Сейсенбі, 14 Қараша 2023 16:29

Түркістан облысында баламалы энергия көздерінің бірнеше нысаны іске қосылады

Қытай инвесторларының қатысуымен Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында жел және күн электр станцияларын салу бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылады. Жалпы қуаттылығы 1260 МВт электр станцияларын салу үшін Сауран, Созақ, Бәйдібек, Ордабасы және Түлкібас аудандары қарастырылуда.

Осыған дейін Қытай еліне іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторларға бірқатар жоба ұсынған болатын. Бүгін өңір басшысы бұл елдің ең ірі компанияларының бірі «Energy China International» вице-президенті Ма Йингин ханым бастаған қытай делегациясымен кездесті. Тараптар бірқатар жобаларды талқылады.

Жел энергиясы ең серпінді дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздерінің бірі екенін алға тартқан инвесторлар бұл бағытта бірнеше сынамалар жүргізілетінін атап өтті.– Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Ол үшін біздің климат өте қолайлы. Бұл жобалар біздің өңір үшін өте маңызды. Сондықтан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті облыс әкімі.

Шетелдік компания өңірді сумен қамтамасыз ету мақсатындағы ұсыныстарды да қолдады. Облыс әкімі оның ішінде әсіресе ағын су мәселесі өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ Кентаудағы жылыту орталығынына қосымша балама ретінде жаңа жылыту стансасының құрылысын жүргізуге қатысты мәселе жан-жақты талқыланды. Инвестор жаңа жобалалардың жұмысына жергілікті мамандардың жұмысқа тартылатынын атап өтті және бұл жобалардың уақыт создырмай жүзеге асуына қызығушылық танытты.

Халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің  дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшуді мақсат еткен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасында бірнеше басым міндет белгіленген.

Соның бірі – энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтап қалу.Соңғы жылдары Түркістан облысында осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда.  Өңірде өзен-сулардан шағын электростанциялар салып, тиімді энергия өндіру қолға алынуда.Жалпы, Түркістан өңірі  баламалы энергия көздерiн дамытуға мүмкіндігі мол өңiр болып есептеледі. Облыс аумағынан 122 өзен ағады, 41 суқойма бар. Оның үстіне облысқа электр қуатының  басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалдануда. 

Баламалы энергия көздерін өндіру арқылы Жетісай ауданында таза энергия үлесін ұлғайту үшін 2,5 миллиард теңге инвестицияға салынған. Қуаты 4,8 МВт болатын «Жетісай күн электр станциясы» құрылысына белгіленген бұрышы бар таңертең-кешке бір осьті трекер жүйесін қолданылып, жеке қуаты 375 Вт бифункционалды екі жақты панельдер пайдаланылған.

Бұрынғы қоқыс полигонының аумағында жүзеге асырылған 10,7 гектар аумақтағы станцияның өндірісі трекер жүйесін пайдалану арқылы 30 пайызға арттыруға, аудандағы электр энергиясының тапшылығын жоюға, тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Жасыл экономика» саясаты аясында жүзеге асырылып, ауданның индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ететін жоба атмосфераға СО2 шығарындыларын бұрынғы жағдайдан 2,5 есеге төмендетіп отыр.

«Электр энергиясы көзінің таусылмайтынын және қол жетімділігін атап өткен жөн. Бұл жобаның өтелу мерзімі 7 жылды құрайды. Желіге жоспарлы жыл сайынғы электр энергиясын беру – 7 219 000 кВт. Электр энергиясы 81 күн модулінен 158 жылжымалы «үстелге» бөлінген 12 798 күн панелімен генерацияланады. Тұрақты токты айнымалы токқа түрлендіру үшін электр станциясында блоктық-модульдік қондырғыға біріктірілген, әрқайсысының жеке қуаты 1 250 КВт 4 инвертор қарастырылған» — дейді жобаны жүзеге асырушылар.

Атап өтерлігі, «Жасыл» экономика — бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. Жасыл экономиканың негізінде таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр.

Жалпы, осы экономиканы жүзеге асыру мақсатында заңнамаларымызға енгізілген өзгерістер жаңар­тылатын энергия көздерін пайдаланушы энергия өндіруші компанияларды қолдауға, экологиялық таза көлік құралдары өндірісін ынталандыруға, сонымен қатар, су ресурстарының бөлінісі арқылы қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы проблемалы салаларды жетілдіруге және реттеуге бағытталған. Бұл, сәйкесінше, эко­но­миканың түрлі салаларының да­муы­на оң әсерін тигізеді.

Дүние жүзі халықтары өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында орасан зор энергия тұтынуда, соның салдарынан қазіргі таңда энергия тапшылығы байқалуда. Осы мәселенің алдын алу, энергия тапшылығын жою үшін балама энергия көздерін пайдалану өте маңызды. Елімізде жаңартылған энергия көздерін дамытуға жасыл жолдарына көшуіне Парламент қабылдаған Заңмен, Астанадағы «Болашақ – энергия» ЭКСПО – 2017 көрмесінің өтуі сөзсіз қуатты серпіліс береді.

Біздің мемлекетіміз «жасыл» экономикаға ауысу саласындағы саясатты белсенді жүргізіп жатқанда, біз осы үдерістің бөлігі ретінде қазірден бастап «таза» болашақты құруға қадамдар жасай аламыз. Энергия тұтыну – адамзат тіршілігінің міндетті шартына айналды. Оны қамта­масыз етуде экологиялық таза энергия өндіру заман талабы. Сондықтан да, қанша қиыншылықтар кездессе де, оларды жеңіп, жаңартылған энергия көздерін дамытуға барынша атсалысқанымыз абзал.

Қоғамда өмір сүру жағдайы жақсарған сайын, электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Яғни, электр қуатын еселеп өндірсек те, адамның қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұрыннан пайдаланып келе жатқан көмір, мұнай, табиғи газ сияқты энергия көздерінің сарқылуы немесе қорының азаюы, қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерінің күн санап артуы адамдарды бейжай қалдырмады.

Бүкіл әлем энергия тапшылығынан құтылып, қоршаған ортаны ластамайтын альтернативті энергия көздеріне қол жеткізуге кірісіп кетті. Электр энергетикасын қалпына келтіру мәселесі – бұл қауіпсіздік мәселесі әрі еліміздің болашағы электр энергетикасы мен инфрақұрылымның даму деңгейімен байланысты болып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында «Экономиканы әртараптандыру мен энерготиімділікті төмендету аясында жасыл экономиканы дамытуға қадам басқан дұрыс. Баламалы энергияға қолайлы жағдай тудырмай, әлемдік прогресстен қалып қоюдың алдында тұрмыз. Оны бәсеңдетуге болмайды. Мен баламалы энергия көздеріне ерекше назар аударамын. Бұл Қазақстанның болашағын реттейтін маңызды мәселе», - деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Президент мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқан инвесторларды баламалы энергия көздерін өндіруге шақырған еді. « Күн және жел электр станцияларын салуға  атсалысса, игі болар еді. Өйткені қазір мұнайдың бағасы құлдырап барады. Оны өндіру көлемі де біршама азайған. Сондықтан біздің ел жаңа бағыттарға бет бұруы керек. Яғни мұнай-газ саласындағы компаниялар баламалы энергия көздерін өндіруге де басымдық беру керек»-деп  нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 220 рет