сауран» тұрғын үй алқабында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жауапты мамандармен кездесіп, тұрғындар өтінішіне құлақ аса отырып, бірлесе жұмыс істеуді міндеттеді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің әл-аухатын ішкі экономикалық тәжірибесі ғана көтереді. Яғни бір ғана кәсіпкер ел экономикасына едәуір әсер ете алады. Мәселен өзі құрған жоспарды нарыққа ұсынып, тиісінше, бірнеше адамды жұмыспен қамтиды, одан бөлек, мемлекетке салық төлеп, пайда әкеледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлік – өркен жайып, ел экономикасының күре тамырына айналып келе жатқан салалардың бірі.

Бүгінде өз ісін бастап, аяққа тұруды ниет еткендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек орасан. Инновациялық жоба әзірлеп, қайтарымсыз қаржыға ие болғысы келгендер мен жаны сүйетін істі бастау мақсатында жеңілдетілген несие иемденуді ниет еткендердің үкімет бетін қайтарған емес. Бұл аз десеңіз шағын және орта бизнес өкілдерінің дамуы үшін Президент үш жылға салықтан босатты. Сәйкесінше, жөн-жосықсыз тексеріс те тежелді. Бұл қаладағы кәсіпкерлер санының еселеніп, экономиканың дамуына қосымша дем беретіні сөзсіз. 

Бүгінде Түркістандағы шағын және орта бизнес өкілдерінің көрсеткіші менбес жыл көлеміндегі өсімі туралы айтар болсақ,өсім екі есе. Мәселен, 2018 жылдың мамыр айындағы жоспар бойынша шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 10 305 субъект тiркелген екен. Бұл көрсеткіш, 2023 жылдың мамыр айында екі есе өскен. Яғни бүгінде 20 537 кәсіптік субъект тiркелген. Демек, бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады. Түркістан облыс орталығы статусын иемденген кезден бастап өңірде кәсіптік салаға бетбұрыс ілгерілеген. Түрлі өндіріс орындары ашылып, бизнестік көзқарас қалыптасты деп айта аламыз.

Жыл басынан бері кәсіпкерліктің даму деңгейі мен мемлекеттік бағдарламалар, қаржы ұйымдары арқылы қолға алынған жұмыстарға келсек, кәсіпкерлердің үздіксіз жұмыс істеп тұруы сала тарапынан басты назарда. Мысалы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 17 жоба 809 млн теңгеге, 13 жоба 273,8 млн теңге кепілдік беріліп, 35 жоба 2,428 млрд теңгеге субъсидияланған. Ал, қарапайым заттар экономикасы бойынша 3 жоба 1,410 млрд теңгеге субъсидияланып, 1 жоба 160 млн теңгеге кепілдендірілген. Демек кәсіпкерлерге қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Ал кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендіру бойынша осы жылдың мамыр айында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС 8 жобаны 104 млн 200 мың теңгеге қаржыландырылды.

Одан бөлек, белсенді шағын және орта бизнес субьектілердің толық статистикалық есеп тапсыруын қамтамасыз ету, олармен төленетін міндетті төлемдерінің өтелуін қадағалау, бойынша статистика басқармасымен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Ал «Ырыс» МҚҰ-ның Түркістан қаласына бөлінген қаражат есебінен басым бөлігі туризм саласындағы жобаларға қолдаулар көрсетілу жоспарланып отыр.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау болып жатқаны белгілі. Қазіргі таңда түркістандық кәсіпкерлердің беталысы жаман емес. Негізі түркістандықтар еңбекқор, шаруақор. Кез келген кәсіпті тез меңгереді. Сондықтан қандай бағдарлама қолға алынса болды, соны игеріп, меңгеріп кетуге дайын тұрады. Мысалы кәсіпкерлік нысан ретінде индустриалды аймақ бар. Бүгінде барлық жағдайы жасалған. Кәсіпорын барып жайғаса берсе болады. Ал кәсіпкерлердің даму деңгейіне келер болсақ, қала ішінде «Grand MIKS» жиһаз фабрикасы бар. Бастапқыда олар кәсіпті үйінен бастаған. Ал бүгінгі нәтижесін баршаға белгілі. Негізінен кез келген кәсіп бірінші ең төменгі сатыдан басталады. Одан бөлек, «DAYLI FOOD» тамақтанатын орны бар. Бастапқыда базардың бір бұрышынан бастау алған бизнес бүгінде үлкен дәрежеге жетіп отыр. Қазіргі таңда республиканың басқа өңірлеріне шығуды көздеуде. Қорыта айтқанда, Түркістанда кәсіпкерлік бағыт жақсы қолға алынған. Ең бастысы халық еңбекқор. Жаңа іске тез бейімделіп кетеді. Осы тұрғыда кәсіптік саланың қарқынды дамуына жақсы әсер етеді.

Түркістанда қай кәсіп жақсы дамыған, қай кәсіп кенже қалған дейтін сауалға келер болсақ,Түркістан халқы ата кәсіпті жалғастыруға, қолөнермен айналысуға өте биім. Мысалы, қалада ертоқым жасап, әке кәсібін ары қарай жандандырып отырған ұсталар бар. Бұл өңір халқының ең басты ерекшелігі. Ал керісінше, дамуды қажет ететін кәсіп бұл – туризм бағыты. Яғни, қазіргі таңда шетелдік туристерді тартатын, оларды Түркістанға келуге итермелейтін агенттіктер аз. Бүгінде дәл осы бағыт бойынша келіссөздер жүруде.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаcына жүгінген жастар санатындағы 3589 азамат былтыр жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың қатарына енді. Атап айтқанда: 561 жас түлек жастар практикасына, 44 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 35 жас алғашқы жұмыс орындарына 398 азамат қоғамдық жұмыс орындарына, 1170 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 29 жасқа дейінгі 177 азаматтың бизнес идеяларына мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылған. 1174 жас «Бастау Бизнес» жобасын аяқтаса, 30 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жолданып отыр. 

Атап өтер жайт, бүгінгі таңда «2021 — 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады.Біріншісі – «Жастар практикасы». Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады. Он екі (12) айға дейінгі мерзімге «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа тұруға болады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер «Жастар практикасына» қатысушылар ретінде белгіленеді.

«Жастар практикасына» арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс. Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 172 рет